Қазақстанның тұрғын үй нарығындағы ауқымды құрылыс жұмыстары шамамен 2005 жылдардан басталған еді. Әсіресе, елорданы салу барысында көптеген құрылыс компаниясы пайда болып, олардың әрбірі «үлкен торттан» өз үлесін алып қалуға тырысып жатты. Нарықтағы бос кеңістікті ұтымды пайдаланған пысықайлар қос-қостан компания ашып, тұрғын үй салуға білек сыбана кірісті. Алайда, не тәжірибесі, не қорында артық ақшасы, не құрылыс техникасы жоқ мұндай компаниялар ақыры үлескерлерді тақырға отырғызып, иелері шетел асып қашып кетті. Қаша алмағандары қамалып жатты.
Осылайша соңғы 15 жылда Қазақстанда «алданған үлескерлер» деген үлкен «әлеуметтік» топ пайда болды. «Дольщиктер» билік үшін айтарлықтай басауруға айналды: олар жиі митинг ұйымдастырып, аштық жариялап, тіпті суицид жасағандары да кездесіп жатты. Ақыры билік проблемалық үйлердің тізімін жасап, әліге дейін сол үлескерлердің мәселесін шешіп берумен айналысып келеді.
Бұл аталған проблемалар негізінен Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында екені белгілі, өйткені соңғы 15 жылда салынған үйлердің дені осы екі мегаполисте. Қазір қос қалада да сақалды құрылысқа айналған үйлер саны айтарлықтай азайды.
Билік проблеманы шешіп жатса мұны неге айтып отыр деген ой қалар... Айтуымызға себеп бар, соңғы бірер жылда елімізде, әсіресе астанада құрылыс компанияларының саны күрт артты. Құрылыс материалдары мен жұмыс күшінің қымбаттағанына қарамастан, арзан бағада үй ұсынатын компаниялар сол екі мыңыншы жылдардың басындағы жағдайды еске түсіреді. Бұл не деген батпан құйрық?
Құрылыс компанияларының күрт көбеюі – үйге деген сұраныстың артуынан деп сеніммен айта аламыз. Қазақстанда баспана бағасы жылдан жылға шарықтап қымбаттап жатса да, оған сұраныс ірі қалаларда еш бәсеңдеген емес. Мемлекет те, жеке инвесторлар да соңғы 2-3 жылда тұрғын үй нарығына ірі көлемде инвестиция құйып келеді. Тек 2021 жылдың 10 айында тұрғын үй құрылысына 1,9 трлн теңгеден астам инвестиция тартылыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24,4% артық. Сондай-ақ, биыл 11,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда 7,9% жоғары.
Яғни, осындай ірі көлемдегі инвестиция мен ауқымды жұмыстар пайда болғанда, одан «өз үлесін» алып қалғысы келетіндердің де қатары артатыны түсінікті. Мәселен, жыл басталғалы Қазақстандағы құрылыс компанияларының саны бірден 50,8%-ға немесе 2,3 мыңға артып, қазан айының соңында олардың саны 6,7 мыңға жетті. Енді бұл компаниялардың қайсысы сапалы үй салып, клиентіне уақытылы кілтін табыстай алады – ол жағы нақты белгісіз.
Ұлттық банк зерттеуіне сүйенсек, 2021 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстан нарығындағы құрылыс компанияларының тек 20%-ында ғана жағдай тұрақты болған. 36,2%-ның ахуалы ауыр деп бағаланыпты.
Тұрғын үй салумен айналысатын компаниялардың дені елордада шоғырланған. Karter порталының мәліметінше, астанада 87 құрылыс компаниясы жұмыс істейді екен, оның көпшілігінде тек бір-екі нысаны ғана сатылымда. Жалпы, осы 87 компанияның 64-інде (74%) сатылымдағы нысандар саны үшеуден аспайды. Ал нарықта жеті және одан да көп тұрғын үйі бар құрылыс компанияларының саны небәрі жетеу ғана.
Қала әкімдігі үлескерлерді кезекті рет алданып қалмауға шақырып, ешқандай тарихы жоқ, тәжірибесі жоқ компаниялардан үй аларда жеті рет өлшеп бір кесуге кеңес беріп келеді. Тіпті, проблемалы компаниялар мен үйлердің тізімін жариялап, олардан баспана алмау қажеттігін айтуындай-ақ айтып отыр, естір құлақ болса...
«Миллион теңгелеп жеңілдік жасайтындардан сақ болыңыз!»
Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков та біздің көтеріп отырған осы мәселеміздің орынды екенін айтып отыр. Оның пікірінше, алдағы аз уақытта Қазақстанда үлескерлер проблемасы тағы да шиеленісуі мүмкін.
«Пәтерді сату құқығы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы Заң бойынша реттеледі. Құрылыс салушылар осы заңды басшылыққа алуға міндетті. Заңды айналып өтіп жасалған бастапқы жылжымайтын мүлікті сатып алу бойынша кез келген мәміле автоматты түрде жарамсыз деп танылады. Қазір бұл заңды белшеден басқан құрылыс компаниялары бар. Нұр-Сұлтанда олардың 70%-дан астамы тіркелген», - дейді Виктор Микрюков.
Оның айтуынша, қазір мұндай шағын құрылыс компаниялары да «пирамида жүйесімен» жұмыс істейтін болған. Мәселен, компания бір үйдің құрылысын салып бастайды – үлескерлердің ақшасын жинап алады – құрылысты аяқтауға ақшасы жетпегендіктен екінші тұрғын үйдің құрылысын бастап, оның үлескерлерінен ақша жинайды да, сол ақшаға бірінші үйді бітіреді – ал екінші үйді бітіру үшін үшінші және төртінші үйдің құрылысын қатар бастайды (үлескерлерінен ақша жинайды). Дәл осылай кете береді де, ақыры тығырыққа тіреледі, салдарынан жүздеген, кейде мыңдаған адам үйсіз, ақшасыз далада қалады.
«Әдетте күмәнді құрылыс команиясына құрылысты жалғастыруға рұқсат жоқ. Бірінші кезекте осыған назар аудару керек. Егер әкімдік үй салу құжатын бермесе және Қазақстандық тұрғын үй компаниясының кепілдігі болмаса, мұндай пәтерді сатып алудан бас тартқан дұрыс. Құрылыс салушылардың қара тізімі әдетте ашық көздерде, қала әкімшілігінің сайтында жарияланады. Ақша үнемдеймін деп, осындай компаниялардың тұзағына түсіп қалмау керек», ˗ дейді Виктор Микрюков.
Егер пәтердің бір шаршы метр үшін баға - 230-250 мың теңге болатын болса, бұған күмәнмен қарау керек. Сосын бұл тұрғын үйді салып отырған компанияның басқа қандай нысандарды қатар салып жатқанына назар аудару маңызды.
«Ондай нысандар бірнешеу болса және көпшілігінде құжаттары дұрыс болмаса, рұқсат берілмеген болса, онда бұл пирамида схемасы бойынша жұмыс істеп отырған компания деп есептей берсеңіз болады. Құрылыс салушыны таңдағанда оның беделіне назар аудару керек. Жылжымайтын мүлік нарығында ұзақ уақыт жұмыс істейтін және тәжірибесі бар компаниялар бұл тұрғыда сенімді. Сонымен қатар, пәтер сатып алушы компанияның бұған дейін салынған дайын нысанға келіп, тұрғындармен сөйлесе алады. Бұл таңдау жасауда сатып алушының күмәнін сейілтуге я болмаса, кейбір мәселелерге көз жеткізуге жақсы мүмкіндік», ˗ дейді Виктор Микрюков.
Жылжымайтын мүлікті сатып алушыларды алдаудың тағы бір танымал схемасы – құрылыс компаниясы пәтер құнынан бірнеше миллион теңгеге жеңілдік ұсынады. Сөйтіп, бағасы әлдеқайда төмен келісімшартқа қол қоюды сұрайды. Осылайша, құрылыс компаниясы салықтан жалтарады.
Бұған қоса, бірыңғай тұрғын үй операторы Қазақстандық тұрғын үй компаниясы кепілдік беретін құрылыс компанияларына сенім артуға болады. Олар өз кезегінде әзірлеушінің сенімділігін және оның рұқсат құжатының болуын тексереді. Кепілдік туралы ақпаратты ашық дереккөздерден табуға болады.
Тағы бір маңызды фактор – тұрғын үй кешенінің құрылысы жүргізіліп жатқан жер учаскесі салушының меншігінде ме немесе жалға алынған ба, соны анықтау керек. Екінші жағдайда, компанияда жер учаскесін жалдау шарты болуы міндет. Адал құрылыс салушының жасыратын ештеңесі жоқ, сондықтан кез келген сатып алушы құрылысқа қатысатын компанияның лицензиясы, жер актісі, жобалау-сметалық құжаттама, мемлекеттік тіркеу туралы анықтамасы сияқты құжаттарды сұрауға құқылы.
«Алдымен құрылыс салатын компанияның беделін зерттеу, оның рейтингін білу және интернеттегі пікірлерді оқу аса маңызды. Дегенмен, кейбір түсініктеме объективті емес немесе бәсекелестердің «қулығы» болуы мүмкін екенін есте ұстаған жөн. Дұрысы, әзірлеушінің портфолиосында құрылыс компаниясына қатысты маңызды ақпараттардың бәрі бар. Соған назар аудару керек. Оның ішінде тұрғын үй құрылысының қашан аяқталғаны және салынып жатқан нысандар жайында және жұмыс географиясы көрсетілген», - дейді тұрғын үй сарапшылары.
Құрылыс салушы компания жайында толық ақпарат білмеу кейін үлескерлерді қордаланған мәселеге алып кетуі мүмкін. Мысалы, осы жылдың тоғыз айында сотқа дейінгі тергеу кезінде сапасыз құрылыс жүргізу бойынша – 5, сараптамалық немесе инжинирингтік жұмысты орындамау бойынша – 6, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында ережелерді немесе нормативтердің талаптарын бұзу бойынша – 3, тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу бойынша 30 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді.
Айта кетерлігі, проблемалық объектілерді салушылар тізімінде: «BS Company» ЖШС, «White Gold Development» ЖШС, «General Capital Company» ЖШС, «Dicoldi Partners» ЖШС, «Асыл тас инвест construction» ЖШС, «International invest Company IIC» ЖШС, «Transcapital» ЖШС, «Проектная компания Астана Девелопмент» ЖШС және басқалары бар.
Биыл Нұр-Сұлтан қаласында құрылыс нысандарын аяқтау бойынша мерзімін созып жүрген 57 құрылыс компаниясы өз жұмысын бітіруді жоспарлап отыр. Елордада 7 мың үлескердің мәселесі шешіледі деп күтілуде. Осы ретте, елорда тұрғындары үшін «Шығыс», «Куршавель», «Территория комфорта» тұрғын үй кешендері проблемалы деп танылды.
Алаяқтардың құрбанына айналмас үшін құрылыс салушының сенімділігіне көз жеткізіп барып қаражат салу керек.
Дереккөз: AzattyqRuhy.kz.
Просмотров материала: 703