Главное
«Мұндай ауқымды өзгеріс бұрын-соңды болмаған»: биыл аудан халқы әкімдерін өздері сайлайды

Осы жылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайды. Бұл туралы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президент жергілікті билік түбегейлі жаңғыртылғанын атап өтті. Үш жылдан астам уақыт ішінде ауыл әкімдерінің 72 пайызы жаңарған. Оның үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар.
«Бір сөзбен айтсақ, аймақтардағы атқарушы билікке жаңа адамдар келіп жатыр. Пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың 45 әкімі сайланды. Биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болады. Түрлі деңгейдегі мәслихат сайлауы өкілді билік органдарының жұмысына тың серпін берді. Облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының 90 пайызы бір мандатты округтен, яғни тікелей дауыс беру арқылы сайланды. Билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс бұрын-соңды болмады», — деді Тоқаев Ұлттық құрылтайда.