Социум

Жасанды интеллект қолданылған алғашқы отандық гибрид-фильм: «Тоқылдақ» мистикалық триллері үлкен экранға жол тартады

Taurus Asia Production кинокомпаниясы дәстүрлі түсірілім мен актерлердің шынайы ойынын жасанды интеллект арқылы арнайы эффектілермен көркемдеген алғашқы толықметражды отандық гибрид-фильм — «Тоқылдақ» картинасының жарыққа шығатынын хабарлайды. Фильмнің тұсаукесері 26 қарашаға жоспарланған.

Жоба кино өндірісінде заманауи тәсілдерге жүгіне отырып жасалған: режиссура, сценарий, операторлық жұмыс және түсірілім алаңындағы актерлік ойын толықтай дәстүрлі форматта қалса, кейбір визуалды эффектілер генеративті нейрожелілердің көмегімен жүзеге асырылған. Мұндай гибридті әдіс кадрдағы шынайы адами болмыс пен сенімділікті сақтай отырып, деңгейі блокбастерлерден кем түспейтін күрделі визуал жасауға мүмкіндік берді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылында прокатқа шығу біз үшін айрықша маңызды болды. Сондай-ақ мұнда жасанды интеллект шығармашылық иелерін алмастырмай, арнайы эффектілер студиясының қызметін ғана атқарады. Бұл шағын тәуелсіз топқа экранда кез келген ауқымдағы визуалды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Осылайша «Тоқылдақ» отандық кинематограф тарихында жаңа деңгей болмақ. Гибридтік форматтың толықтай нейрожелімен жасалған фильмдерден айырмашылығы — ЖИ-ді тек өндірістік құрал ретінде пайдалана отырып, кадрдағы шынайы адами эмоцияны сақтап қалуында», — дейді картина продюсері Анара Жүнісова.

Фильмнің желісі Олжас есімді жасөспірімнің өмірі туралы: мектепте қатарластарынан қысым көретін оны үйдегі үлкендер де түсінбейді. Бір күні оқушының қолына жұмбақ дәптер түседі. Сол сәттен оның өмірі күрт өзгеріп, айналасында үрейлі оқиғалар орын ала бастайды…

Мистикалық триллер жанрындағы әлеуметтік драманы бұған дейін атышулы Sheker жобасының сценарисі ретінде танылған дебютант-режиссер Арыстан Каунев таспалаған. Оператор Серік Қамызин мен қоюшы-суретші Ермек Хамитов үшін де бұл үлкен кинодағы алғашқы дербес туынды. Осылайша дебютанттардан құралған команда буллинг, жалғыздық және мистика тақырыптарын арқау еткен фильммен отандық киноиндустрияны бағындыруға бел буып отыр. Фильм авторлары буллингке қарсы екенін айтып, экрандағы оқиғалардың астарында бүкіл қоғам болып бірлесе шешуді қажет ететін бүгінгі күннің өзекті мәселелері жатқанын атап өтті.

«Бұл мистикалық триллер болғандықтан, күрделі сахналары көп. Оларды жүзеге асыру үшін біз осы салада бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан серіктестерімізге жүгіндік. Оларда бұрын көп уақыт пен қаржыны талап ететін дүниелерді жасай алатын арнайы Neyra Studio бағдарламасы бар. Бұл — тәуелсіз авторларға өз киносын түсіруге көмектесу үшін әзірленген арнайы оқытылған бағдарлама. Сонымен қатар біз фильмдегі жекелеген сахналарды ЖИ арқылы жасап қана қоймай, стандартты VFX-ті де қатар қолдандық. Тағы бір қызығы — фильмді ілгерілету барысында көрерменді осы оқиғаның бір бөлшегіне айналдыру үшін жаңа медианы, яғни онлайн-ойынды іске қостық. Қазақстанда бұған дейін мұндай тәсілді ешкім қолданбаған», — деп атап өтті картина продюсері Анна Чакиртова.

Жоба авторлары озық геймдев-технологияларға сүйеніп, болашақ картинаның әлеміне негізделген толыққанды браузерлік онлайн-ойынды іске қосу арқылы ерекше жарнамалық науқан ұсынды. Ойын көрермендерге премьераға дейін-ақ фильмнің атмосферасына еніп, басты кейіпкерлермен интерактивті форматта танысуға мүмкіндік береді. Онлайн-ойын мына сілтеме бойынша қолжетімді: https://tokyldak.kz/?lang=ru 

Осылайша «Тоқылдақ» жасанды интеллект көмегімен жасалып, кең прокатқа шыққан алғашқы қазақстандық фильм болмақ. Картинадағы басты рөлді «Тренер аға» сериалы арқылы көпшілікке танылған жас актер Мағзаман Төренияз сомдады. Сондай-ақ фильмде Толқын Нұрбекова, Әсел Ақбарова, Айбарыс Сауытқан, Әмина Оразбай, Жасұлан Әйтен, Алмагүл Сағындық, Кенжебек Башаров және тағы басқа актерлер бой көрсетті.

«Тоқылдақ» 2026 жылдың 26 қарашасынан бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларында кең прокатқа шығады.

Другие новости

Back to top button