Павлодарская область

Павлодар облысында 4 мыңнан астам ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандары анықталды

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның және оның жұмыс топтарының жүргізген жұмыстарының есебі жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

Өңірлік комиссия құрамында жыл бойы 11 бағыт бойынша 6 жұмыс тобы жұмыс істеген.

«Комиссия өткен ғасырдың 20-50 жылдарындағы қуғын-сүргін құрбандарын құқықтық және саяси ақтау үшін архив материалдарын, тарихи дереккөздер мен құжаттарды зерттеу бойынша дәйекті жұмыс жүргізуде», — деді Павлодар облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасынан.

Басқарманың мәлімдеуінше, жұмыс топтары жүргізген зерттеу нәтижесінде Павлодар облысының мұрағаттарында 449 қор, 2907 іс, 4002 ақталмаған азамат анықталды.

«Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Павлодар облысы прокуратурасына қарау үшін хат және 460 ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандарының тізімі жіберілді. Бұл бағыт бойынша жұмыс жалғасуда», — деді басқармадан.

Облыс бойынша 51 жаппай жерлеу орындары анықталды. Білім беру басқармасының «Ақпараттық технологиялар колледжінің» техникалық қолдауымен Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарының жерлеу орындарының интерактивті картасын құрастыру бойынша жұмыс басталды.

Айта кетейік, 2023 жылы екінші жұмыс тобының бағыттары бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы дербес мәліметтерге баса назар аудара отырып, мұрағаттық құжаттар мен материалдар жинағын шығару жоспарлануда.

 

Другие новости

Back to top button