Актюбинская область

Ақтөбеде арнайы мектеп-интернатта балаларды ұрып-соққан қызметкерлер жазаланды

Мекемеде психикалық ауытқуы бар, басқа да түрлі дертке шалдыққан 45 бала бар

Ақтөбеде арнайы мектеп-интернат қызметкерлері жазаланды. Балаларды ұрып-соқты деп айыпталғандарға сот үкім кесті, деп хабарлайды«Астана» телеарнасы.

Қорғансыз жандарға зәбір көрсетті деген қызметкердің бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Балаларды ұрып-соқты деп айыпталған 40 жастағы медбике мен 19 жастағы санитар жігіт жұмыстан аластатылған.

«Сот Сағитжанов пен Жұмабаеваның өз кінәсін толық мойындағанын, шын жүректен өкінгенін, алғаш рет қылмыс жасағандарын және жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмағанын ескеріп, Сағитжановқа 4,5 жыл, Жұмабаеваға 4 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады», — деді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Гүлжанар Отарбаева.

Еске сала кетсек, мемлекеттік мекемеде келеңсіздік мамыр айында болған. Бас прокуратуға «Үміт» сәбилер үйінің басшысы Айгүл Бижанова шағымданған болатын. Көршілес мекеменің қызметкерлері интернат балаларына зәбір көрсетіп жатқанын өз көзімен көрген. Қазіргі таңда бұл мекемеде психикалық ауытқуы бар, басқа да түрлі дертке шалдыққан 45 бала бар. Оларға алпысқа жуық адам қызмет етеді.

«Мен балаларды ұрып-соққанын көрдім. Бұл әрекеттер күн сайын қайталанып отырды. Балаларға зәбір көрсететін тек бір қызметкер ғана емес. Қызметкерлер балалардың керуетіне жатып алады. Сосын мен осылай шу көтердім. Бас прокуратураға бейне жазбаларды жібердім», — дейді сәбилер үйінің бас дәрігері Айгүл Бижанова.

 

Другие новости

Back to top button