Алматинская область

Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс алдағы екі аптаның бірінде сотқа жолдануы керек – Абзал Құспан

Талғар ауданында адам қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс келесі апта, болмаса, оның арғы аптасында сотқа жолданады. Бұл туралы бүгін Мәжіліс кулуарында депутат, заңгер Абзал Құспан мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетейік, бұған дейін хабарлағынымыздай, Абзал Құспан Талғарға арнайы барып, полиция және прокуратура өкілдерімен осы іске қатысты сөйлескен болатын.

«Өткен жылдың желтоқсан айында бізге «қаңтар айының аяғына дейін қылмыстық істі аяқтап, сотқа жолдаймыз» деген болатын. Іс бойынша күдіктілердің бәрі қамауда, олардың әрқайсысына  қатысты тиісті құқықтық баға берілді. Әзірге осы. Менің ойымша келесі апта, болмаса, одан кейінгі аптада іс сотқа жолдануы керек. Прокуратура органдары істі сотқа жолдар алдында брифинг өткізеді деген. Әзірге маған берілген ақпарат осы», — деді Абзал Құспан.

Айта кетейік, бұған дейін ішкі істер министрлігінің өкілдері қылмыстық іс 2024 жылдың аяғына дейін сотқа жолдануы мүмкін деген болжам айтқан. Журналистер Абзал Құспаннан бұл болжам неге жүзеге аспай қалғанын сұрады.

«Тергеудің өз қиындықтары бар. Мен прокуратура органдарында да жұмыс істедім, адвокат та болдым. Кейде жоспар жүзеге аспай қалады. Өйткені, жауап алатын куәгер келмей қалады. Сарапшылар маңызды сараптаманы уақытында аяқтап үлгермей жатады. Ал ол куәгер, не сараптамасыз істі сотқа жолдай алмайды», — деп түсіндірді Абзал Құспан.

Другие новости

Back to top button