Главное

«Бүгін әйеліңізбен қиын әңгіме болатын сияқты»: Бектенов министр Мәдиевпен не жайлы әзілдесті (ВИДЕО)

Бүгін цифрлық үкіметтің кеңсесінде премьер-министр Олжас Бектенов цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевке әзілдеп, отырысқа жиналғандарды бір күлдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жаслан Мәдиев цифрлық үкіметте мемлекеттік органдардың жұмысына енгізілетін жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды таныстырған. Солардың бірі — жасанды интеллект базасында жасалған виртуалды көмекші, ол eGov mobile қолданушыларына жәрдемдеседі. Ол үшін виртуалды көмекшіге сұрақ қойсаңыз жеткілікті.

Отырыс кезінде министр өзінің eGov mobile қосымшасын ашып, виртуалды көмекшінің қызметін бәрінің көзінше тексеріп көрді. Мәдиев оған «Некені қалай тіркеу керек?» деген сауал тастады. Бірер секундтан кейін виртуалды көмекші оған не істеу керек екенін ауызша түсіндіріп, қажетті сілтемені жіберді.

Жаслан Мәдиев сілтемені басып, толтыратын формаға өтіп кетеді, «отбасылық жағдайы» деген бағанда «сіз некелескенсіз» деп жазылып тұр.

«Қазір менің тіркелген некем болғандықтан, жүйе мені әрі қарай өткізбейді», — деді Мәдиев.

Осы кезде премьер-министр Олжас Бектенов «тіркелген некеңіз бола тұра сізді әрі қарай өткізеді деп үміттендіңіз бе?» деп сұрады.

Залда отырғандар Үкімет басшысының бұл қалжыңына күліп жіберді.

«Жүйені алдай алмайсың», — деп құтылмақ болды Жаслан Мәдиев.

«Бүгінгі отырыстан кейін әйеліңізбен қиын әңгіме болатын сияқты», — деп әзілдеді Бектенов.

Другие новости

Back to top button