ГлавноеОбразование

Бүгін елімізде Мұғалімдер күні аталып өтеді

Бүгін, яғни 5 қазанда еліміз бойынша Мұғалімдер күні аталып өтеді. Ұстздардың төл мерекесіне орай ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өз құттықтауын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Биыл алғаш рет педагогтердің кәсіби мерекесі – Мұғалімдер күні 5 қазанға бекітілді. Бұл мереке ең асыл, жауапты әрі маңызды мамандық иелерін біріктіре түсері сөзсіз. Бүгінгі таңда еліміздегі мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру саласында 500 мыңға жуық педагог жұмыс істейді. Мемлекет басшысының қолдауымен 2019 жылы маңызды мәселелердің бірі – педагог мамандығына ерекше мәртебе беру туралы шешім қабылданды», — делі Ғани Бейсембаев.

Сала басшысының айтуынша, төрт жыл ішінде педагогтердің еңбекақысы екі есе өсті. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы тағы 25 пайызға көтерілді. Бүгінде 220 мыңдай мұғалімге тағайындалған санаттарына қарай 50 пайызға дейін үстемақы төленіп отыр. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап мектепке дейінгі ұйымдарда еңбек ететін 97 мың педагогтің жалақысы тағы 30 пайызға өсті. Сонымен қатар биыл алғаш рет 90 мыңнан астам педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті.

«Мұғалімдерді аттестаттау процесі жетілдірілуде. Біз білім беру жүйесінің үздіксіз дамуы үшін барынша жағдай жасауымыз керек. Әрбір ұстаздың еңбегі шәкірттерінің жетістігімен бағалануы керек деп есептейміз. Бұл үшін мұғалімдерді ұлттық платформа негізінде аттестаттауды автоматтандыру жұмыстары жүргізілуде. Ол — объективті және ашық болуы тиіс. Педагогика және оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталды. Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі тек модератор мен сарапшыға ауысқанда кезде ғана өз пәні бойынша бағаланатын болады», — деп атап өтті Ғ. Бейсембаев.

Министр еліміздің үздік мұғалімдері «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» республикалық кадр резервіне қабылдана алатынына тоқталды. Ал ең мықтылары «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдік тағылымдамадан өтуге жіберіледі.

«Хәкім Абайша айтқанда, «Ұстаздық еткен жалықпас!». Сондықтан біз қазіргі мұғалім имиджін, халық дәріптейтін «ұстаздың орны – төр» бейнесіне дейін қайта көтеріп, жаңғыртуға міндеттіміз. Осы мақсатта министрлік білім саласында 30 және одан да көп жыл еңбек еткен мұғалімдерді «Еңбек ардагері» медалімен марапаттау туралы шешім қабылдады. Алғаш рет Республикалық педагогика қызметкерлердің ардагерлер Кеңесі құрылды. Бұндай Кеңестер еліміздің әр аймағында құрылады. Осы жасалған шаралар сіздердің еңбектеріңізге, кәсіби шыңдалуларыңызға қолайлы жағдай туғызып, балаларымыздың білім сапасын арттыруына себеп болатына бек сенімдімін», — деді ол.

Другие новости

Back to top button