3 жыл тексерусіз: Қазақстанның шағын бизнесі орта бизнес деңгейіне жете ала ма?
Асхат Смағұлов, Amarkets сарапшысы

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда микро және шағын бизнесті тексеруге және профилактикалық бақылауға үш жылдық мораторий енгізу ұсынылып отыр. Бұл бастама Президенттің 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында айтылып, қазір пысықтау сатысында тұр. Негізгі мәселе – әкімшілік қысымның төмендеуі еңбек өнімділігінің артуына, инвестициялардың өсуіне және тұрақты өндірістік компаниялардың пайда болуына ынталандыру бола ала ма.
ШОБ-тың өсуі – өнеркәсіптік дамудың көрсеткіші емес
Алғашқы үш жылдық мораторий бақылау жүктемесін айтарлықтай азайтты. Мемлекеттік органдардың деректеріне сәйкес, 2020 жылы шағын және микробизнесті тексеру саны шамамен 7 есе қысқарды. Бизнесті тексерудің жалпы саны 2019 жылғы 224 мыңнан 2020 жылы 70 мыңға дейін азайды.
Кейінгі жылдары кәсіпкерлік сектор кеңейді. Жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 2020 жылғы 1,36 млн-нан 2023 жылы 2 млн-ға дейін, ал жұмыспен қамтылғандар саны 3,47 млн-нан 4,4 млн адамға дейін өсті. 2026 жылдың басында жұмыс істеп тұрған субъектілердің саны 2,18 млн-ға, ал жұмыспен қамтылғандар саны 4,53 млн адамға жетті.
Алайда кәсіпкерлер санының артуы елде өндірістік компаниялар саны да соған пропорционалды түрде көбейді дегенді білдірмейді. Олардың басым бөлігін жеке кәсіпкерлер мен шағын компаниялар құрайды, ал орта бизнес әлі де шағын сегмент болып отыр. Қазақстан кәсіпкерлік базасын кеңейтуді үйренді, алайда шағын бизнестен орта бизнеске өту әзірге жаппай сипат алған жоқ.
Микробизнес жұмыспен қамтуды, сауда мен қызмет көрсету салаларын қамтамасыз етеді. Орта кәсіпорындар өндірістік тізбектер құрып, жабдықтарға инвестиция салуға, технологияларды игеруге және сыртқы нарықтарға шығуға қабілетті. Дәл осы екінші типтегі компаниялардың тапшылығы шикізаттық емес өндірісті кеңейту мүмкіндіктерін шектейді.
2026 жылдың басында елде орта кәсіпкерлік субъектілеріне жататын шамамен 3,1 мың заңды тұлға тіркелген. Бұл жұмыс істеп тұрған барлық ШОБ субъектілерінің шамамен 0,14%-ын құрайды. 2025 жылы орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі шамамен 7,2% болса, шағын бизнестің үлесі 33,7%-ды құрады. Жеке кәсіпкерлік пен ірі компаниялардың арасында тұрақты түрде инвестиция салып, өндіріс көлемін ұлғайтуға қабілетті кәсіпорындар қабаты салыстырмалы түрде жұқа болып отыр.
Шағын бизнестің орта бизнеске айналуы неге қиын
Өндіріс саласына көшу үшін ресурстардың басқа ауқымы қажет: жабдықтар, үй-жайлар, инженерлік инфрақұрылым, мамандар, айналым капиталы, сертификаттау және уақыт.
Негізгі кедергі – ұзақ мерзімді әрі қолжетімді қаржыға қол жеткізу. ЭЫДҰ деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда ШОБ-қа берілетін кредиттердің орташа мөлшерлемесі шамамен 20%, ал ірі кәсіпорындар үшін 17,4% болды. Қаржыландыру құны осындай болған жағдайда өтелу мерзімі 5–7 жылды құрайтын жоба тиімсіз болуы мүмкін. Қосымша шектеулерге кепілзаттың жетіспеушілігі мен меншікті капиталдың аздығы жатады.
Осылайша, тұйық шеңбер қалыптасады: кредитсіз кәсіпорын жабдық сатып алып, еңбек өнімділігін арттыра алмайды; еңбек өнімділігі артпаса, пайданы көбейтіп, капитал жинау қиын; ал капитал мен кепілзат болмаса, банк ірі көлемде қаржыландыруға дайын емес.
Нарықтарға қол жеткізу мәселесі де бар. Егер жеткізілім көлеміне, қаржылық тұрақтылыққа және қамтамасыз етуге қойылатын талаптар ірі қатысушылардың мүмкіндіктеріне сай белгіленсе, шағын өндірушіге ірі компаниялардың тапсырыстары мен мемлекеттік сатып алуларға қатысу үшін бәсекелесу қиынға соғады. Бәсекелестіктің тең емес жағдайлары мен жекелеген мемлекеттік кәсіпорындарға берілетін артықшылықтар да жеке бизнестің дамуын тежейді.
Сондықтан мораторий ағымдағы шығындарды азайтуы мүмкін, бірақ шағын компаниялардың өсуіне кедергі келтіретін тосқауылдарды жоймайды. Бизнесті ауқымдандыру үшін кепілдендірілген сұраныс, инвестициялық капитал, инфрақұрылым және өндірістік тізбектерге қосылу мүмкіндігі қажет.
Қазақстанда шағын бизнестің трансформациялану өлшемшарттары қандай көрсеткіштер болуы тиіс
| Бағыт
|
Нені өлшеу керек*
|
Қандай нәтижеге қол жеткізу қажет |
| Әкімшілік жүктеме
|
Тексерулер саны, шағын бизнестің уақыт пен қаражат шығындары | Қауіпсіздік деңгейін төмендетпей шығындарды азайту |
| Ауқымдандыру
|
Шағын сегменттен орта сегментке өткен кәсіпорындар саны | Орта бизнестің тұрақты өсуі
|
| Инвестициялар
|
Шағын бизнестің нақты мәндегі күрделі салымдары
|
Жабдықтарға, технологияларға және жаңғыртуға салынатын инвестициялардың өсуі |
| Еңбек өнімділігі
|
Жұмыспен қамтылған бір адамға шаққандағы қосылған құн | Жұмыспен қамту көлемінің өсуіне қарағанда сапалы өсімге басымдық беру |
| Өнеркәсіп
|
Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының өндіріс көлемі | Өндірістің жалпы шығарылым құрылымындағы үлесін арттыру |
| Қаржыландыру
|
Ұзақ мерзімді кредиттер мен лизингтің үлесі | Инвестициялық капиталға қол жеткізу мүмкіндігін жақсарту |
| Кооперация | Ірі компаниялардың жергілікті жеткізушілерінің саны | Өндірістік тізбектерді кеңейту
|
| Экспорт | Экспортпен айналысатын шағын бизнес субъектілерінің саны және шикізаттық емес экспорттың құны | Сыртқы нарықтарға шығу
|
* Экономика өнімділігін арттыру үшін осы көрсеткіштердің 2027 жылдың басындағы базалық мәндерін белгілеп, оларды жыл сайын талдап, нәтижелерін жариялап отыру қажет.
3 жыл ішінде не өзгеруі тиіс
Негізгі мәселе: 2027–2029 жылдары мемлекеттік қолдаусыз тұрақты түрде дами алатын компаниялар саны арта ма?
Бірінші шарт – қадағалау жүйесінің болжамдылығы. Жаппай бақылаудың орнына тәуекелге бағдарланған түсінікті қағидалар, қайталанатын тексерулердің болмауы және шағымдарды қараудың тиімді тетігі қажет.
Екінші шарт – инвестициялық қаржыландыруға қол жеткізу. Пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялаумен қатар, кредиттер бойынша кепілдіктер, өнеркәсіптік лизинг және жабдық сатып алу мен жаңғыртуға арналған ұзақ мерзімді қаржыландыру өнімдері қажет. Қолдау өміршең кәсіпорындардың коммерциялық қаржыландыруға қол жеткізуіне көмектесуі тиіс, бюджеттен берілетін жеңілдіктерге тәуелділікті күшейтпеуі керек.
Үшінші шарт – ірі өндіріс орындарымен кооперацияны дамыту. Шағын бизнестің мамандану арқылы орта бизнеске айналу мүмкіндігі бар. Бұл – бөлшектер мен құрамдас бөлшектер өндіру, металл өңдеу, қаптама жасау, жабдықтарды жөндеу, өнеркәсіптік автоматтандыру, ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу сияқты бағыттар. Ірі кәсіпорынның ұзақ мерзімді тапсырысы өткізу нарығын айқындап, инвестиция салуға негіз болады. Ол үшін сатып алу рәсімдері ашық, лоттар көлемі қолжетімді, ал төлемдер уақтылы жүргізілуі қажет.
Ақырында, қолдау нақты тиімділікті арттырумен байланысты болуы тиіс. Компаниялар мен кредиттер санын ғана емес, жабдықтарға салынатын инвестицияларды, еңбек өнімділігін, қосылған құны жоғары өнім шығаруды, жергілікті жеткізушілер санын және шикізаттық емес экспортты да нақты мәнде бағалап, бақылау маңызды.
Жаңа мораторий экономикалық саясаттың кең ауқымды шараларының бір бөлігіне айналуы тиіс. Оның нәтижелілігі үш жылдан кейін тексерулер санының азайғаны немесе тіркелген субъектілер санының өскені туралы есеп берумен өлшенбейді. Нақты нәтиже – өндіріс көлемін ұлғайтқан, еңбек өнімділігін арттырған, білікті жұмыс орындарын ашқан және жаңа нарықтарға шыққан мыңдаған компания.


