Қазақстан –шетте өскен барша қазақтың тарихи Отаны — Тоқаев қандастар мен жер аударғандар жайлы

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішіндегі бірлікті кімдер сақтайтынын айтып, ұлттық мейрамның тойлануына ерекше мән берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақстан – тағдырдың жазуымен шетте туып, шетте өскен барша қазақтың тарихи Отаны. Шетелдегі қазақтардың басым көпшілігі ана тілі мен ата дәстүрін берік ұстанып келеді. Ел бірлігі – ең алдымен, күллі қазақтың бірлігі. Екіншіден, ел бірлігі – қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этностың бірлігі. Біз бұл туралы үнемі айтамыз. Кезінде Қазақстанға миллиондаған адам жер аударылды. Халқымыз олардың ешқайсысын жат көрмей, бауырына басты. Сол буыннан тараған миллиондаған адам – қазір Қазақстанның толыққанды адал азаматтары. Олар мемлекетімізді дамытуға зор үлес қосып, ел игілігіне қызмет етіп жүр», — дейді Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының XXXIV сессиясының пленарлық отырысында.
Президент Қазақстан егемендігін алған соң, қандастар елге оралуға мүмкіндік алғанын айтты.
«Қазақ жұрты егемендігін алған соң қандастарымыздың елге қайтуына жол ашылды. Қазақстаннан да көптеген адам өзінің тарихи атамекеніне оралды. 4 миллионға жуық отандасымыз Германияға, Польшаға, Израильге және басқа елдерге көшті. Бірақ олардың көбі қазақ жұртының жақсылығы мен қамқорлығын ұмытпайды. Қазақстанның туын төріне іліп, елге деген сағынышын көрсетіп отырады. Қазақша сөйлеп, қазақша ән айтып, қазақтың салт-дәстүрін ұстанады. Жыл сайын Наурыз мейрамын атап өтеді. Барша Қазақстан азаматтары, шетелде тұрып жатқан барлық отандасымыз – бәрі де бір үлкен отбасы деуге болады. Отбасы құндылықтарын нығайту – тұрақты және үйлесімді қоғамның негізі, еліміздің жарқын болашағының кепілі. Жан-жақты дамыған тұлға да, жауапкершілігі зор азамат та, Отанға деген сүйіспеншілік те отбасында қалыптасады», — деді ол.
Тоқаев Наурыз мейрамының кеңінен тойлануына қатысты пікір білдірді.
«Біз еліміздің әр шаңырағы, әр азаматы тойлайтын мерекеге құрметпен қарап, кеңінен дәріптеуіміз керек. Міне, сондай нағыз халықтық мерекелердің бірі, бұл – Наурыз мейрамы. Биыл жаңа тұжырымдамаға сай біз Ұлыстың ұлы күнін ерекше атап өттік. Көктемгі көңіл-күй мен мызғымас бірлік мерекесі еліміздің әр аймағында тойланды. Осылайша, біздің қоғамда жасампаз жаңа дәстүрлер қалыптасып, орнығуда», — деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.