Әкімнің шыршасына 30 млн теңге бөлінген, ал оны бейшара мұғалімдер құрды – Семейдегі ұстаздың әйелі сұхбат берді (ВИДЕО)
Бірнеше сағат бұрын Абай облысының білім басқармасы мәлімдеме жасап, шырша құруға мұғалімдерді тартқан қалалық білім басқармасының басшысы жұмыстан кеткенін хабарлаған еді. Жараланған ұстаздың әйелі Сымбат Аянқызы болса бұл шырша білім басқармасы, болмаса, мектептікі емес, тікелей Семей қаласы әкімдігінің шыршасы екенін және оны құруға 30 млн теңге бөлінгенін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Анықталғандай, шырша құрып жатып, биіктен құлаған мұғалім Қуат Айтқалидің әйелі Сымбат Аянқызы да ұстаз екен. Журналистерге сұхбат берген ол сенбі, 21 желтоқсан күні жолдасына «алаңға барып, шырша құрасыңдар» деген бұйрық мектеп директорынан түскенін айтты. Ал оған қалалық білім бөлімі, білім бөліміне қаланың әкімдігі сондай тапсырма берген көрінеді.
«Күйеуіме Әліби деген досы хабарласып, 49-мектептің директоры Гүлфариза Тоқтаубайқызы «ертең таңғы сағат 08.00-09.00 аралығында алаңға барып, шырша құрасыңдар» деген бұйрық бергенін айтты. Күйеуім таңғы сағат 09.30 кезінде алаңға жетіп, шырша құра бастаған. Шыршаның үстіне шығатын машинаға тек жұмысшылар мінеді деген соң күйеуім шыршаға кәдімгі өрмелеп шыққан», — дейді Сымбат Аянқызы.
Жолдасы есін жиғанын және аз-кем сөйлесіп жатқанын айтқан ол Қуат Айтқали қиын сұрақ қойса, жауап беруге қиналып жатқанын атап өтті. Яғни, Сымбат Аянқызының айтуынша, болашақта жолдасының есте сақтау қабілеті күрт нашарлап кетуі де мүмкін. Оның үстіне, Сымбаттың айтуынша, дәрігерлер жолдасының миындағы қанды сорып алып, оның бас сүйегінің жартысын кесіп алған. Ол сүйектің орнына үш айдан кейін пластмасс салынады.
«Шырша құру педагогтің кәсіби міндетіне кірмейді. Қазір жаңалықтардан қарасам, білім бөлімінің басшысын жазалапты дейді. Олар да кінәлі. Бірақ, әкімдік те кінәлі. Ол шырша мектептікі емес, әкімдіктікі. Сол шырша үшін 30 млн теңге бөлінген. Ал оған апарады да бейшара мұғалімдерді тартады. Бұйрықты берген әкімдік», — деді ол.
Айта кетейік, қазір Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов деген шенеунік. Редакция шыршаның құны, оны орнату туралы тендердің жеңімпазы кім екенін және білім бөлімінен басқа қала әкімі ұстаздың жағдайына байланысты мойнына жауапкершілік ала ма, жоқ па анықтап жатыр.