Павлодарская область

Павлодар қаласындағы балабақшада балалар тәрбиешіден зорлық көрген

Осы жағдайға қатысты Білім басқармасы жауап берді

Павлодар қаласының арнайы мамандандырылған №52 балабақшасында балалар тәрбиешіден зорлық көрді. Бұл туралы Maruv қайырымдылық қоры Instagram парақшасында мәлім етті.

Автордың жазуынша, анасы ұлының денесінен көгерген іздерді байқап, бірден телефонға түсіріп алған. Келесі күні шағымын айту үшін балабақша тәрбиешілері мен басшысына барған. Артынша бейнекамера жазбаларын тексерген кезде тәрбиешінің тыныш жатқан балаларды түртпектеп, шымшылап күш қолданған сәтін көрген.

Ата-аналар бірден құзыретті органдарға өтініш жазған. Алайда балабақша басшылығы демалыс күндері қауіпсіздік камераларынан бейнежазбаның өшіп қалғанын хабарлаған. Сондай-ақ, қатыгез тәрбиешіге қатысты ешқандай шара қолданылмаған екен.

Azattyq Ruhy тілшісі Павлодар облысы әкімдігінің білім басқармасына хабарласып, аталған мәселеге қатысты түсініктеме сұратты.

«2022 жылғы 13 қазанда Павлодар қаласының № 52 арнайы балабақшасының әкімшілігіне «Балдырған» тобы тәрбиеленушісінің анасы жүгінді. Баланың анасы кеуде және арқа тұсында сызат іздері бар фотосуреттерді көрсетті. Бейнекамера жазбаларын қарау кезінде педагогтың шынымен де балаларға қатыгездік көрсеткені анықталды. Осы факті бойынша Орталық полиция бөлімінде әкімшілік іс қозғалды, тергеу аяқталғанға дейін тәрбиеші жұмыстан шеттетілді», — делінген хабарламада.

Білім басқармасының қатыгез тәрбиешіге қатысты берген мәліметтеріне сүйенсек, С.С. Махатова, жоғары білімді, 3 жылдық тәжірибесі бар маман. Аталған ұйымда жұмыс істеп жүргеніне 7 ай болған екен.

Сондай-ақ, Білім басқармасы бейнежазбаның неліктен жойылып кеткенін түсіндірді.

«13 қазанда «Балдырған» тобының ата-аналары бейнебақылау камераларын қарау кезінде бағдарлама істен шықты. 2022 жылғы 15-16 қазан аралығында бейнебақылау жүйесіне қызмет көрсететін ұйым ақаулықты жойды, мұны орындалған жұмыс актілері куәландырады», — делінген хабарламада.

Другие новости

Back to top button