Алматы

Алматыда 250 өрт сөндіруші жетіспейді: айына 3-4 қызметкер жұмыстан кетіп жатыр

Өрт сөндірушілердің айлығы 113-117 мың теңге аралығында

Әскери билетсіз, арнайы тестілеусіз жұмысқа қабылдауға дайынбыз деген Алматыдағы төтенше жағдайлар департаментінің  өкілдері, 11 қыркүйекке кейін қызметке келуге ниетті ер азаматтарға жеңілдік жасалатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қойылатын басты талап — дәрігерлік комиссиядан өтсе және бойы 165 см-ден кем болмауы керек.

«Азаматтық қорғау органдарының қатардағы және кіші басшы құрамының лауазымдарына бастапқы кәсіптік даярлыққа түсетін азаматтар, заңнаманы білуге арналған тестілеуді және жеке қасиеттерін бағалауды тапсырудан босатылады. Қатардағы және кіші басшы құрамның, атап айтқанда өрт сөндірушілер мен жүргізушілердің 250 ден астам бос лауазымдары бар. Біздің қызметімізге жасы 18-ден кіші емес және жасы 35-тен үлкен емес, орта білімі бар, яғни нәсіліне, ұлтына, шығу тегіне және тұрғылықты жеріне қарамастан орта мектепті бітірген ҚР азаматтары қызметке орналаса алады. Сондай-ақ, кәсіпкерлік қызметпен айналыспайтын және қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған болуы міндетті»,- деді Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Айдар Скабаев.

Төтеншеліктердің пәтер жалдап тұру ақысы әзірге мемлекет тарапынан төленбейді. Бұл мәселе қазір министрлікте пысықталып жатыр екен. Ал өрт сөндіру бөлімшелерінен ай сайын 3-4 қызметкердің жұмыстан кететінін департамент тарапы растады.

Мамандардың жұмыста тұрақты істемеуін Алматыдағы №2 мамандандырылған өрт сөндірушісі Рұстем Тұңғатаров, осыдан 3 күн бұрын әлімжеттікпен байланыстыратынын айтып, сұхбат берген еді. Өзімді де, командирлер оңбай ұрып тастады деген азамат қазір ауруханада ем қабылдап жатыр. Бірақ, департамент өкілдері мамандардың жұмыстан кетуіне командирлердің күш көрсетуінің  мүлдем қатысы жоқ екеніне сенімді.

 «Бұндай жағдай бұған дейін болмаған. Бірінші рет орын алып тұр. Иә, ай сайын 3-4 маман жұмыстан кетеді. Бірақ негізгі себептері — отбасылық жағдай, тұрғылықты мекен-жайының ауысуына байланысты немесе басқа да жұмыстарды тауып, кетіп жатады. Ал әлімжеттік себептерімен кеткен қызметкерлер жоқ»,-деді Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бөлімінің басшысы Ақжолтай Әбіләзімов.

 

 

 

Другие новости

Back to top button