Адам ұрлау, өзгенің мүлкін иелену: Гүлмира Сатыбалдының ісі бойынша тың деректер жарияланды
Күдікті адамдар күзетпен ұсталып, тергеу жұмыстары жалғасып жатыр
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Гүлмира Сатыбалдыға қатысты бірнеше себеп бойынша тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Гүлмира Сатыбалдыға, оның бақылауындағы «Ария-Жаңа Астана» ЖШС компаниясының басшылығына және мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына қатысты объектілерді салуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша тергеуді жалғастырып жатыр», — делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, бірнеше объектілер бойынша іс жүзінде орындалмаған құрылыс-монтаждау жұмыстарына ақы төлеу нәтижесінде мемлекетке жалпы сомасы 3,9 милиард теңгеге аса ірі мөлшерде залал келтірілген.
«Тергеу сатысында қабылданған шаралар арқылы мемлекетке келтірілген залал толық өтелді. Сонымен қатар, Г. Сатыбалды мен оның сенімді тұлғаларына қатысты бірқатар кәсіпорынның қатысу үлестері мен активтерін заңсыз иелену, адамды ұрлау және бас бостандығынан заңсыз айыру фактілері бойынша тергеу жүргізіліп жатыр», — делінген хабарламада.
Жәбірленушілерге келтірілген залалдың алдын ала сомасы 6,6 милиард теңгеден асады.
Күдікті адамдар күзетпен ұсталып, тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.