Трамп салған баж салығы Қазақстанның экономикасына қалай әсер етеді

АҚШ пен Қазақстан арасындағы тауар айналымы бұл елдің республика экономикасына елеулі ықпал етпейтінін айғақтайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мемлекеттік кірістер комитетінің кедендік статистикасына сүйенсек (деректерді finprom.kz келтірген), 2024 жылы АҚШ Қазақстанның жалпы сауда құрылымында небәрі 3% үлеске ие болған. Алдыңғы жылдары бұл көрсеткіш 2%-ға да жетпеген. Яғни, Қазақстан АҚШ-пен сауда байланысын үзіп алса да, экономика күйрей қоймайды.
ҚАЗАҚСТАН КІММЕН КӨБІРЕК САУДА ЖАСАП ЖҮР
Қазақстан экспортының негізгі тұтынушылары:
Италия — 22,9%
Қытай — 18,3%
Ресей — 11,7%
Импорттаушы елдер:
Ресей — 30,5%
Қытай — 25,3%
АҚШ-ПЕН САУДА КӨЛЕМІ
2024 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 4,2 млрд доллар болған:
Оның ішінде:
2,2 млрд доллары — АҚШ-тан Қазақстанға импорт шамамен 2 млрд доллар — Қазақстаннан АҚШ-қа экспорт. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда небәрі 4%-ға өскен.
ҚАЗАҚСТАННАН АҚШ-ҚА НЕ ЭКСПОРТТАЛАДЫ
Мемкірістер комитетінің мәліметінше, АҚШ-қа экспортталатын тауарлардың ішінде негізгі үлес (56,2%) — мұнай мен мұнай өнімдеріне тиесілі.
Қаңтар-желтоқсан айларында 1,8 млн тонна шикізат экспортталып, құны 1,1 млрд доллар болған.
Экспорттың қалған бөлігін құрайтын тауарлар:
Радиоактивті материалдар — 16,4%
Күміс — 12,2%
Ферроқорытпалар — 9,5%
Сонымен қатар, тантал, титан, бериллий секілді сирек металдардың шағын көлемі де жоғары құнмен экспортталған.
Бұл өнімдердің барлығы «Қазақстанда өндірілген» статусына ие және реэкспорт емес екені нақтыланған.
АҚШ — ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МҰНАЙДЫҢ БАСТЫ НАРЫҒЫ МА
Жоқ. Қазақстан мұнайының АҚШ-қа экспорты жалпы мұнай сатылымының тек 2,6%-ын құрайды. АҚШ бұл көрсеткіш бойынша 11-орында, ал негізгі сатып алушылар — Еуропа елдері.
АҚШ-пен сауда Қазақстан үшін маңызды болғанымен, стратегиялық тұрғыда шешуші рөл атқармайды. Негізгі экономикалық серіктестер — Еуропа, Қытай және Ресей.
ТРАМПТЫҢ ЖАРЛЫҒЫ
Бұған дейін Трамп Қазақстан тауарларына 27% баж салығын енгізген болатын. АҚШ президенті Дональд Трамп «әділ бәсекелестікті қалпына келтіру» және америкалық өндірушілерді қорғау мақсатында жаһандық өзара сауда баждарын енгізетінін мәлімдеді.
Бұл бастама аясында Қазақстан АҚШ-тың жаңа тарифтік саясатына іліккен елдердің қатарына енді. Енді Қазақстаннан әкелінетін импорттық тауарларға 27% мөлшерінде баж салығы салынады.