Социум

Қазақстанда бойдақтар саны неге артқан: Мамандар жауап берді

Елімізде шаңырақ көтеретін жасқа жеткен бойжеткендердің 30%-ға жуығы, ал жігіттердің 40%-ы бойдақ. Деректерге сай қазақстанда үйленбей жүргендер саны артқан. Мамандар бұған материалдық жағдайдың басты себеп екенін алға тартады. Бұл туралы  Еуразия бірінші хабарлайды. 

 

Қазақстанда жасы біразға келсе де үйленуге асықпайтын жігіттердің қатары соңғы жылдары екі еселенген. Сарапшылар отау құрғысы келетін серілерді көбіне материалдық жағдайы ұстап қалатынын айтады.

“Мүмкіндік болса кез келген адам үйленеді. Бәлкім екінші жартыларын кездестірмеген шығар” , ”Көбісі жұмысқа орналасып алсам, карьерамды өсірсем дейді”, – деді тұрғындар.

Әлеуметтанушы қазіргі жастардың үйленуге рационалды қарайтынын айтады. Яғни заңды түрде некеге отырмас бұрын үй-жайын реттеуді жөн көріп, карьерасына баса назар аударады.

“Қазіргі кезде жастардың үйленбей жүруіндегі басты себеп әрине, экономикалық әлеуметтік фактор. Бұған бүгінде жаңа ұрпақтың өзіндік психологиясындағы біраз рационалдық қадамдардың жасалуы себеп. Яғни асықпай баппен жүру”, -деді әлеуметтанушы Нұрлан Байғабылов.

Мамандар сонымен қатар бойдақтардың үйленбеуіне психологиялық факторлардың да әсер етуі мүмкін екенін алға тартты.

“Көбіне толық жанұядан шықпағандар үйленуге асықпайды. Өйткені ер болсын, әйел адам болсын оларда отбасы институты құрылмаған. Яғни қалай отбасы болуы керек екендігі мен оның маңызын ұқпауы мүмкін. Сондықтар олардың көзқарасы өзгереді”, – деді психолог Асанәлі Хамзин.

“Әлеуметтік жағдайға қарайтын шығар көбіне. Ерте үйленген жақсы”, “25-ке дейін үйленбесе кәрі бойдақ атанады. Үйленіп, үй болып, бала сүйген дұрыс”, “Бойдақ жүрулері жағдайларына байланысты. Үй-жайын жасасам дейді”, – деді тұрғындар.

Сарапшылардың пайымынша материалдық жағдай өз алдына, кейбір сұрбойдақтардың жайлы өмірден шыққылары келмейді. Олар отбасы құрып, мойнына жауапкершілік алуды қосымша мәселе ретінде көреді.

“Мұны эгоизм деп айтсақ болады. Себебі қазір жастар көбіне тек өзін ойлап өседі.  Бұл жерде тәрбиеде көбіне аналары ұлдарын тым еркелетіп, барлығын сол үшін шешеді. Сол себептен жайлы өмірге үйреніп алған кейбір азаматтар үйленуді ойламайды”, – деп қосты әлеуметтанушы Нұрлан Байғабылов.

Елімізде шаңырақ көтеретін жасқа жеткен бойжеткендердің 30%-ға жуығы, ал жігіттердің 40%-ы бойдақ. Ал орта есеппен алғанда бүгінде қыздар 24-25 жасында келін атанса, жігіттер тек 30-ға таяу үйленеді екен.

Другие новости

Back to top button