Карагандинская область

Қарқаралыда балабақша есепшісі мүгедек қызын емдету үшін 24 млн теңге ұрлаған

Оған 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды

Қарқаралыда балабақша есепшісі 24 миллион теңге жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды  «Астана» телеарнасы.

Бұл фактіні Қарағанды ​​облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің тергеушілері анықтаған.

Іс материалдарына сәйкес, әйел 2 жыл бойы өз есепшотына мекемеден заңсыз ақша аударып келген.

Сот отырысында ол өз кінәсін жоққа шығармай, алайда қылмысқа мүмкіндігі шектеулі қызын емдету үшін барғанын мойындады. Оның 6 жасар қызы аутизммен ауыратыны және үнемі дәрігерлердің медициналық кеңестері мен қымбат дәрі-дәрмекті қажет ететінін белгілі болды.

Сот аталған мән-жайларды назарға алды. Есепші 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ ол жазасын қызы 11 жасқа толғанда өтейтін болады. Сондай-ақ ұрланған ақшаны да қайтаруы керек.

«2021-2022 жылдар аралығында бас есепші өзінің жеке карта шотына жалақы мен еңбек демалысы жинақтарын негізсіз аудару арқылы бюджет қаражатын ұрлағаны анықталды. Қарқаралы аудандық сотының үкімімен ол кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа режимдегі колонияда өтеу туралы үкім шығарылды және жазасын өтеу мерзімі 5 жылға дейін кейінге шегерілді», — делінген сот үкімінде.

Другие новости

Back to top button