Рухани жаңғыру. Соңғы төрт-бес айда құлаққа сіңісті осы ұғымның түп мақсатын танып, тереңіне бойлай алдық па? Бағдарлы мақаланың ұлы мұраты – Ұлт түзу, үйреншікті тіркеспен айтқанда, біртұтас ұлт жасау, біртұтас ұлт құру. Соны байыптадық па? Басқа емес, дәл осы мұрат – жиырма бес жылдық тәуелсіздіктің темірқазық нысаны еді.
Бүгінде өмір салтына айналған дәстүріміздің қайсысы озық, қайсысы тозық, қайсысы болашақта өзге жұртпен еңсе салыстырып, иық тірестіруге қабілетті ұлттың кәдесіне асады, қайсысы тобанаяқ қылып, артқа сүйрейді – соны парықтай алдық па? Біз, Қазақстан азаматтары, Жаңа ұлт әлем алдына қандай бет-бейнемен шығамыз?
Осы тұрғыдағы сауал да, сол ауыр күрделі сауалдың жауабы да – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында. Кез келген ел мен жер белгілі бір жағдайлар тоғысында мемлекет атана алады, бірақ кез келген мемлекет ұлтқа айнала бермейді. Бүтін ұлт болып түзілу үшін оны беркітетін жұлын-тұта болуы шарт. Сол жұлын-тұта – ұлттық идея. Егер ұлтты аса күрделі, нәзік ағза деп түйсінсек, ұлттық идея – соның жан жүйесі, бұзып-бөлшектеуге ырық бермес тірі жүйкесі.
Адам үшін, адам арқылы, адам күшімен
Әлі есімде, 1992 жылы мектептің жоғарғы сыныптарына көшкен кезімізде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде даму және қалыптасу стратегиясы» аталатын алғашқы стратегиялық бағдарламасын оқыдық. Енді бажайласам, сол жұқалтаң кітапшада межеленген мақсаттың көбіне жетіппіз.
Зерделей келе көңілге тоқыған тағы бір ой – рухани жаңғыру міндеті осы уақытқа дейінгі стратегиялық құжаттардың баршасын көктей өтіп, басын біріктіретін алтын арқау екен. Басқаша айтқанда, рухани жаңғыру – ширек ғасыр бойы мемлекет қалыптауды көздеген стратегиялардың ортақ түйіні. Әлбетте, жаңаша тұжырылған ой, соны ұғымды салған жерден санаға сіңіру – қиынның қиыны. Содан да болар, бір кезек абдырап қалған әлеумет осы тағдырлы құжатты терең түсінуден гөрі ұзын-сонар жиынға бой алдырып алғаны.
Содан да болар, алып мақсаттың нақ өзегіне түсуге тайсақтап, тәпсірші біраз қауым, ішінде өзіміз де бармыз, сыртынан тамашалап жүріп қалғанымыз. Біреу аңдады, біреу аңдамады, – Қазақстан халқы Ассамблеясының биылғы сессиясында рухани жаңғыру негіздерін Елбасының өзі «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетіндей» етіп ұғындырып берді. Мұның сыры Президенттің ұлттық идеяға деген берік көзқарасында. Осы идея, осы мұратты біз де солай түйсініп, солай терең қабылдауымыз керек-ті.
Сонда ғана саралай түсіндіруге өреміз кәміл жетпегенмен, ішкі құндылығын іргелейтініміз анық. Қазір бағдарлы мақаланың қолданбалы, тапсырмалы тармақтары жұртшылыққа сәтімен насихатталып жатыр. «Киелі жағырапия» бірден қолдау тапты. Жылдар бойы айтылып жүрген латын графикасына көшу – санадағы сағым идеядан уақыты, атқарылар жұмыс ауқымы айқын жоспарға айналды.
Кіндік қаның тамған топыраққа деген ыстық ықылас, алғаусыз көмек ойын өзек еткен «Туған жер» бағдарламасын жастардың құлшына қабылдауы көңіл көншітеді. «100 кітап», «100 жаңа есім» жобалары белсенділік туғызды. Қазақ мәдениетін шет жұртқа таныту міндетін де қапысыз түсінгендейміз. Әрине, мұның бәрі – игі іс, рухани жаңғыруды, қоғамдық сананы жаңғыртуды көздейтін өтімді құрал-тәсілдер. Дегенмен де, мақаладағы алыс ой, алып міндет – ұлттық идея түзу ісінің негізгі өзегі тек бұлар емес.
Бәсекелік қабілет. Прагматизм. Ұлттық бірегейлікті сақтау. Білімнің салтанат құруы. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы. Сананың ашықтығы. XXI ғасырдағы Ұлттық сананың ұстыны, жұлын-тұтасы – осылар. Елбасы мақаласының арқауы да – осы. Бұл – жүрдім-бардым «атқарылар іс-шара бағыттары» емес, біздің ел, біздің ұлттың жаны, жүрегі іспетті қасиеттер. Ортақ ұлттық қасиет-құндылықты жұртшылық санасына сіңіру «Адам үшін, адам арқылы, адам күшімен» принципі арқылы жүргізілмек ләзім.
Рухани жаңғыру – идея, ал, шынтуайттап келгенде, кез келген идея, қазіргі заман тұрғысынан қарастырсақ, – тауар. Тауар өтімді болу үшін маркетинг қағидаларын пайдалануға тура келеді. Символизм, ассоциациялық қабылдау сияқты психологиялық амал-тәсілдермен қатар testimonials тәрізді қарапайым жарнамалық формалар да кәдеге жаратылуға тиіс.
Яғни, қайткенде де халықтың шын ықыласпен қабылдап, күмәнсіз сенуі шарт. Онсыз сананың жаңғыруы сарқынды судай тұйықталып, идеяның өзі өміршең бола алмайды. Қоғамдық сананы жаңғырту туралы сөз қозғамас бұрын, сол идеяның қажеттілігіне ең әуелі сөз иесі өзіміз сенуіміз – басты талап. Өзіміз шын жүрегімізбен иланып, тұнық санамен саралай білсек қана Ұлттық идеяның жұлдызы жоғары. Қайталап айтуға тура келеді, бұл ретте күрделі философиялық стратегиялық толғам, талдаулармен бір келеде маркетинг-жарнамалық формалар қатар жүре береді. Тіпті кей орайда соңғысы ұтымдырақ шығып жатса, таң қалуға болмайды.
Ортақ тағдырлы ұлт
Елбасы ұсынған рухани жаңғыруды ұлттық идея деп танысақ, бұл идеяның тамыры тереңнен тартылғанын, қазақ жанының ең қастерлі иірімдерімен біте қайнасқанын аңдарымыз күмәнсіз. Жатырқай қарайтындай жат емес, ұлттық дүниетаным, көзқарастың, ұлттық образдық-семантикалық жүйенің төл өзегінен суыртпақтаған ойлар. Дербес Қазақ мемлекетінің ресми меже-шегі саналатын XV ғасырдың орта тұсына ойша оралсақ, тегі туыс, талайы бір, тілі-ділі, тіршілік салты ұқсас түркі тайпаларының жаңа атауға атығып, ортақ орда аясында ұйысқанын көрер едік. Басқаша айтқанда алып сахараға бірде сыйысып, бірде сыйыспай жүрген жүз сан ру-тайпа бір ғана нышан – «қазақтық» деген ұғым тұрғысында тұтасып, бірегейлене бастады.
Орайы келіп тұрғанда, айтар болсақ, «қазақтық» идеясының түп-төркіні – алыс-жақын деп алаламай, Қазақ елінің тағдырын өз тағдырына балап, бір шаңырақ астында ұйысуға ұмтылған қабилаларды сіңіріп ала беруді көздеген бауырмалдық ниетте, этникалық емес, менталдық принципте жатыр. Өзін қуатты сезінетін, тағдыр-талайына сенімі мол кез келген іргелі елге тән қасиет.
Шежіреде арагідік ұшырасып отыратын «қыздан туған, бауырына салған, асық жілік ұстаған» деп келетін көлденең анықтамалар – соның бір дәлелі. Және бұл ретте қандай да бір кемсітуге жол бермейтін «Бәріміз бір Қазақбайдың баласымыз, әр қазақтың бар қазақта алынбаған еншісі бар» деген үзілді-кесілді аксиома, құдіретті формула іске қосылатын болған. Аласапыран заманда адасып қалған осы бір асыл мінездің нышаны ортақ тағдырлы ұлт болуды көздейтін қазіргі Қазақстан халқынан қылаң беретіндей. Және сондай бір ұғым-таным қалыптауға қолайлы уақыт та енді туғандай.
Ұлттық идея, негізінен, бөлшек бүтінге тұтасып, жат жақынға ұласып, әр текті қауым тағдыры, тілегі бір елге айналар сындарлы тұста дүниеге келерін ескерсек, Астанадағы «Қазақ елі» монументінің асқақ мұраты танылар еді, Қазақстан Республикасы Конституциясының «Біз, ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекет құра отырып...» – деп басталатын мәлімдемесінің түпкі сыры жаңаша пайымдалар еді.
Бағзы түрік ұғымындағы Ел – бірегейлік, бүтіндіктің, бүгінгі тілмен тәптіштесек, идентификацияның ең биік сатысы. Мемлекет басшысы өз мақаласында қоғамдық сананы жаңғыртудың бірден-бір мұраты халықтың рухани қуатын қайрау деп нақтылай көрсетеді. Өткеннің ең арда тағылымын сүйеу етіп, төңірегімізді барлап, келешекке күн салып, адам санасын жарық етер ізгілік пен мейірімді ояту, және соны әр адамның өз қалауы, жан қалауына айналдыру қажет деп біледі. Сол себепті де қоғамдық сананы жаңғырту ісі ел өмірінің күллі саласын жаңарту, жаңғырту деп түсінген жан.
Және бұл міндеттің үдесіне шықпай тұрып, саяси, экономикалық жаңғыртуға сірә да қол жеткізе алмасымыз анық. Кез келген іргелі, болған-толған елдің тарихын бажайласақ, прогрестің, үдере алға ұмтылудың кілті – ұлттық идеяға деген сенім екенін аңдаймыз. Ұлттық идея ел азаматының дүниетаным, көзқарасына толайым айналған кезде, ел іргесі мызғымастай бекиді. Әлбетте, қайырымдылық, адалдық – барша адамзатқа хас ұғым. Қазақ жұртының да ғасырдан ғасырға ұзап, атадан балаға айнымай көшкен асыл қағида, кісілік кодексі барын ұмытпаған абзал. Сол кісілік кодексі төрт-ақ сөзден тұратын формуламен түйінделерін кезінде білікті этнограф ғалым Нұрсан Әлімбай жақсы таратып еді.
«Адал – арам – обал – сауап». Қарап отырсақ, көшпенді үшін көз ашқаннан көрге кіргенге дейінгі өміріндегі жақсы мен жаманды парықтауға темірқазық болған этикалық константа екен. Абай «бес асыл іс, бес дұшпан» категориясын түбірлеп берді: «Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой – Бес асыл іс, көнсеңіз». Бүгінде хат таныған қазақтың бәрі тақпақтайтын осы жолдардың, Абайдың өз сөзімен айтқанда, тереңіне «сүңгіп, түбін көздейтін» уақыт әлдеқашан жетті.
Қоғамның жегіқұртына айналған сыбайлас жемқорлық пен қылмыстық пиғылдың қарқынына қарап, өтіп те кеткендей көрінеді кейде. Біз өзімізге тән, өз тарихымыз, өз тұғырымызға сүйеніп, өз рухани тамырымыздан тартылатын моральдық – этикалық нормалар жасағын, жаңа Қазақстанның кісілік кодексін жасауға қауқарлы елміз. Бұл – біз үшін, болашақ ұрпақ үшін, әлем жұртшылығына Қазақстан тұрғындарын мәдениеті жоғары, парасат-пайымы орнықты, ілгерішіл қауым ретінде таныстыруға қажет шарт.
Бүгіндік те емес, мың күндік те емес
Рухани жаңғыру – ұлттық-мемлекеттік бірегейліктің, бүтіндіктің ұстыны саналуға тиісті, өткен мен бүгін, келешектің ажырамас ұласуын арқау етіп, аса ауыр тарихи жүк арқалаған тағдырлы мақала. Мемлекеттік мүдде платформасы. Бір күндік есеп, мың күндік мүдде емес, мәңгілік мұратты көздеген, қыл түбінде кері айналмас қоғамдық, экономикалық дамуға бастайтын идеологиялық бағдарлама. Оның жиын-кеңес өткізіп, есеп бере қоюға ыңғайлы кезекті жаңғырық емес, түбегейлеп жаңғыру екенін түйсіну – парыз.
Дәл осы жолдан өскен, өркендеген елдің бәрі өткен. Малайзиядағы Рукунегара идеологиясы, Қытайдың Келісімді даму концепциясы, Ататүріктің Түркияға нықтап берген Алты оғы, Индонезиядағы Панчашила жобасы... Соның бәрі мемлекетшіл ел азаматының өз қалауымен түзілген сапалы сана-сезімін қалыптауға арналған болатын. Осы арада Алты оқ жайында аз ғана сөз. «Алты оқ» дегеніміз – түрік қоғамының санасын түбегейлі жаңғыртуды нысаналап, озық елдер қатарына қосуды мақсат еткен жеті бағыт.
Ел конституциясына енгізілді. Заманында Ататүрік құрған Республикалық халықтық партия бүгін оппозицияда. Бірақ «Алты оқ» – бәз-баяғыша ұлттық идеологияның өзегі. Яғни, мемлекеттік мүдде қалайда саяси мүдделерден жоғары тұр.
Саясат кемесі қалай шайқалса да, әзелгі бағыт – жаңғырған қоғам құндылықтары өзгермейді. Өзгерсе, ауытқыса, ұлт тарих құрдымына кетпек. Елбасы ұсынған рухани жаңғыру платформасы да – сәттік саяси аңсардан қашанда жоғары тұратын, бұлжымас тұғыр деп қабылдануға лайық. Замандар алмасып, ұрпақтар жаңарып жатса да рухани жаңғыруда белгіленген бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы темірқазық міндетін атқара бермек.
Бүгін ескі тарихымызды түгендеп, жаңа тарихты жасап жатырмыз. Ұрпаққа аманат етер басты байлық – ұлт рухын қалыптап жатырмыз. Мың жарым жылдық бағзы жазуда бір ұғым-сөз бар-ды, «қазғанту» деген. «Қазғантым, қазғанмыш, қазғандық үшін, қазғанмаса, қазғанұрман» деген формада барлық дерлік ескерткіште ұшырасады. Елдің еңсесін биіктетіп, тік тұрғызу, ұлт жасау, ұлт түзу мағынасында екенін байыптау қиын емес. Орыс түркологтары «приобрести» деп қате түсініпті.
Қазақ аудармашылары «қаз тұрғызу» деп мағынасына жақын барыпты. Семантикалық-семиотикалық қалтарысты тінтсек, – отырықшы қауым үшін әлденені, мәселен, мемлекетті, жаңадан жасау, мықтап-мығымдау ұғымы «салу, құру» (строить, build) сөзімен түсіндірілсе, табиғатынан көшпенді түрік жұрты үшін дәл осы жаңадан жасау ұғымы ертеректе «көтеру, биіктету» сөздерімен төркіндес. Өзіміз сан-саққа жүгіртіп жүрген «қазақ» сөзінің этимологиялық төркіні де осы «қазғанту» жақта жатыр.
«Тәңірі жарылқағаны үшін түрік бүтін қазғанмыш еді» дейді мәңгі тас. Тағы бір тұста айтылады: «Үзе Тәңірі баспаса, астыда жер тілінбесе, Түрік бүтін, еліңді, төріңді кім таптайды?» – дейді. Елімізді, төрімізді жатқа таптатпайтын асыл қағидалардан айнымасақ игі!
Асқар ОМАРОВ
Дереккөз: Егемен Қазақстан
Просмотров материала: 2 338