«Чика деген «делайте» деген соң бәрі жабылды, ол бұл жерде жоқ» – Шерзаттың анасы

Талдықорғанда өтіп жатқан сотта Шерзат Полаттың анасы Гүлбара Бейшембиева сотталушылардың адвокаттарының сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жауап кезінде адвокаттардың бірі Шерзат Полаттың анасына мынадай сұрақ қойды.
Осы оқиға барысында “Чика” деген бір азамат болды, ол “делайте” деп айтты, қолында пышақ болды деп айттыңыз. Істің 17 бет 31 томының бірінші абзацында жазылған. Онда тергеуші “Чика есімді жігіттің төбелес кезіндегі әрекеттерін айтып беріңізші, қолында бірдеңе болды ма? деп сұрағанда жауап “Чиканың қолынан пышақ көрдім, Нұрқанатқа жабылып жатқан кезде ол да қосылып, Нұрқанатты теуіп жатқан, Нұрқанатқа нақты кім пышақ салғанын көрген жоқпын, енді көруім бойынша бәрінде пышақ болды ғой” деп жауап бергенсіз. “Чика” деген азамат осы жігіттердің ішінде бар ма?
“Жоқ бұл жерде” деп жауап берді Гүлбара Бейшембиева.
Адвокат “нақты ол жерде кім пышақ салғанын көрген жоқпын” дедіңіз, ал қазір Равиль салды деп отырсыз, бұл қалай?” деп сұрады.
Ол кезде ондай жағдайда болмадым. Есіме түсіре алмадым. Кейін түсірдім, – деп жауап берді Шерзат Полаттың анасы.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.