Алматы

Алматыда QI Trade Kazakhstan компаниясына 100 миллиондап құйып сан соғып қалғандар бас көтерді

Салымшылар күдікті ұйым басшыларының тезірек ұсталып заң жүзінде жазаға тартылуын талап етіп отыр

Байымақ болып барынан айырылған. Алматыда QI Trade Kazakhstan компаниясына 100 миллиондап құйып сан соғып қалғандар полиция департаментінің алдына жиналды. Олар қаржы пирамидасының басшылары үш мың адамның 15 миллиардтан астам ақшасын қалтасына басып шетелге қашып кеткен.

Оңай олжа табамын деп опық жеген салымшылар Алматының полиция департаментінің алдына келді. Әрқайсысы QI Trade Kazakhstan-ға қомақты қаражат құйып, ай сайын дивиденд алып отырмақшы болған. Түсетін пайда да компанияға салған ақшаға байланысты деп сендірген екен. Яғни қаншалықты көп құйсың, соншалықты сыйақы да көп болады. Осылайша аңғал халық осы уақытқа дейін тапқан-таянғанын күмәнді ұйымға салыпты.

«188 миллион салдым, балам. Компанияға сеніп қалдым. Бір танысым апарған. Оның алдында №34 автобуста, метрода жарнама жүрді. Оны да көрдім. Кейін танысым сол компанияға ақша салып жатқаныма екі жыл болды деді. Соған сеніп бардым. Директорға кірсем: «Апай, банкте ақша ұстамаңыз, ол – харам» деді. Кабинетінде үлкен Құран кітап тұр. «Мен анамды екі рет қажылыққа апарып келдім, намаз оқимын, Құдайдан қорқамын» деді», — дейді сан соғып қалған Фәтима Низамова.

Айтуларына қарағанда, осыдан екі жыл бұрын компания жабылып, екі басшысы үш мыңға жуық салымшының 15 миллиардтан астам теңгесімен шетелге қашып кеткен. Енді жұрт қарапайым халықты алдап қалтасын қампайтқандарды сол уақыттан бері іздеп таба алмай жүрген полицейлерге қапалы.

Ал полицейлер жеті сезіктіні жер-көктен іздеп жатқанын жеткізді. Қаржы пирамидасына қатысы барларлардың әрқайсысы әр түрлі мемлекетте бой тасалап жүр екен.

«Алматы қаласы полиция департаментінің өндірісінде тек іздестіру ісі бар. Іздестіру ісіне сәйкес 7 сезіктіні ұстауға және оларды құрықтауға бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылуда. Біздің полиция департаментінің оперативті қызметкерлерімен барлық арнайы іздестіру шарасы жүргізіліп жатыр. Сезіктілер міндетті түрде ұсталып, жауапқа тартылады», — деді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Салымшылар күдікті ұйым басшыларының тезірек ұсталып заң жүзінде жазаға тартылуын талап етіп отыр. Әрі компанияға құйған қаражат толық қайтарылса екен дейді.

Другие новости

Back to top button