Восточно-Казахстанская область

Риддер ЖЭО-ның иесі ауысты

Инвестор объектіге 7 млрд теңге салуға ниетті

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жылу электр орталығының иесі ауысты. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап берген ШҚО әкімі Даниал Ахметов айтты.

Жылу электр орталығының иесі ауысты. Бүгін сатып алу-сату шарты жасалып, қол қойылды. ЖЭО-ның жаңа иесімен бірге жұмыс істеуді бастап кеттік. Келісімге сәйкес, ол компания қысқа уақыт ішінде орталыққа кем дегенде 7 млрд теңге инвестиция жасай алатынын банктік есепшоты арқылы көрсетіп, дәлелдеуі керек», — деді ол.

Аймақ басшысының айтуынша, бұл қаражат ЖЭО-ны күрделі жөндеуге жұмсалады.

Еске салсақ, 26 қаңтарда Риддердегі жылу электр орталығынан өрт шыққан болатын. Бірнеше сағаттың ішінде қызыл жалын ауыздықталды. Кейіннен жылу электр орталығының басшылығына қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны хабарланды.

Сондай-ақ Даниал Ахметов Риддер жылу электр орталығындағы ақаулар мен апаттардан үйлері қайта-қайта суып кетіп отырған тұрғындардан кешірім сұраған еді.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қараша айында Риддер ЖЭО апатына байланысты 22 мыңнан астам абонент жылусыз қалды. ТЖ режимі енгізілді. Қаладағы ЖЭО-да кезекті апат ағымдағы жылдың қаңтар айының басында орын алды.

Другие новости

Back to top button