ГлавноеСоциум

Қанды үндеу: Думанды карцерге қамаған, ол өзін тілгілеп қабырғаға «Оян, қазақ» деп жазды

«Экстремизмді қаржыландырып, тыйым салынған ұйым жұмысына араласты» деген айыппен 7 жылға сотталған Думан Мұхамедкәрім құқығы өрескел бұзылуына наразылық білдіріп, өзінің ішін, білегін, мойнын тілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz тілшісіне бұл жөнінде журналистің адвокаты Ғалым Нұрпейісов айтты.

Оның сөзінше, Думан Мұхамедкәрім өзін Талдықорғандағы тергеу изоляторынан Заречный кентіндегі түрмеге ауыстыруды талап еткен.

Ғалым Нұрпейісов журналисті сындыру үшін Талдықорғандағы тергеу изоляторы оны суық карцерге қамап тастағанын айтады.

“Олар сындырғысы келіп жылы киінбеген Думанды төсегі, орындығы жоқ бетон карцерге қамап тастаған. Думан наразылық ретінде қолын, мойнын және ішін тіліп, қанмен қабырғаға “Оян, қазақ” деп жазған. Оны көрген арнайы топ жүгіріп келіп, сол жерде карцерден шығармастан медициналық көмек көрсеткен. Изолятор бұл деректі тіркемеген. Бірақ карцерден шығармай қойған. Думан бұған наразылық білдіріп қайтадан өзін тілгілеп тастады” деген қорғаушы осыдан кейін барып оны камераға ауыстырғанын жеткізді.

Ғалым Нұрпейісов заңға сай, қазір Думан Мұхамедкәрім Заречныйдағы түрмеде отыруы керектігін айтады.

“Заречный қабылдауға дайын емес дейді. Қалай сонда? Думан лидер ғой. Ол түрмеде адамдарды өзіне қаратып алады деп ойлап оны ол жаққа жібермей отыр. Оның үстіне түрмеде сотталушылар жүреді, далаға шығады. Ал тергеу изоляторында ол жоқ. Солай Думанға әдейі қысым жасалып отыр” дейді құқыққорғаушы.

Адвокат Думанның құқығы өрескел бұзылып отырғанын, тіпті, болған жайтты өзіне хабарламағанын мәлім етті. Жағдайды Думанға барған кезде білген. Осыған байланысты қылмыстық атқару жүйесі комитетіне шағым түсірмек.

Ал Думан құқығы тапталғанына наразылық ретінде аштық жариялап жатыр.

Другие новости

Back to top button