Социум

Алматыда ЮНИСЕФ-тің мерейтойлық гала-кешкі асы өтті: жиналған қаражат балаларды буллинг пен зорлық-зомбылықтан қорғауға бағытталады

БҰҰ Балалар қорының 80 жылдығына арналған қайырымдылық кеші бизнес, дипломатиялық қауымдастық және мәдениет өкілдерінің басын қосты. Аукционда 21 бірегей лот ұсынылды.

Алматыда БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) 80 жылдығына орай UNICEF Anniversary Gala «The Light Within» («Ішкі нұр») атты мерейтойлық қайырымдылық гала-кешкі асы өтті. Кеш Қазақстандағы балаларды буллинг пен зорлық-зомбылықтан қорғауға қаражат тарту мақсатында бизнес өкілдерін, меценаттарды, дипломаттар мен мәдениет қайраткерлерін біріктірді.

Іс-шара қорытындысы бойынша 502 950 000 теңге жиналды. Барлық қаражат мектептердегі буллингтің алдын алуға және зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға көмек көрсету жүйесін нығайтуға жұмсалады.

Жиналған қаражат қандай мақсаттарға жұмсалады

ЮНИСЕФ-тің қайырымдылық кешінде жиналған қаражат мектептердегі буллингтің алдын алуға, сондай-ақ зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе оған куә болған балаларға көмек көрсетуге арналған бағдарламаға бағытталады. ЮНИСЕФ бұл бағдарламаны Қазақстан Үкіметімен бірлесіп жүзеге асырады.

Бағдарлама аясында 1 млн бала мен жасөспірімді мектептердегі буллингтің алдын алу және қауіпсіз орта қалыптастыру іс-шараларымен қамту, сондай-ақ педагогтерді, психологтерді, заңгерлерді, судьялар мен полиция қызметкерлерін қоса алғанда, 15 мың маманның біліктілігін арттыру көзделген. Дайындық зорлық-зомбылық белгілерін ерте анықтауға және балаларға уақтылы көмек көрсетуге бағытталады.

Бағдарлама балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі барлық 20 өңірлік басқармада балалар мен отбасыларды сүйемелдеу жұмысын және ведомствоаралық өзара іс-қимылды жақсартуға ықпал етеді. Зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе оған куә болған балаларға көмек көрсететін 20 орталықта мамандардың жұмысы «бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдастырылады. Бұл балалардың қажетті қолдауды тезірек алуына мүмкіндік беріп, қайта психологиялық жарақат алу қаупін азайтады.

Жиырма бір лот — жиырма бір тарих

Кештің басты оқиғаларының бірі 21 лотты біріктірген қайырымдылық аукционы болды. Олардың қатарында қазақ және әлемдік сәндік-қолданбалы өнер туындылары, зергерлік бұйымдар, коллекциялық заттар мен танымал тұлғалардың жеке заттары бар.

Қонақтарға Рахимбаевтар отбасының коллекциясындағы ай метеоритінің сынығы, Маңғыстаудан әкелінген 1950 жылдардағы өрнекті асадал асүй сандығы, Тамерлан Тлестің «Томиристен шабыт алған» қола мүсіні және Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенованың жеке коллекциясындағы күміс білезік ұсынылды.

Өнер туындылары қатарында Әділ Әубекеровтің «Маңғыстау» картинасы, Сальвадор Далидің «Тристан мен Изольда» графикалық жұмысы, суретші Гаухар Бисенғалиеваның «Самал» киіз панносы, сондай-ақ көне тоқыма бұйымдары — кестеленген қабырға панно – тұскиізі мен Арал өңірінен шыққан қолдан тоқылған кілем болды.

Аукционның жеке бір бөлігін зергерлік бұйымдар мен дизайнерлік аксессуарлар құрады: Nómada коллекциясындағы Carrera y Carrera алқасы, Bvlgari брендінің Divas’ Dream әшекейі, Jimmy Choo Raindrops кешкі сөмкесі, Mini Pavé Wild Flower коллекциясындағы GRAFF алқасы және So Move коллекциясындағы Messika танамоншағы.

Басқа лоттар арасында ақын Фариза Оңғарсынованың жеке заттарының бірі — Parker қаламы, Олжас Сүлейменовтің авторлық қолтаңбасы қойылған кітаптар жинағы және футболшылардың қолтаңбалары бар «Реал Мадрид» футбол клубының 2024/25 маусымындағы өз алаңында ойнауға арналған жейдесі болды.

ЮНИСЕФ-тің қайырымдылық аукционына лоттарды Рахимбаевтар отбасы, Толымбек отбасы, Фариза Оңғарсынованың отбасы, Вера Брежнева, Бибігүл Төлегенова, Тамерлан Тлес, Әділ Әубекеров, Айнұр Боранбай, Наталья Кривец пен Тьерри Плезан, BE WOMAN ұйымымен бірлескен Наталья Водянова, Данагүл Төлепбай, Гаухар Бисенғалиева, Арманжан Байтасов және Лаура Адамова (Living Atmosphere) ұсынды. Сондай-ақ лоттарды Constella, Sansi, Jimmy Choo, VILED Group (Graff зергерлік үйі), Messika Kazakhstan, Испания Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігі және Нұрлан Смағұлов қоры ұсынды.

Балаларды қолдауға арналған кеш

Кештің The Light Within («Ішкі нұр») тақырыбы әрбір баланың қамқорлыққа, қорғалуға және өз әлеуетін ашуға мүмкіндік алуға лайық екені туралы идеяны білдіреді. Гала-кешкі ас балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қорғау бастамаларын қолдауға дайын адамдар мен ұйымдардың басын қосқан алаңға айналды.

«Әр баланың бойында өз нұры бар — ол білуге құштарлық, мейірімділік, талант пен арман. Біздің ортақ жауапкершілігіміз — баланың зорлық-зомбылықтан, қорлаудан және буллингтен қорықпай өсіп-жетілуіне жағдай жасау», — деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі доктор Рашед Мустафа Сарвар.

2026 жылы ЮНИСЕФ құрылғанына 80 жыл толуын атап өтуде. Ұйым 1946 жылғы 11 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен құрылды және бүгінде 190-нан астам ел мен аумақта жұмыс істейді. Қазақстан 1994 жылы Бала құқықтары туралы конвенцияға қосылды. ЮНИСЕФ 30 жылдан астам уақыт бойы Қазақстандағы мемлекетпен және серіктестермен балалардың құқықтарын қорғау және балалар мен отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында ынтымақтасып келеді.

ЮНИСЕФ-тің қайырымдылық гала-кешкі астары Қазақстанда 2024 жылдан бері өткізіліп келеді. Астанада өткен алғашқы кеште ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың цифрлық инклюзиясын дамытуға 92 млн теңге жиналды. 2025 жылы Алматыда өткен Dreams Without Borders кешінде 283 млн теңге жиналды. Бұл қаражат бес пилоттық өңірде балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын қолдауға арналған «Сенімді дос» бағдарламасын іске асыруға көмектесті.

Бағдарлама аясында білім беру және денсаулық сақтау салаларының 195 мың маманы даярлықтан өтті. 150 мыңнан астам бала әлеуметтік және эмоциялық дағдыларын нығайтты, ал тәуекел тобындағы 10 мыңнан астам бала кәсіби қолдау алды. Оқытылған мамандар 1754 баланың бойынан суицид қаупінің ықтимал белгілерін анықтап, қажетті көмекті дер кезінде көрсете алды.

Мерейтойлық кеш осы дәстүрді жалғастырып, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау және олардың қауіпсіз әрі жан-жақты дамуына жағдай жасау жолындағы ортақ мақсатқа бизнес пен қоғамның күш-жігерін біріктірді.

ЮНИСЕФ кештің бас серіктесі «Integra Construction KZ» ЖШС-не, гала-кешкі ас өткен The Ritz-Carlton, Almaty қонақүйіне және ресми серіктестер — Тимур Құлыбаевтың «Халық» қайырымдылық қоры» жеке қорына, BI Group пен AV Service компанияларына алғыс білдіреді.

ЮНИСЕФ сондай-ақ қолдау көрсеткені үшін Динара Сәдуақасованың шахмат академиясына, KETROY, «Еуразиялық банк» АҚ, inDrive, «Creative City» ЖШС, INVICTUS, Black&White Production, Esentai Mall сауда орталығы, «MYD Production» ЖШС, «Change PR» ЖШС, STEPPE редакциясы, «Tatler Kazakhstan» ЖШС, «Курсив» редакциясы, Kapital.kz іскерлік ақпарат орталығы, «DKNews.kz» халықаралық ақпарат агенттігі, The St. Regis Astana, Sheraton Astana Hotel және Rixos Borovoe қонақүйлері, «Show screen» ЖШС, Under Control, Нұрбек Қадырберген, VELADA, KINRAI BAND, Qkey және GAMI би мектебіне алғыс білдіреді.

ЮНИСЕФ қандай да бір компанияны, брендті, өнімді немесе қызметті қолдамайды.

 

Другие новости

Back to top button