Атырауская область

Атырау облысында мұнайға ұқсас сұйықтық төгілген жер табылды

Атырау облысында мұнайға ұқсас сұйықтық төгілген жер табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы WhatsApp мессенджері мен әлеуметтік желіде видео тарады.

Видео авторының айтуынша, Махамбет ауданында мұнайға ұқсас сұйықтық төгілген жер табылған.

«Атырау облысының бас экологына, экология жанашырларына құлаққағыс. Махамбет ауданындағы Сары, Өскенбай деген жердің маңында мұнай өздігінен шығып жатыр. Бұдан малымызға қауіп төнеді. Бұған малымыз құласа, өледі. Далаға үлкен көлемде мұнай төгіліп жатыр. Шара қолданыңыздар», -дейді видео авторы.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев ҚазАқпарат тілшісіне мәлім еткендей, төгілген сұйықтық жайында облыстық табиғи ресурстар басқармасы мен экология департаментіне хабар берілген.

Бір топ мамандар шопан көрсеткен жерге аттанды. Олар далаға не төгілгенін анықтау үшін сынама алады.

Мамандардың сапарының қорытындысы туралы ақпарат кейінірек жарияланады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында лас судан көл жасаған кәсіпорынға 10 млн теңге айыппұл салынғанын хабарлаған болатынбыз.

Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметовтің мәліметінше, арнайы экономикалық аймақта орналасқан кәсіпорын лас суды далаға төгіп, соның салдарынан жасанды көл түзілген.

«Әлеуметтік желіде аталған серіктестіктің жер астына көмілген құбырдан құрамы белгісіз лас суды жер бетіне рұқсатсыз төккені туралы бейнежазбалар жарияланған. Осылайша, «Karabatan Utility Solutions» ЖШС тарапынан экологиялық заңнама талабы бұзылған. Осыған байланысты департамент қызметкерлері жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Тексеру қорытындысымен көрсетілген деректер расталды. Қазір серіктестікке қатысты заң бұзушылық фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы туралы кодексі 328-бабының 1-тармағымен қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтерін асырғаны үшін әкімшілік жазаға тартылып, 10 млн 448 мың теңге айыппұл салынды», — деп хабарлады Әлібек Бекмұхаметов.

 

Другие новости

Back to top button