Социум

Қазақстандықтар жазғы демалыста қайда саяхаттайды: Ең арзан турларға шолу

Жаз көпшілік көптен күткен демалысқа шығып, отбасылық саяхат жоспарланатын керемет мезгіл. Қазақстандықтардың бұл мезгілде тиімді демалыс турларын іздейтіні сөзсіз. Stan.kz ақпарат агенттігі жаз мезгілінде қай елге шығу ең арзан әрі тиімді екеніне шолу жасады.

 

Туроператор Мадина Сәбитованың айтуынша, тур бағалары көптеген факторларға байланысты қойылады. Мәселен, қонақүй деңгейі, қанша күн түнейтіні мен тағы басқа қосымша жағдайларға қарай баға да қымбаттай түспек.

“Мысалы, ең арзан тур ретінде БАӘ айтуға болады. Себебі мұнда таңғы ас ұсынылатын 2,3,4 шағын жұлдызды рейтингі бар қонақүйлердің саны жеткілікті. Оның үстіне турға 3-4 күнге ғана баруға болады. Ал арзан қонақүй мен қысқа мерзімді демалыс бюджеттік турға жатады”, – деді маман.

Маманның ойынан соң бірнеше отандық танымал турагенттіктердің бағаларын салыстыра отырып оқырмандарымызға арнайы шолу жасадық.

Біріккен Араб Әмірлігі  – бағалар бір адамға 150 мың теңгеден басталады. Бұл сомаға ұшу билеті, қонақүй кіреді. Дегенмен, бесжұлдызды қонақүй мен үш мезгілдік тамақ секілді қосымша жағдайлар, Абу-Даби, Дубай қалаларын таңдауыңызға қарай баға өзгеруі мүмкін.

Бұл елге жазда бару тәуекелге барумен тең. Себебі жаз айларында мұнда ауа райы +40°С-тан жоғары, ал су температурасы +34°C-қа дейін барады. Елде құмды дауыл соғады. Сондықтан жағажайда тек ыстыққа төзімді туристер ғана жүре алады. Дегенмен дамыған мемлекетте жағажайдан бөлек сәулетті ғимараттар көз тартады. Әрі мұнда транспорт пен сауда орталықтарында туристерге барлық жағдай жасалған. Қазақстандықтар арзан әрі тиімді бағасы үшін бұл елге жылдың барлық мезгілінде барып жатады.

Египет –  бір адамдық турдың құы 270 мың теңгенің көлемінде. Мұнда қонақүй, таңғы және кешкі ас кіреді. Бұл ел, әсіресе, балаларымен демалысқа шыққан отбасылар мен топ болып барған достар үшін өте қолайлы. Қызыл теңіз бен пирамидалардың өзі әлемнің түкпір-түкіпірінен  келуші туристерді тартады.

Египетке турларды жылдың кез келген уақытында сатып алуға болады. Дегенмен демалыс үшін дұрыс аймақты таңдаған жөн. Египетке тураларға сұраныс көбейетін мезгіл қаңтардан сәуір айы аралығында болады. Ал маусым мамыр айларынан күздің басына дейін мұнда ауа-райы құрғақ әрі ыстық болады. Мамандар мұнда мамыр мен күз айларында баруға кеңес береді. Алайда Мысырға сапарлар бағасы жазда арзандайтындықтан көптеген туристерге күннің ысуы кедергі емес. Олар суға түсіп, демалу үшін келіп жатады. Сол себептен Египет қыста да, жазда да демалатын елдер қатарында.

Түркия –  жаз мезгілінде баруға ең қолайлы ел. Мұнда мамыр айында күн жылына бастайды. Ал жаз бастала салысымен теңіздегі су жылынып, таулы аймақтарындағы ауа-райы демалысқа таптырмас жер болады. Әрине бұл елде де жаздың ортасында ыстық ауа райы күтіледі. Дегенмен жағажай мен курорттарда демалысты жақсы өткізуге мүмкіндіктер қарастырылған.

Қазір Түркияға турлардың орташа бағасы 220-250 мың теңге. Оның ішінде тур бағалары бір адамға Алания қаласына 175 мың теңгені, Стамбулға 315 мың теңгені, Анталияға 275 мың теңгені, Бодрумға 225 мың теңгені құрайды.

Грек еліне – турларды жылдың кез келген уақытында сатып алуға болады. Бұл ел қыста да, жазда да туристерді қуана қабылдайды. Грекияға демалыс маусымының қызатын шағы маусым мамырда басталып, қыркүйектің соңына дейін созылады. Бұл кезде ауа мен судың температурасы қолайлы деңгейге дейін қызып, жағажай демалысы үшін таптырмас қалыпта болады. Мұнда саяхат 1 адамға 274 мың теңгеден  басталады. 187 мың теңгеге жеңілдіктерді де табуға болады. Сталида, Афина, Аттика қалаларын таңдауға болады. Әрине тур бағасы да қала мен қонақүй қызметтеріне байланысты өспек.

Грузия (Гүржістан) – туралар құны орташа 223 мың теңгеден басталады. Атап айтқанда, Батумиге бір адамға шамамен 135 мың теңгеге,  Тбилисиге 188 мыңға, Кобулетиге 253 мың теңгеге алуға болады.

Грузия елімізге салыстырмалы түрде жақын орналасқандықтан, сапар арзанырақ болады. Мұнда туристік қызмет ел аумағында айтарлықтай дамыған.

Грузин курорттарында қонақүйлерге таңдау көп. Олардың арасынан қалтаңызға қарай кез-келген бюджет түріне орын таба аласыз. Мұнда арзан бағада екі жұлдызды қонақ үйлерден бастап, тиімді бағада жақсы қызмет көрсететін үш және төрт жұлдызды қонақүйлер бар.

Ойын-сауықтың көптігінің арқасында мұнда жылдың барлық мезгілінде баруға болады.

Жазда демалушылар ыстық құм, жылы теңіз бен көлеңкелі ормандар, әдемі пейзаждарды тамашалай алады. Жазғы маусымда саяхаттауға ең жақсы уақыт — маусымнан тамыз айы аралығында. Грузин курорттары қонақжайлылығымен, дәмді тағамдарымен және шараптарымен танымал.

Таиланд – бұл елге турлар 205 мың теңгеден басталады. Соңғы жылдары бұл елге саяхаттаушы қазақстандықтардың саны артқан. Пхукетке – бір адамға 280 мың теңге, Паттайяға 262 мың теңге, Као Лак – бір адамға 347 мың теңге тұрады.

Таиланд — тропикалық аймақ болғандықтан мұндағы табиғат адамға естен кетпес әсер сыйлайды. Бұл ел жалғыз да, достармен де отбасылық демалысқа да өте ыңғайлы.

Дегенмен басқа курорттық елдерге қарағанда Тайландта жазғы уақытта демалу тиімді кезең емес. Мұнда жаз мезгілінде үздіксіз жаңбыр жауады. Сол себепті маусымнан тамыз айының соңына дейін турлар құны үш есе төмен болады. Егер сіз жауынды ұнататын болсаңыз, онда жылдың кез келген мезгілінде, әсіресе жаздағы арзан бағамен Тайландта тамаша демала аласыз.

Әзірбайжан еліне саяхат бір адамға 195 мың теңгеден баталады. Бұл бағаға Баку қаласындағы төрт жұлдыз қонақ үй мен таңғы ас кіреді. Егер сіз көп уақытыңызды жолда өткізгенді ұнатпасаңыз жақын орналасқан осы елге бару таптырмас шешім.

Бұл ел өзінің дәмді тағамдарымен, шараптарымен, түрлі ойын-сауықтарымен, қайталанбас ежелгі көрікті жерлерімен, әсем табиғатымен танымал. Сондай-ақ жағажай демалыстары, сауықтыру турлары, санаторийлердегі процедуралары тағы бар.

Туроператорлар экскурсиялық, гастрономиялық, шараптық, сауықтыру секілді ұсынатын ең танымал бағдарламаларды ұсынды.

Әзірбайжанға барып табиғатты тамашалауға ең тиімді кезең сәуір, мамыр айларында. Ал маусым айынан қыркүйекке дейін Каспий теңізі жағасында нағыз демалыс кезеңі басталады. Күз басталысымен бұл елде жаңбыр жиі жауатындықтан туристер саны да азаяды.

Туроператор Мадина Сабитованың айтуынша, отбасылық демалыс кезеңі қыза түсетін жаз мезгілінде жұртшылықтың ең көп таңдауы Түркия, БАӘ, Египет сияқты елдерге түседі екен.

“Жазғы демалыс үшін жақсы ел таңдауда әр адам өз қалауларын қанағаттандыратын елді таңдайды. Соған орай турагенттіктер де қолайлы жағдай жасайды”, — деді маман.

Другие новости

Back to top button