Главное

«Ескертпей, айыппұл салыңдар»: екі өңірдегі жоғары шенді полицейлердің аудиосы тарады

Желіде Қарағанды және Жамбыл облыстарындағы полиция департаменттеріне қатысты қызық ақпарат тарады. Оның бірінде, Қарағанды облысындағы жоғары шенді полицей қоластындағы қызметкерлерінен 440-баптар бойынша құқық бұзушылықтарды анықтауды күшейтуді талап еткені айтылған. Ал Жамбыл облысындағы полицей азаматтарға ескертпей, айыппұл салу туралы бұйрықты жеткізгенін айтады. Ulysmedia.kz тілшісі екі өңірдің полиция департаментінен бұл жайтқа қатысты пікірін білді. 

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Желідегі аудиода жоғары шенді полицейдің қоластындағыларға айтқан бұйрығы тарап кеткен. Дыбыстық хабарлама авторлары жазба Қарағанды облысының аудандарының біріндегі жергілікті полиция қызметі басшысына тиесілі екенін мәлімдейді. Хабарламада оның қоластындағы қызметкерлерінен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-бабы («Алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарда масаң күйде пайда болу») және 434-бабы («Ұсақ бұзақылық») бойынша құқық бұзушылықтарды анықтауды күшейтуді талап еткені айтылған.

— Бүгін әр учаскеде, әр көмекшіден нақты нәтиже болуы керек. Нәтиже болмаса жұмысқа кешкі тоғызда шақырып, анық-қанығын анықтап отырамыз. Одан кейін күн сайын бәрін анықтап отырамыз. Егер жұмыс істей алмасаңыздар оны да шешеміз. Түсінікті ме? Байланысқа шығамыз, әріптестер!, делінген аудиода.

Бұл аудиоға қатысты Қарағанды облысының Полиция департаменті жауап берді. Олар аудиодағы адам жергілікті полиция қызметі басшысы Еркін Төлеубеков екенін растады.

– Біз әлеуметтік желілерде таралған, Абай ауданы полиция бөлімінің Топар полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі басшысы Еркін Төлеубековтың дауысы жазылған аудиожазбаны зерттедік. Жазбада ол қол астындағы қызметкерлеріне көшелер мен басқа да қоғамдық орындарда алкогольдік масаң күйде жүргендерді анықтау қажеттігін түсіндіреді (ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы). Бұл — масаң күйдегі адамдардың аязда үсіп қалуы мен қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін қажет шара.

Сондай-ақ, жазбада ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы «Ұсақ бұзақылық» туралы айтылады. Бұл баптар өзара тығыз байланысты, себебі ұсақ бұзақылық көбінесе масаң адамдар тарапынан жасалады. Мысалы, Қарағанды қаласында 15 қаңтарға қараған түні масаң әйелдің қала орталығындағы жылы аялдаманың есігін сындыруға тырысқан оқиғасын еске саламыз. Айта кету керек, бұл азаматша бұрын да қоғамдық орында масаң күйде жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған, дейді полицейлер.

Сондай-ақ, ПД жазбада аталған баптар бойынша азаматтарды жаппай айыппұлға тарту туралы айтылмағанын атап өтті. Қарағанды облысының полиция департаменті және оған қарасты бөлімшелер тарапынан мұндай тапсырмалар берілмеген.

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Телеграмда тараған тағы бір аудио – Жамбыл облысында ЖПҚ басшысының даулы жазбасы. Онда ол азаматтарға тек айыппұл жазып, ескерту жасамау туралы бұйрықты жеткізгенін айтады. Аудиожазбада бұл бұйрықты облыстық полиция департаментінің басшысы бергені айтылған.

Біз бұл жағдайға қатысты Жамбыл облысының Полиция департаментіне сұрау салдық. Алайда ПД өкілдері әзірге бұл жайтты жауапсыз қалдырды.

Другие новости

Back to top button