Шымкент

200-ден астам адамды қажылыққа апарамын деп алдаған «Kausar Travel» басшысына қатысты сот үкімі шықты

Шымкентте атышулы сот ісіне нүкте қойылды. 2023 жылдың қаңтар айында бір топ шымкенттік умраға барамыз деп алданып қалғанын айтып, шағымданған еді. Артынша жәбірленушілер қатары екі жүзден асып, компания басшысы Медет Мұратбайұлы ұсталды. 1996 жылғы ер адам содан бері уақытша ұстау изоляторында болып, бүгін сот оны кінәлі деп тауып 6 жылға бас бостандығынан айырды. Stan.kzтілшісі сот отырасына қатысты.

«Алаяқтық» бабы бойынша айыпты деп танылған ер адам сотта өз кінәсін мойындаған жоқ. Сөзінше, ол туристік компанияны экс-мәжілісмен Бекболат Тілеуханмен бірге ашқан. Алайда танымал термеші былықтан сытылып кетті дейді.

«Бекболат Тілеухан мырзаға сеніп қалдым. Қамауға түскен сәттен бастап қазірге дейін Бекболат Тілеухан мырзаға қаржы бергендімді айтып жүрмін. Бұған дейін біздің компаниямен екі мың адам ұшты. 522 миллион теңге компания қаржысы Бекболат мырзаға берілді. 128 миллион теңге жеке менің қаражатым ол кісіге берілді. Кәсіпті бірге жүргіземіз деп уәде берілген. Мүфтият тарапынан лицензия алу. Туризм басқармасына тіркелуге 100 миллион теңге керек болды. “Оның бәріне өзім жауап беремін. Сен кәсіппен айналыса бер” деді. Ол кісімен 2022 жылдан бері таныспын. 2022 маусым айынан бастап бірге жұмыс істедік. 8-9 рет ақша бердім», – дейді сотталушы Медет Мұратбайұлы.

Осылай деп ақталған сотталушы оның үстінен ҰҚК мен президентке де шағымданатынын мәлімдеді.

Ал сот болса, тергеу барысында Бекболат Тілеуханға қатысты ешқандай дәлел табылмағанын жеткізді.  «Kausar Travel» деген атпен жарнамасы жер жарған орталықтың ешқандай құжаты болмағанын әрі заңсыз ашылғанын айтты.

Жәбірленушілер болса бұл істе жарнама жасаған танымал адамдар да жауапқа тартылуы керек еді дейді. Себебі  арзан бағамен бес парыздың бірін өтегісі келгендер әлеуметтік желідегі қаптаған жарнамаға сеніп келген. Ал оны белгілі айтыскер Айнұр Тұрсынбаева, әнші Нұржан Керменбаев пен әзілкеш Нұрлан Қоянбаевтар жасаған. Осы компаниямен қажылыққа бардық деген олардың мақтау сөзіне тек шымкенттіктер емес Астана мен Алматы тұрғындары да иланып, сапарға шықпақ болып қаржысын тапсырып қойған екен.

Алайда сот жарнама жасағандардың барлығы Меккеге өз қаржысымен барып келгенін мәлімдеді. Және 245 адамның ақшасын алып не қажылыққа жібермей, не қаржысын қайтармаған Медет Мұратбайұлына екі ай ішінде 254 млн теңгеден аса қаражатты қайтаруға үкім шығарды.

Үкімге келіспеген сотталушы енді аппеляциялық сотқа жүгінбек.

Другие новости

Back to top button