Госорганы

Қазақстанның қай аймақтарында кісі өлтіру дерегі көп тіркеледі – статистика

Биыл елімізде кісі өлтіру және өлтіруге оқталу дерегі былтырғыдан 9,4%-ға көбейіп кеткен

Биылғы қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша Қазақстанда 537 кісі өлтіру және өлтіруге оқталу дерегі (бір жыл бұрынғыдан 9,4%-ға көп) тіркелді. Оның ішінде 356 кісі өлтіру дерегі тіркелсе, 181 іс адам өлтіруге дайындалу және оқталу бойынша қозғалған. Алматы зорлық-зомбылықтан қаза тапқандар саны бойынша көшбасшы болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ranking.kz зерттеуінше, Қазақстанда аналардың жаңа туған нәрестесін өлтіруіне қатысты дерек тіркелсе, тағы бес кісі өлімі өзін-өзі қорғаудың тиісті әрекетін шамадан тыс қолданудан болған. Сондай-ақ абайсызда адам өліміне әкеп соғудың 28, өзін-өзі өлтіруге итермелеудің 858 оқиғасы тіркелген.

«Өңірлік тұрғыда ең көп құқықбұзушылық Алматы қаласында: 160 кісі өлтіру және оған оқталу (бір жыл бұрынғыдан 4,2 есе көп) тіркеліп отыр. Кісі өлтіру дерегі бойынша алғашқы үштікке сонымен қатар, Алматы облысы (49 жағдай) мен Шығыс Қазақстан облысы (48 кісі өлтіру) кірген», — дейді сарапшылар.

Еліміздің 20 өңірі арасында жаңадан құрылған Жетісу және Абай облыстарында мұндай құқықбұзушылықтар азырақ тіркелді, бұл жаңа өңірлерде бір-бір оқиғадан тіркелді. Ал Ұлытау өңірінде аталған құқықбұзушылықтар мүлдем тіркелмеген.

Кісі өлтіру және өлтіруге оқталу бойынша ашылған қылмыстардың жеті ай ішіндегі көрсеткіші 93,9% құрады. Қылмыс 100% ашылған өңірлер — Жамбыл, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары. Кісі өлтіру фактілері бойынша қылмыс аз ашылған өңір Алматы екені белгілі болды: мұнда қылмыстардың небәрі 76,9% ғана ашылған.

 

Другие новости

Back to top button