Жабық есіктер немесе Қарағандыдағы әлеуметтік қызмет орталығында балаларға не болды
Қарағанды трагедиясы бойынша брифингтерде шенеуніктер ақпарат құралдарына бәрін ашық айтып жатқандай көрінген-ді. Алайда олар балалар уланған әлеуметтік орталықтың мөрленгені, ал ондағы 10-ға жуық дәрігер жұмыстан шеттетілгені жайлы жақ ашқан жоқ. Ulysmedia.kz дереккөзінің мәліметінше, бәрі Бас прокуратура бақылауында, қызметкерлерден де прокурорлар жауап алып жатыр.
Орталықтың штаттық кестесінде 300-ден астам адам бар, олардың барлығының жалақысы жаман емес, бірақ кадрлардың қызметке қалай қабылданғаны — зерттелуі тиіс мәселе. Сондай-ақ, зардап шеккен ұлдардың барлығы бір блокта өмір сүргені белгілі болды. Олардың алтауының өте ауыр күйде болуының, тіпті өкпелерінің ісінуіне не себеп болғаны әлі белгісіз.
Дәрігерлер арнайы қызмет көрсету орталығында балаларға не болғандығы туралы ақпаратты анықтап, мөлшерлеп беріп жатқанда, Қарағандыда кеншілер астанасын ғана емес, бүкіл елді дүр сілкіндірген жаңалықты талқыланып жатыр — бір бала қайтыс болды, алтауы жансақтау бөлімінде. Бастапқы нұсқаны Денсаулық сақтау министрі жоққа шығарды және баланың өліміне «тыныс алу және жүрек жеткіліксіздігі «себеп болды деп мәлімдеді.
Ulysmedia.kz нейропсихиатриялық аурулары бар балалар ем қабылдайтын жабық мекемеде не болғанын анықтауға тырысып көрді.
Жабық есіктердің арғы жағында
Қарағандылық журналистер 15 жыл бұрын прокуратура осы мекеменің жұмысынан елеулі бұзушылықтар тапқанын еске алды, ол кезде орталық «психохроник балаларға арналған интернат» деп аталған.
Сол уақытта тексерулер барысында БАҚ өкілдері жабық мекемеге жіберілген еді.
– Бұл өте ауыр жер, – деп еске алды журналист Айнұр Балакешова.
Instagram/pmsu_deti
– 15 жыл бұрын мені балаларды түсіру үшін ішке кіргізді. Онда психикасы бұзылған балалар болды. Олар өте күшті еді. Жалаңаш қолдарымен еденнің шегелерін, терезелердегі тұтқаларды жұлып алатын. Олардың орындықтары темірден жасалған және еденге шегеленген. Бізді екі мейіргер қорғады. Олар бізге дамуында кідірісі бар балалар зиян тигізбеуі үшін қатаң түрде олардың артынан жүріп отыруды өтінді.
Сол пресс-турдың басқа қатысушылары бұл интернаттағы балалар кәмелетке толғанға дейін ұсталғанын, содан кейін психохрониктерге арналған Тихонов интернатына ауыстырылғанын еске алды.
– Орталықта бір бала қолымнан мықтап шап беріп, жібермей қойжы. Мен қорқыныштан есімнен танып қалдым. Ол арбаға таңылған юала еді, мен одан мұндай күшті күткен жоқпын», — деп тағы бір журналист естеліктерімен бөлісті.
Жаппай улану
Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-де балалардың жаппай улануы туралы ақпарат облыстық әкімдіктің сайтында жарияланды. Қысқа жазбада 2023 жылдың 30 шілдесінде мекеменің екі тәрбиеленушісі өздерін нашар сезінгені туралы айтылды: олар құсып, іштері өткен. Келесі күні тағы 10 бала осыған ұқсас белгілермен ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, бір баланы құтқару мүмкін болмады.
«Бүгінгі таңда алты бала реанимацияда, қалғандары дәрігерлердің бақылауында», — делінген хабарламада.
Жергілікті журналистер пациенттердің жағдайы туралы түсініктеме алу үшін облыстық клиникалық аурухананың инфекциялық орталығына жүгінді. Дәрігерлер орталықта 9 пациент бар екенін айтты. Олардың төртеуі ауыр жағдайда реанимация бөлімінде жатыр. Барлығы механикалық желдету аппаратына қоыслған.
— Балалардың жағдайы өте ауыр. Қазіргі уақытта олар барлық қажетті қарқынды терапияны алып жатыр. Біз зерттеуге сұйықтықтарды алдық. Зерттеу нәтижесі балалардың неден уланғанын көрсетеді, — деді орталық басшысы Ержан Жүнісов.
Денсаулық сақтау министрі не деді
Сол күні Қарағандыға Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният және Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова келді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте олар арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан 13 жасар баланың өліміне тыныс алу және жүрек жеткіліксіздігі себеп болғанын айтты. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, ішек инфекцияларына жүргізілген сынақтар теріс нәтиже көрсеткен.
— Балалар «тамақтан улану» диагнозымен түскен, алайда бұл дәлелденген жоқ, — деді Ажар Ғиният.
– Температуралары көтеріліп, құсқан және іштері ауырған. Қазіргі уақытта алты бала реанимация бөлімінде ауыр жағдайда. Олардың екеуі өте ауыр жағдайда. Емдеу барысында басқалардың жағдайы жақсарды. Бұл балалар қанағаттанарлық жағдайда деп айтуға болады. Тағы бесеуі бақылауда, оларды ертең орталыққа ауыстыру жоспарлануда.
Министр сонымен қатар 1 тамызда іштің ауыруы туралы тағы екі бала шағымданғанын, олар да ауруханада бақылауға алынғанын хабарлады.
— Аурудың ауырлығы айқын интоксикация мен тыныс алу жеткіліксіздігіне байланысты. Балалардың мұндай ауыр жағдайға түсуіне не себеп болғанын дәрігерлер анықтайды, сынақтарды күту керек. Ішек инфекцияларының алғашқы сынақтары теріс нәтиже береді. Ауру белгілері бойынша дәрігерлер терапияны жүргізеді. Балалар қатаң бақылауда болады. Республика деңгейінде барлық қажетті көмек ұйымдастырылатын болады.
Ажар Ғиният зардап шеккендердің арасында тек ұлдар болғанын жасырмады. Бұл фактіні ол былай түсіндірді:
— Бұл мекемеде топтар бөлек. Орталықта алты топ бар. Бұл топта тек ұлдар болған. Жалпы, мекемеде пациенттердің 60%-дан астамы – ұлдар.
Бірақ министр уланудың нақты себебін айта алмады.
«Себеп анықталуда», – деді ол. – Балалардың барлық биологиялық материалдары, оның ішінде қайтыс болған баланың материалдары медициналық сараптамаға берілді.
Барлығы тексеріледі…
Қарағанды облысының әкімдігі балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарайтынын мәлім етті. Онда 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі психоневрологиялық аурулары бар мүгедек балалар тұрақты негізде тұрады – 202 балаға қызмет көрсетіледі: 160 бала – стационар жағдайында тұрады, 42-сі жартылай стационар жағдайында күндізгі бөлімшеде ем алады.
Кейінірек Бас прокуратура осы факті бойынша мәлімдеме жасады. Қадағалау органының ресми релизінде «балалардың тамақтан улану фактісі бойынша «Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ Қылмыстық кодекстің 304-бабының 2-бөлігі (ауыр зардаптарға әкеп соқтырған санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды» делінген.
Қылмыстық іс Қарағанды облысы прокуратурасының арнайы прокурорларының іс жүргізуіне қабылданды.
— Құқық қорғау және арнайы органдардың тәжірибелі қызметкерлері қатарынан ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу аясында жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға беріледі, – делінген баспасөз хабарламасында.
Қадағалау органының мәліметінше, елімізде балаларға, оның ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға, сондай-ақ мүгедек балаларға арнаулы медициналық-әлеуметтік қызметтер көрсететін 84 мекеме жұмыс істейді.
Бас прокуратура уәкілетті мемлекеттік органдар мен аумақтық прокурорларға аталған мекемелерге кешенді тексерулер ұйымдастыруды тапсырды.
Бұл жолы психохроник балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына баспасөз өкілдері кіргізіле ме, кіргізілмей ме – белгісіз. Ulysmedia.kz редакциясы ведомстволар осы емдеу мекемесінің жабық есігін ашады деген үмітте.