Семей ядролық сынақ полигоны жабылған күн еліміз үшін де, әлем халықтары үшін де ерекше маңызды тарихи оқиға саналады. Сол күні қазақ жері мен қазақ халқына орны толмас қайғы-қасірет әкелген ядролық сынақ жасау заңдық негізде тоқтатылды. Осыдан кейін ядролық державалардың полигондарында жарылыс үні естілмейтін болды.
Міне, бұл Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың әлемде қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз етуге бағытталған батыл қадамы еді. Бұдан 26 жыл бұрын бүкіл қазақстандықтардың ерік-жігері арқылы қабылданған тарихи акт – Президент Жарлығының орасан зор өркениеттік мәні бар.
Себебі, Қазақстан үшін бұл, шын мәнінде, егемендікке қарай жасалған шешуші қадам. Нақты мәліметтерге сүйенсек, еліміздің аумағында 500-ге жуық сынақ жасалыпты.
Бұл ядролық қару пайда болғаннан бері дүние жүзінде жүзеге асырылған барлық сынақтардың тең жартысы екен. Осы ядролық зұлмат полигон маңында тұратын 1,5 миллионнан астам отандастарымыздың тағдырын тәлкекке салып, ауру-сырқау етті, денсаулықтарынан айырды. Өмірден ерте кеткендер де аз емес.
Ядролық сынақтардың зардабы күні бүгінге дейін сезілуде. Қазақстан аумағында Жер шарының кез келген нүктесіне жететін 1200 ядролық оқтұмсығы бар 110-нан астам баллистикалық зымыран орналасқан еді.
Асырып айтқандық емес, еліміздің ядролық қаруды ұстап тұруға экономикалық әлеуеті де жететін. Сондай-ақ, әскери ядролық бағдарламаларды жүргізетін маман-кадрлар да, қажетті шикізат пен инфрақұрылым да бар болатын.
Қазақстандықтар өздерінің ерік-жігерін басқа мәселеде танытты. Нақтысында еліміз «ядролық клубқа» мүше болудан қағидатты түрде бас тартты. Кейіндеп, АҚШ және Ресеймен бірлесу арқылы оқтұмсықтар мен жарылғыштар залалсыздандырылды.
Ал 2006 жылдың қыркүйегінде Қазақстан өңірдегі өзге мемлекеттермен бірге Орталық Азияны ядросыз аймақ деп жариялаған Семей келісіміне қол қойды. Елбасының Жарлығымен Семей полигонының жабылуына байланысты ядролық қаруды таратпаудың және қарусыздандырудың жаһандық үдерісінің жаңа кезеңі басталды.
Осы тұста атап өтейік, 1991 жылдың 29 тамызына дейін ядролық қауіпсіздік саласында негізінен сынақ өткізуді шектеу шаралары ғана қолданылып келген еді. Қазақстан өзінің қалауы бойынша әлемде бірінші болып ядролық сынақтарға толық және мүлде тыйым салу актісін және соған байланысты «тажал қаруын» жетілдіруді тоқтатуды іске асырды.
Осыдан кейін БҰҰ-ның шешімімен ядролық сынақтарға тыйым салу туралы келісімге қол қойылды. Келісімге 180-нен астам мемлекет қосылған, олардың 160-қа жуығы аталған құжатты ратификациялады.
Ал «ядролық клубқа» мүше елдердің барлығы сынақтарға жарияланған мораторийді сақтап келеді. Елбасы Жарлығының орасан зор өркениеттілігінің маңыздылығы осында жатыр.
Бүгінде қазақстандық үлгі бойынша әлемде ядролық қарудан азат әлем құрудың тиімді моделі қалыптасуда келеді деп айтуға болады. Оған Қазақстан тәжірибесінің негіз қалағаны анық. Өйткені, еліміз сынақ полигонысыз-ақ, ядролық қарусыз-ақ өзінің іргесін бекітті, тәуелсіздігін нығайтты, халықаралық деңгейдегі беделін арттырды, жоғары әлеуметтік-экономикалық дамуға қол жеткізді.
«Ядролық клубқа» мүше мемлекеттердің кепілдігін алды. Оның үстіне, Қазақстан ядролық қауіпсіздік саласындағы барлық іргелі халықаралық шарттар мен келісімдердің қатысушысы болып табылады.
Сонымен қатар, қазақстандық модель еліміздің АҚШ-пен, Ресеймен және басқа да елдермен, сондай-ақ, халықаралық ұйымдармен кең ауқымдағы халықаралық ынтымақтастыққа арқа сүйейді.
Ертең Елбасының қатысуымен Төмен байытылған ядролық отын халықаралық банкі ашылуы жоспарланған. Мұндай банкті құру идеясы өткен ғасырдың екінші жартысында туындаған еді. Кейін бірқатар ел МАГАТЭ жанында Төмен байытылған ядролық отын банкін құруды ұсынды.
Ал 2010 жылдың қаңтарында Қазақстан банктің өз аумағында орналасуына әзір екенін және оның сақталуына қатысты тиісті міндеттемелерді алатынын жария етті. 2010-2015 жылдары аралығында осы мәселеге байланысты тараптар 22 келіссөз өткізді.
Жер шарын ядролық қауіп-қатерден азат етудің жолы жеңіл болмақ емес. Ол түбегейлі өзгерістерді, көпжақты жаңа саяси шешімдерді, халықаралық қатынастардағы жоғары сенімділікті талап етеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы халықаралық жиындардың бірінде сөйлеген сөзінде ядролық қарудың халықаралық террористер қолына түспеуін қадағалау қажеттігін атап өткен еді.
«ХХІ ғасырда адамзат дамудың жаһандық қауіпсіздіктің ажал құштырар сын-қатерлері тіпті де планетада жинақталған ядролық қарудың саны емес, оның бар болу фактісінің өзі болып табылатын нүктесіне жетіп отыр.
Оның халықаралық лаңкестер қолына түсу ықтималдығы әлденеше есе қауіптірек. Және бұл әлемнің барлық елдерінің таратпау үдерісіне жаппай қатысуы үшін айтарлықтай аргумент болып табылады», – деді Елбасы осы жөнінде.
Жалпы, Қазақстан қауіпсіздік салаларына бағытталған игі істердің белсенді қатысушысы. Еліміздің өзі де халықаралық қоғамдастық тарапынан қолдау тапқан бастамалардың авторы ретінде ерекшеленеді.
Мысалы, еліміздің бастамасымен БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 2015 жылдың желтоқсанында адамзат тарихында алғаш рет Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады.
Қазақстан, сондай-ақ, ядролық қаруға ие болуға және таратуға қарсы қатаң шаралар қолданудың нақты жұмыс істейтін механизмін қалыптастыруды, дау-жанжалдардың алдын алу үшін қазіргі бар институттарды реформалауды қажет деп санайды.
Еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметі халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға және басқа да іс-шараларға арналған. Оның ішінде өзіміз сөз етіп отырған өткір әрі өзекті мәселелер де бар. Фукусима АЭС-інде болған апат әлем жұртшылығына бейбіт атом нысандарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету технологиясының артта қалу проблемасын көрсетіп берді.
«Бұлардың бәрі ең әуелі себептер емес, салдарлар, – деген болатын Президент қауіпсіздікке байланысты. – Бұл проблемалардың көздері тереңде жатыр. Жаһандық ядролық қауіпсіздіктің ағымдағы ахуалына көп ретте өткен ғасырдан мұра болып қалған әлемдік саясаттағы кедергілер қатты әсер етуде. Бұл – топтық ойлау үдерісінің, елдер арасындағы қатынастарда сенім мен ашықтықтың жетіспеушілігінің, жекелеген мемлекеттердің жауапкершілігінің төмендігінің салқыны».
Жаңа ғасырды ядролық энергетикасыз елестету мүмкін емес. Мамандардың пікірінше, 2035 жылға қарай әлем экономикасының энергияны қажет етуі екі есеге артады екен.
Қазіргі кезде Жер шарында 2 миллиардқа жуық адам электр қуатын пайдаланудан шеттеп қалған. Ал біздің еліміз атом энергиясын бейбіт мақсатқа пайдалану жолында өміршең істерді қолға алып жатыр.
«Ядросыз әлем – ол адамзат ұмтылуға тиіс біздің ортақ мақсатымыз», – деп Елбасымыз атап өткендей, тек бірлесе қимылдағанда ғана төрткүл дүниені қауіпсіз етуге мүмкіндік туады.
Осындай мақсат үшін еліміз халықаралық «АТОМ» жобасын іске қосты. Ал ядросыз әлем – бір елдің, бір құрлықтың ғана емес, бүкіл дүние жүзі жұртшылығының болашағы, қауіпсіздігі және тыныштығы.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ
Дереккөз: Егемен Қазақстан
Просмотров материала: 4 075