Алматинская область

Айналасын қоқыс басқан ауылдар көбейді

Жақында Алматы облыстық экология басқармасының мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Қонаев қаласында және Іле мен Талғар аудандарындағы ауылдар маңына зерттеу жүргізген болатын. Алайда оның нәтижесі көңіл көншітпейді. Өйткені аймақтағы ахуал асқынып, ауылдардың маңы қоқыс алаңына айналып бара жатқаны анықталған.

Заңсыз қоқыс алаңдарын анық­тау жұмысы космомониторинг бақылауы арқылы жүзеге асы­рылған екен. Зерттеу барысында арнайы бақылау жүйесі бұған дейін анықталып, жойылуға тиіс­ті қоқыс ошақтарына қатысты немқұрай­дылықты да ашып беріпті. Яғни Қонаев қаласынан та­былған 62 қа­уіп­ті үйінді әлі күнге сол күйінде жатса, Іле ауданындағы 72 апатты қоқыс үйіндісінің 66-сы және Талғар ауданында 44 қауіпті үйіндінің 20-сы ғана жойылған. Мұнан бөлек қабылданған шараларға қарамастан заңсыз қоқыс полигондарының саны өсіп жатыр.

– Қазірге дейін облыс аумағын­дағы 149 қауіпті қоқыс үйіндісі жо­йылды. Алайда ауылдық округ әкім­дерінің санитарлық тазалық жұмы­сына жеткілікті көңіл бөл­мей­тінін мойындауымыз керек. Өңір­де қоқыс тастағандарды жауапқа тарту жұмысы өте төмен деңгейде. Салдарынан елді мекендер қалдықтарға көміліп жатыр. Аудан әкімдері мен жергілікті полиция қызметкерлері бұл мәселені қа­таң бақылауға алуға тиіс деп есептей­мін, – дейді Алматы облысы әкімдігі ап­паратының басшысы Төлеген Сәрсембаев.

Бүгінде Алматы облысында жи­нақ­­талған қатты тұрмыстық қал­дық­­тардың жалпы көлемі 9 млн тон­­наны құрайды. Жыл сайын бұл көрсеткіш 1 млн тоннадан астам қоқыспен толы­ғады деген болжам бар. Ал оның 440 мың тоннасы тек қана Алматы қаласының аумағынан тасымалданатын қоқыс түрлері болып отыр. Демек осынша көлемдегі қоқысты жинақтау, сақтау қыруар қаржы мен арнайы орындарды қажет ететіні сөзсіз. Қазір облыс аумағын­да қатты тұрмыстық қалдықтарды уақытша сақтайтын 313 арнайы орын бар және 14 қатты тұрмыстық қалдық полигоны жұмыс істеп тұр.

Мәліметке сүйенсек, қазір тұр­мыс­тық қалдықты көп шығаратын қаланың көш басында Алматы тұр. Мегаполис тұрғындары 2020 жылы ғана 414,4 мың тонна қоқыс тастаған. Яғни қоршаған ортаға осынша көлемде зиян келгені анық. Өйткені бүгінде Алматы маңында қо­қыстың кез келген түрін қайта өңдеп, залалсыздандыратын зауыт жоқ. Есесіне, үлкен қаланың қал­дығы Алматы облысының аума­ғындағы қоқыс полигондарына тасымалданып, аймақтағы экологиялық ахуалдың асқынуына әсер етіп отыр. Бұған облыстың өз ішіндегі қатты қалдықтардың көлемін қосқанда, өңірдегі қоқыс жинау мен қайта өңдеу ісінің дабыл қағарлық деңгейге жеткенін байқауға болады.

Дереккөз: egemen.kz

 

Другие новости

Back to top button