Госорганы

«Бақытты отбасы»: енді алматылықтарға берілетін қарыз сомасына шектеу қойылмайды

Аталған бағдарламада отбасы табысына шектеу қойылмайтын болды

Бұдан былай «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша кезекте тұрған алматылықтар 15 миллион теңгеге үй алу керек деген шектеу алынып тасталынды. Бұл туралы «Отбасы банкінің» АҚ филиалының директоры Данагүл Түсіпова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы қатысушыларды несиенің максималды сомасымен шектемейтін болады. Осыған дейін аймаққа байланысты ол 10 миллионнан 15 миллион теңгеге дейін ғана болатын. Енді несие сомасы пәтер құнына негізделетін болады және тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің бағасы бойынша қалыптасады», — деді «Отбасы банкі» АҚ Алматы қаласы бойынша филиал басшысы Данагүл Түсіпова.

Қабылданған тұжырымдамаға сәйкес таза әрлеудегі тұрғын үйдің 1 ш/м үшін келесідей баға параметрлері:

— Астана, Алматы қалаларында және олардың маңайындағы аудандарда 290 мың теңгеге дейін;

— Атырау және Маңғыстау облыстарында 240 мың теңгеге дейін;

— Шымкент қаласында, Қостанай, Түркістан, Қарағанды ​​және Ұлытау облыстарында 220 мың теңгеге дейін;

— Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Абай облыстарында 200 мың теңгеге дейін;

— Ақтөбе, Ақмола, Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл және Жетісу облыстарында 180 мың теңгеге дейін белгіленген.

Әлеуметтік тұрғын үй 3-4 жайлылық класына сәйкес келетін және пәтердің ең үлкен ауданы 80 шаршы метрден аспайтын болады.

Жылжымайтын мүлікті қарыз алушы тұрғын үй кезегінде тұрған аймақтан сатып алуы тиіс.

Бұдан былай «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жергілікті әкімдіктер арқылы салынған әлеуметтік несиелік тұрғын үйлерді ғана сатып ала алады.

«Бақытты отбасы» бағдарламасында табысқа шектеу қойылмайды. Бұған дейін отбасы мүшелерінің соңғы алты айдағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен, яғни 115 905 теңгеден аспауы керек деген талап бар болатын. Мысалы, көпбалалы отбасы отағасының жалақысы белгіленген нормадан 200 теңгеге асып кетсе, бұл отбасы қолжетімді несиеге қол жеткізе алмайтын”, — деп түсіндірді Данагүл Түсіпова.

Енді «Бақытты отбасы» бағдарламасына көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылармен қатар, «жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар», сондай-ақ «I және II топтағы мүгедектер» санаттары бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған қазақстандықтар қатыса алады. Жаңа қосылған санаттар бойынша «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысушылар өз өтінішін жаңа байқау жарияланған уақытта жолдай алады.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша пайыздық мөлшерлеме өзгеріссіз, жылдық 2% мөлшерінде қалады, ең төменгі бастапқы жарна – 10%. Несиенің максималды мерзімі – 20 жылға дейін. Несие алу үшін бағдарламаға қатысушылар төлем қабілеттілігін растауы қажет.

 

Другие новости

Back to top button