Алматинская областьГлавное

«Бәріміздің төбемізден жай түскендей болды»: адвокат Нұрқанаттың сотқа дайындалып жүргенін айтты

Шерзат Болат тарапының адвокаты Саида Тәуекелова Нұрқанат Ғайыпбаевтің қазасы жөнінде тың деректерді айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

АДВОКАТ НЕ ДЕЙДІ

– Қылмыстық кодекстің 105-бабы (өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Шерзат ісі бойынша Нұрқанатпен тергеу амалдарына күнделікті жауап алу кезінде бірге қатыстық. Ауыр психологиялық жағдайын байқамаған едік. Ол жауап алу сәттерінің бәрін батыл түрде өткерді. Оқиға орнына барғанда да. Сәрсенбіде сотқа баруымыз керек еді. Ол сотта біз “жала жабу”, БАҚ-та “жалған ақпарат тарату” бойынша арыз түсіргенбіз. Сол бойынша сот басталуы керек еді. Дайындалған едік. Кеше де байланысты болдық. Материалдық қиындықтарға, ет дүкеніндегі жұмыстарына қарамастан, олардың осы істі қозғағанына қуанған едім. Кейде оларға көмектесуге де тырыстық. Отбасында кіріс болсын дедік. Олар ешкімнен ештеңе сұрамады. Бұл жаңалық – бәрінің төбесімізге жай түскендей болды, – дейді адвокат Саида Тәуекелова қаза шыққан үйдің алдында журналистерге.

Адвокаттың айтуынша, Шерзат ісі бойынша тергеу амалдары аяқталуға жақын.

– Біз сотқа дайындалып жатыр едік. Ол басты куәгер әрі жәбірленушінің бірі еді. Себебі оған да сол кезде үш рет пышақ салынған. Бүгінгі жаңалық – отбасына да, бізге де үлкен трагедия. Оқиғалар желісін алдағы уақытта қосымша хабарлаймыз. Қазір тергеу амалдарына баруымыз керек, – деді адвокат.

Нұрқанат Ғайыпбаевты бауыры Шерзат Болаттың жанына қойғалы жатыр.

НҰРҚАНАТТЫҢ ҚАЗАСЫ

Бұған дейін Шерзат Болаттың ағасы қаза болғанын полиция да растаған. Ресми мәліметке сәйкес, Шерзаттың ағасы өз-өзіне қол салған. Полиция марқұм Ш. Болаттың отбасы барлық уақытта полицейлердің қорғауында болғанын атап өтеді.

– Осы уақытқа дейін марқұмның отбасына төнген қандай да бір қауіп-қатер тіркелген жоқ. Күзеткен қызметкерлердің түсіндірмелеріне сәйкес, ер адам күзетілетін объектіден сағат 23:30-да шығып кетіп, жеке автокөлікпен кеткені анықталды. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жариялауға жатпайды, — делінген хабарламада.

ШЕРЗАТТЫҢ ҚАЗАСЫ

Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттер 16 жастағы жасөспірімді өлтіріп, бұл іс үлкен резонанс туғызған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.

Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді.

Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Оған қоса қанды оқиғаның орнынан видео тараған кезде марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов түңіліп, тіпті елден кетеміз деп мәлімдеген еді.

Осы оқиғадан кейін көп өтпей Алматы облысы Талғар қаласының әкімі мен орынбасары қызметінен босатылды. Ізінше, «Хутор» тобының лидері делінген Хасан Қасымбаевтың ағасы қызметінен кетті. Алматы облысы прокурорының орынбасары С. С. Бакиров пен Талғар ауданының прокуроры Е. К. Бекманов та қызметімен қош айтысты.

Другие новости

Back to top button