Алматы

Алматы әуежайындағы төбелес: полицейлер қару қолданды – видео

Әлеуметтік желіде тараған видеода оқиға орнына ондаған полицейдің келгенін көруге болады

Алматы қаласының әуежайы маңайында болған төбелес кезінде полицейлерге қызметтік қаруды қолдануға тура келді. Бұзақылардың біреуі тәртіп сақшыларына жарылған бөтелкені ала жүгірген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

 

Әлеуметтік желіде тараған видеода оқиға орнына ондаған полицейдің келгенін көруге болады. Төртеуі бір бұзақымен арпалысып жатса, бірнеше сақшы тағы біреуі жерге жатқызып қойған.

 

Әйелдің шыңғырған дауысы да естіледі. Басқа видеода, кем дегенде, он патрульдік көліктің тұрғаны көрініп тұр.

 

«Менің біздің халқымызға таңғалып тұрмын. Мына жақта төбелес болып жатыр, ондаған патруль келді, жедел жәрдем де осында. Ал мына жағында ән айтып тұр», — дейді тағы бір видеоның авторы.

 

Алматы қалалық полиция департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес, бүгін түнгі сағат бірдің шамасында Алматы әуежайындағы туристік полицияға ер адам келіп, көлік тұрағында төбелес болып жатқанын хабарлады.

 

«Дабыл расталды: үш ер адам төбелесіп жатты, кейін анықталғандай, олар мас күйінде болған. Олар полиция қызметкерлерінің талабына агрессиямен жауап берді. Біреуі бұрын сотталған, 1994 жылы туған У.есімді азамат сыраның шыны бөтелкесін сындырып, полицейге қарай жүгіріп, оны соққыға жықпақ болды. Сол кезде тәртіп сақшысы оны тоқтатамын деп, аспанға оқ атты», — дейді полицейлер.

 

Бұзақылардың бәрі ұсталды. Олар — Алматы және Түркістан облыстарының тұрғындары. Екеуі бұрын адам тонағаны және бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін сотталған болып шықты.

Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі (Бұзақылық, билік өкiлiне не қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi мiндеттердi атқаратын немесе қоғамдық тәртiптi бұзудың жолын кесетін өзге де адамға қарсылық көрсетумен байланысты әрекет) бойынша тергеу басталды.

https://web.telegram.org/z/#-1199156601

Үшеуі де қамауға алынды. Сондай-ақ, қызметтік қаруды қолдану дерегі бойынша қызметтік тексеріс жүргізіледі.

 

Айта кетері, осы қылмыс үшін 5 000 айлық есептiк көрсеткiшке (15 900 000 теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе 1 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар,я болмаса, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Другие новости

Back to top button