Денсаулық

Совминге 94 жыл толды

Бүгін атақты Совмин ауруханасының 94 жылдығы аталып өтуде.

1929 жылы ашылған аурухананың тарихы бірнеше дәрігері бар шағын үйде басталған, ал науқастарды бастапқы кезде жедел жәрдем емес, қарапайым арбамен тасымалдаған. Елу бес төсекке шақталған стационарлық корпусы, емханасы, дәріханасы, анықтама үстелі, терапевтік, хирургиялық және гинекологиялық бөлімшелері кейінірек, 1933 жылы салынды.
Жаңа ауруханада партия қызметкерлері, мәдением, ғылым және өнер қайраткерлеріне қызмет көрсетілді. Кеңес одағы көлемінен жиналған сол кездің танымал профессорлары мен мамандары мекеменің тұрақты кеңесшілері еді. Сол кезде Совмин жабық типтегі аурухана болған. Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Любовь Орлова, Григорий Александров, Наталья Сац сияқты өнер және мәдениет қайраткерлерін, Дінмұхамед Қонаев, Нұрсұлтан Назарбаев сияқты саяси басшыларын емдеген ауруханада қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қаралып тұрады.
Аурухана деген аты болғанымен, Совминде денсаулықты оңалтып қана қоймай, санаторлық жағдайда қарбалас пен шудан тынығу үшін барлық жағдай жасалған.
Тәуелсіздік алған жылы Орталық клиникалық аурухана жалпы халыққа есігін айқара ашты. Қазір бұл – жаңа медициналық жабдық қойылған, озық дәстүрлері сақталған заманауи, көпсалалы орталық. Ал өзінің 94 жылдығы қарсаңында аурухана Ұлттық госпиталь статусын алып отыр.
— Биыл біз халықаралық байланыс, ғылыми ынтымақтастық, пациенттермен қарым-қатынасты нығайту, дәрігерлерді шетелде оқыту тұрғысынан біршама іс-шара атқардық. Биылдыққа ауруханамызға 15 шетелдік делегация келді. Геосаяси жағдайға байланысты, біздің аймақ Еуропаның, Азия елдерінің медициналық және ғылыми ұйымдары үшін үлкен қызығушылық туындатып отыр. Әлемнің белді-белді клиникалары мен зертханалары Совминмен әріптестік құруға ниетті. Қазір осы ұсыныстарды қарастырып, саралап жатырмыз, — дейді аурухананың басшысы Асхат Бралов.
ОКА осы жылы шетелдермен ғана емес, ішкі әріптестік байланыстарды да барынша дамытуға тырысты. Басқарушы органы – ҚР ПІБ Медициналық орталыққа қарасты ауруханалардың, оның ішінде Совминнің белді дәрігерлері өңірлерге шығып, күрделі, сирек операциялар жасап, қабылдаулар жүргізді.
«Совминнің нейрохирургтері, урологтары, гинекологтары және онкологтары үлкен сұранысқа ие, қабылдауына жазылатын халықтың қатары қалың. Осындай іссапарларды келесі жылы да жалғастырамыз деген ойдамыз», деп атап өтті А. Бралов.

Аурухана негізінде үнемі халықаралық конференциялар, форумдар және мастер-кластар өтіп тұрады. Яғни елдің маңдайалды медицина қарашаңырағы атағын сақтап, оны нығайту мәселесі Совмин үшін күн тәртібінен түспек емес.

Другие новости

Back to top button