Алматы

Алматыда 200-ге жуық қызметкер еңбек ақыларын даулап жүр

Енді олар құзырлы органдарға ұжымдық арыз жазбақ

Алматыдағы азық-түлік сататын ірі сауда желілері мен супермаркеттерде жұмыс істеген 200-ге жуық қызметкер еңбек ақыларын даулап жүр. Дистрибютерлік компания қаржылық қиындықтарға байланысты қарамағындағы қызметкерлерін қысқартыпты. Алайда супервайзер мен мерчендайзерлерге басшылық екі айлық қосымша сыйақыны бермеген. Жалақыдан бөлек атқарған қызметіне қарай төленетін маңдай тер ақыларын талап еткендер бүгін плакат ұстап, наразылыққа шықты, деп хабарлайды КТК арнасы.

Плакат ұстап, наразылыққа шыққан Алматыдағы азық-түлік сататын ірі сауда желілері мен супермаркеттерде жұмыс істеген қызметкерлер. Жақында қысқартуға іліккен 200-ге жуық супервайзер мен мерчендайзерлер дистрибютерлік компания маңдай тер ақымызды толық төлемеді деп отыр.

Тауарларды сататын әрі дүкен сөрелерінде өнімдердің ыңғайлы ретпен орналасуы мен таусылып қалмауын қадағалайтын қызметкерлердің ресми жалақысы 80 мың теңге. Дегенмен осы айлықтан бөлек атқарған жұмысының көлеміне қарай қосымша ақы төленіп, мамандар 160 мың қолдарына алып келген. Бірақ айдың басында Tezco Trade серіктестігі қаржылық қиындықтарды алға тартып, ұжым санын екі есеге қысқартыпты. Басшылықтың бұл шешімін де соңында естідік дейді ашулы қызметкерлер.

Ал компанияның басшысы қол астымдағы қызметкерлермен толық есеп айырыстым деп міз бақпады. Заң жүзінде жұмысшыларға тиісті еңбек ақыларын бердік деген ол барлық құжаттарды тиісті органға көрсетуге дайын.

 «Жағдай былай. Адамдар өз еркімен жұмыстан шықты. Компания қызметкерлерге заң жүзінде барлық ақшаны төледі. Жалақы және пайдаланбаған еңбек демалысының ақысы. Қазір біз кім қанша қаражат алғаны туралы анықтамаларды алып келеміз. Барлық құжаттарды прокуратураға өткіземіз», — деді «Tezco Trade» ЖШС басшысы Мәди Әубәкіров.

Наразы топ бұл жауапқа қанағаттанған жоқ. Енді құзырлы органдарға ұжымдық арыз жазбақ. Олар еліміздің түкпір түкпірінде филиалы бар серіктестікті еңбек инспекциясы мен прокуратура тексерсін деген талап қойды.

 

Другие новости

Back to top button