Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев өңірлерде мұғалімдердің жалақысына қатысты мәселені көтеріп, бірқатар ұсыныс айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Уағында Спандияр Көбеев: «Оқытушы әлеуметтік әділеттіліктің, адамгершіліктің жаршысы болуға тиіс» депті. Таудай талап расында. Бірақ қазір оқушыға әлеуметтік әділеттілікті үйрететін әлеуметтік педагогтарға әділетті көзқарастың жоқтығы қарапайым қарашаны қатты қапа қылады. Қаңтарда мектептерді аралап ұжыммен кездестім. Сол кезде олардың жанын аяздай қарыған мәселе әлеуметтік педагогтардың азғантай айлығы мен білім ордаларындағы қарапайым қызметкерлердің түкке жетпейтін жалақысы екені айтылды», — дейді Нартай Сәрсенғалиев.
Оның айтуынша, әлеуметтік педагогтарды В3 функционалдық блогынан В2 функционалдық блогына ауыстыру керек деген мәселе 2023 жылы Мәжіліс мінберінен айтылып, нақты ұсыныстар берілген.
«Бірақ үкімет бұл мәселені әлі шешкен жоқ. Әлеуметтік педагогтың міндетіне зер салған адам олардың талабын тап басып түсінер еді. Мәселен, бір әлеуметтік педагог 1500-2000 баламен жұмыс істеймін дейді. Мектептегі оқушылардың тамақтану тәртібін жасақтау, оқушылардың құжаттарын жинау, мектепке жол акциясын жүзеге асыру, динамикалық бақылауда тұратын оқушылармен жұмыс істеу, лагерге жолдама алған балалардың құжаттарын дайындап, барған балаларды қадағалау, қажет болса жұмыстан кейін үй аралау, ерекше білімді қажет ететін оқушылармен жұмыс істеу де әлеуметтік педагогтардың мойнына артылған. Бұл бір маманның жіпке тізгені. Осынша қызметі үшін алатын айлығы қазір 118 мың теңге. 2 жыл бұрын талап еткенімдей әлеуметтік педагогтарды В2 функционалдық блогына ауыстырса олардың айлығы 150 000 теңге болар еді», — деді Сәрсенғалиев.
Депутат бұл бастамаға қаржы қат деген үкімет өкілінің жауабынан соң ресми есептеттім, 2023-2024 оқу жылында елімізде «Білім беру» саласы бойынша «В3» блогына жататын 4 775 әлеуметтік педагог барын айтты.
«Бұл санатқа «В3» блогына жататын 70 847 тәрбиеші; мектепалды даярлық сыныбының 9360 педагогы; қосымша білім берудің 3672 педагогы, 1678 ұйымдастырушы педагог, 1434 кәсіби бағдар беруші педагог,1903 педагог-ассистент, 4023 педагог — психологтар (мектептен басқа),дене шынықтыру бойынша 3555 нұсқаушы, 6076 бейнелеу өнерінің басшылары мен педагогтары, 5140 әдіскер, 889 арнайы педагогтарды қоса алғанда, жалпы мемлекеттік білім беру ұйымдарының 113 352 педагогы В 3 блогына жатады», — дейді ол.
Сәрсенғалиев атағандай, осы мамандардың барлығын В3 блогынан В2 блогына ауыстырсақ жылына бюджеттен шамамен 55 млрд теңге қосымша жұмсалады екен.
«Ұрпаққа білім мен тәрбие беретін мамандардан аяйтын ақша емес бұл. Бұл бірінші талап! Екінші мәселе, білім беру ұйымдарындағы еден жуушы, аула сыпырушы, вахтер, кір жуғыш машинаның операторы, аспаз, жүргізуші, электрик сынды мамандар мен техникалық персоналдың жалақысы өте аз. Айлығы шайлығынан артылмайтын азаматтар қарызданып қауғаланып өмір сүруге мәжбүр. Білім беру ұйымдарындағы техникалық персонал қызметкерлерінің жалақысы 2024 жылы 71%-ға, 2025 жылы 100% — ға өседі деген ресми мәліметті бәріміз білеміз. Бірақ соның өзінде аталған азаматтардың айлығы еліміздегі орташа жалақы тұрмақ медианалық жалақы деңгейіне жетпейді. Бұл әлеуметтік әділетсіздік, соны жойып жұмысшылардың жалақысын көтеру керек», — деді ол.
Депутат осы орайда бірқатар ұсынысын алға тартты.
«Аталған 2 талапты орындау үшін үкіметі «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 Қаулысына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін. Және басқа да бюджеттік мекемелердегі жалақы теңсіздігі зерделенсін.Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен және Қаржы министрлігімен бірлесе отырып, жұмысшы санатындағы техникалық қызметшілерге еңбек демалысына төленетін төлем мөлшеріне сауықтыру жәрдемақысын қосу мүмкіндігін қарастырып, республикалық бюджеттен шығындарды есептесін. Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Мен жіпке тізген мамандар жұмысшы мамандық емей немене? Ендеше олардың жалақысын биыл көтермегенде қашан көтереміз?», — деді Сәрсенғалиев.