«Көңілі толмаса басқа жаққа кетсін»: Ақтөбеде 100-ге жуық зауыт жұмысшысы жалақы көтерілуін талап етіп, наразылық акциясына шықты
Ақтөбеде 7 қазанд шамамен жүз хром қосындылары зауытытының жұмысшылары кәсіпорын аумағында наразылық білдірді. Олар қазан айында жалақыларының төмендеуі мүмкін екеніне алаңдаулы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық Радиосы порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Хром қосылыстарын 30 елге экспорттайтын ірі зауыт қыркүйектің соңында, жұмысшылардың айтуынша, бірнеше күн бойы тоқтап тұрды. Тоқтап тұрудың болжамды себебі – Ресейден жеткізілетін шикізаттың жетіспеушілігі.
Төртінші цехта слесарь болып жұмыс істейтін Жанұзақ Маден жұмыс орнында тоқтап тұру кезінде де болғанын, бірақ бұл сағаттар есептелмегенін айтты.
«Қыркүйек айына бізге ең жақсы жағдайда 150 мың теңге жалақы төлеуді жоспарлап отыр. Яғни, тұрақты тарифке тек 20% сыйақы қосылады. Біз хром қосылыстарын өндіруге қажетті сода жоқтығына жауап бермейміз. Бұл зауыт басшылығының кінәсі, өйткені олар уақытында қажетті қорды жасаған жоқ», – деді жұмысшы Жанұзақ Маден.
Ол жағдайдың жұмысшылардың сыйақысына әсер етпеуге тиіс деп есептейді.
Кәсіпорындағы сыйақы мөлшері өнім өндірісі мен сатылымының көлеміне байланысты анықталады. Сыйақының 100% мөлшерінде жұмысшылардың жалақысы 300 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Қазір жұмысшылардың жалақысы шамамен 140–150 мың теңге.
«Бізге тек 20% қосады, бұл өте аз. Бірақ соның өзін де қысқартады”, – дейді төртінші цехтың жұмысшысы Мадияр Сағидолла.
Наразылық білдірушілер зауыт ғимаратының алдында кешке дейін тұрды. Жұмысшылар жиналған жерге әкімдік, еңбек инспекциясы және полиция өкілдері келді.
Ақтөбе хром қосындылары зауытының басқарма төрағасы Алексей Химич жиналғандарға шығып мәлімдеме жасады.
«Жұмысшылардың проблемасы жоқ. Олар тариф, жалақы алады. Жарайды, егер олардың көңілі толмаса, не істеймін? Олар жұмысын тастап, басқа жаққа кетсін!» – деді Алексей Химич.
Мекеме вице-төрағасы Радий Фахретдинов наразылық білдірген жұмысшыларды тыңдауға келгенде, кальцинирленген сода запасы 10 күнге жететінін айтты. Оның айтуынша, Ресейден теміржол жүк тасымалдарын жеткізу қиынға соғып жатыр.
«Өндірісте күніне 200-240 тонна кальцинирленген сода пайдаланылады. Біз оны Башқұртстандағы химиялық зауыттан сатып аламыз. Теміржол тасымалында қиындықтар пайда болғандықтан, біз баламалы жолдарды іздедік. Бірақ Өзбекстаннан ұсынылған сода көлемі біздің қажеттіліктерімізді толық қамтамасыз етпейді. Сондықтан бұл мәселе үкімет деңгейіне көтерілді», – деді Фахретдинов.
Жұмысшылар шикізаттың жетіспеушілігі жалақыларына әсер етпеуі керек деп отыр. Олар жағдай шешілмесе, жұмыстан шығуға дайын екенін айтты.
Жұмысшылардың басқа да шағымдары болды. Олар арнайы киімдерді жылына бір рет алатынын және барлық маусымда бірдей аяқ киімді киетіндерін атап өтті.
Сонымен қатар олар асхананың ұйымдастырылу сапасына да көңілдері толмайтынын жеткізді.
«Біз бәріне көз жұмуға дайын едік, бірақ төмен жалақыға шыдауға болмайды. Басшылық мәселені мүмкіндігінше тезірек шешсін! Егер Ресей Украинмен 10 жыл соғысып жатса, онда біз 10 жыл бойы төмен жалақыда өмір сүруіміз керек пе?» – деп сұрады наразылық білдірушілер.
Тараптар бір келісімге келе алмады. Зауыттың вице-төрағасы Радий Фахретдинов жұмысшылардың талаптарын басшылықпен талқылайтынын айтты.
Еске салайық, бұған дейін Жезқазғанда «Жылу және сумен жабдықтау кәсіпорны» АҚ жұмысшылары ереуілге шыққанын жаздық. Кәсіпорын ғимаратының алдындағы жұмысшылардың ереуілі екінші күн қатарынан жалғасуда. Қызметкерлердің айтуынша, оларға екі айдан астам уақыт бойы әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары төленбеген, бұл өз кезегінде жұмысшылардың несие алу және дәрігерге бару секілді жағдайларда қиындық туындатып отыр.