Отпан тау тарихи кешені салынып, Адай ата кесенесі бой көтергелі бері жыл сайын атадан қалған өнегелі жол, қалыптасқан дәстүр бойынша, Адай ата ұрпақтары кезек кезегімен қасиетті өлкенің ең биік шоқыларының бірі – Отпан таудың басында Бірлік отын жағып, Амалды қарсы алып,ынтымақ пен бірліктің тойын тойлайды. Биылғы кезек – Адай атаның ең кенже немересі – Қарашаңырақтың иесі - Мұңал ата ұрпақтарының еншісіне тиді.
Қазақта «Қарашаңыраққа келіп көрісу» деген ұғым бар. Биылғы 14 наурыз - Амалда да қазақтың Қарашаңырағы - Маңғыстау жеріне ат басын тіреп, үлкен үйге көрісуге келгендердің санында шек болмады. Сонау Германия, Қытай, Иран, Ресей мемлекеттерінен келген қонақтар да, еліміздің түкпір - түкпірінен келіп жеткен мүйізі қарағайдай 40- қа жуық академиктер де, ұлт зиялылары Қарашаңырақ төрінде арқа - жарқа көрісіп, бауырмалдылықпен қауышып, үш жүздің басын қосқан ұлы салтанатқа қатысып, Отпан таудағы ғаламат бірлік пен ынтымақ тойының куәсі болды әрі бір ата балаларының мұндай деңгейдегі ауызбіршіліктеріне деген таңданыстарын да жасырмады.
Бір атаның балалары
Шежіреден тарататын болсақ, Мұңал - Келімбердінің ең кіші ұлы және Адай атаның кенже немересі. Көптеген шежiрелерде Адай батыр 115 жыл ғұмыр сүрiп, қартайған шағында кенже немересi Мұңалдың қолынан бақилық болып еді дейді. Сондықтан да Адайлар Мұңал ауылын «Үлкен үй» деп құрмет көрсететін болған. Өлерінде Адай бабамыз разылықпен «Мұңал, сенiң өркенiң өсер. Бар ықыласым саған ауды. Әке мен ананы сен секiлдi аялап бақсын ұрпақтарың.
«Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер» деген, маған iстеген жақсылығың, мейiрiм-ықыласың, аумай-төкпей алдыңнан шықсын!» – деп ақ батасын берiптi. Мұңал немересi де қос қолын бiрдей жайып, «Әумин, ата, айтқаныңыз келсiн!» – деген екен. Адайдың немересі Мұңалға берген батасы қабыл болып, Адай ұрпақтары арасында Мұңалдар малы мен басы қаулай өскен, содан барып оларды «Адай елiнiң қалың сауыры» деп мадақтаған. Көп тараған Мұңалдың ішінен мықты ақын да, небір дүлей өнер иесі де, пір Бекет сияқты қасиетті атамыз да шыққан.
Жетібай Жылқышыұлының жинаған деректері бойынша, Мұңалдың бәйбiшесi Мақпалдан үш ұл: Алақұлан (Алақұнан деп те айтады), Құрамыс, Әли, екiншi әйелi Тоқбикеден үш ұл: Бәйiмбет, Шоғы (Кейiннен «Қырықмылтық» атанған), Жаулы туылған. Мұңалдың осы 6 ұлынан дүреген ұрпақтары қаулай өсiп, замананың дұрыс шағында бақ-дәулетi қабындап тұрған кезiнде ел Мұңал ауылын «Азуы алты қарыс Мұңал» деп атаған көрiнедi. Алайда сонау «Ақтабан шұбырынды» кезінде көзден таса болған Құрамыс туралы көп ақпарат жоқ.
Алатау маңында (бірде Қазығұрт тауында деп айтылады) Мұңал отырған жұртта «Мұңал-ошақ» атты қасиетті орын болған. Науқас адамды, ауру малды сол ошақтан аттатып, үстінен айдап өтіп емдейді екен. Бүгіндері марқұм болған, қаламгер Оразауқан Iзбасарұлының «Адайлардың Маңғыстауға келуi» деген жазбасына үңілсек, «Адай бабамызды жерлеп, кәделерiн берiп, жылынан асқан соң елдiң ақсақалдары: «Адайдың ақ батасы – Мұңалда. Бұл шаңырақ бүгiннен бастап «Мұңал-ошақ» деп аталсын» деп бата жасапты.
«Мұңал-ошақтың» шарттарын белгiлептi, олары мынау екен: «Дау-жанжалдарды шешу үшiн де «Мұңал-ошақтан» аттайсың, ант беру үшiн де, тiптi сырқаттанған жандар шипа iздеп келсе де, осы ошақтан аттаулары керек». Осылайша, Адайларда киелi «Мұңал-ошақ» пайда болыпты...», - деп жазады. Бұл туралы естiмеген Адай ұрпақтары жоқ. Бiрақ, естiгендерiнiң өздерi сол «Мұңал-ошақтың» әйтеуiр бiр жерде бар екенiне сенгенмен, қайда екенiн тап басып айта алмайды.
«Қарашаңырақ» - Қазақтың шаңырағы
Амал күні Отпан тауда салтанатты түрде ашылған мәдени кешеннің «Қарашаңырақ» аталуы да, маңғыстаулықтар үшін қастерлі жерден бұл кешеннің бой көтеруі де тектен - тек емес, түп тамыры да сол Адай ата ұрпақтары - Мұңал ата тарихымен астасып жатыр. Амалды тойлаудан бұрын, оның рухани астарына үңілуге тырысқан Адайлар, оның ішінде Мұңал ата ұрпақтары да келешекке қалдыратын мұраның маңызын жақсы біледі. Бір жыл бұрын мұңалдықтар арнайы штаб құрып, «Мұңал ата» қорын ашып, Отпан таудағы игі шараға жауапкершілікпен қарап, жоспарлы түрде үлкен жұмыс атқарды. Бір ата балалары ұйыған ұйымшылдығы мен бірлігінің арқасында, «Қарашаңырақ» ұғымын ұрпаққа ұлағат ету мақсатында «Отпан тау» кешені аумағында кең сарайдай «Қарашаңырақ» мәдени орталығы бой көтерді. Бұл - ауқымы жағынан да, маңызы жағынан да ерекше нысан.
«Бұл қарашаңырақ – тек адай жұртының ғана емес, бүкіл қазақтың қарашаңырағы. «Алты қанат ақ орда, алшайып кірер күн қайда» деген ата-бабаларымыздың асыл арманы орындалып жатқандай. Әрі Маңғыстауға ат басын бұрған қонақ ордаға түстім деген оймен марқайып аттансын деген ниеттен туған ой еді. Мұңал ата ұрпақтары ауызбіршілік танытып, азаматтардың арқасында кейінгі ұрпаққа мұра болар және тарихтың бедерінде қалатын үлкен дүние жасалды. Осы шаруаға атсалысқан барлық азаматтар – өздерін тарих пен ата - бабаны құрметтей алатын, нағыз ұлтжанды ел азаматтары екенін көрсете алды» - деді «Мұңал ата» қоғамдық қорының құрметті төрағасы Майлыбай Аймағамбетов.
«Қарашаңырақ – Мұңал ата ұрпақтарының атынан барша елдің кәдесіне жасалды. Сыртқы формасы киіз үй пішіндес, аумағы 500 шаршы метрлік нысан мәдени - көпшілік шараларды, түрлі экспозициялар мен көрмелер, жиын-басқосуларды өткізуге арналған», - дейді штаб басшыларының бірі - Жаңбырбай Дәрменов.
Қарашаңырақтың қақ ортасында - Түркістандағы Қожа ахмет Яссауи кесенесіндегі Тайқазанның нұсқасында жасалған кіші қазан орналастырылды. Маңғыстау тайқазанының биіктігі – 1,65 метр, диаметрі – 2,35 метр. Оны салтанатты түрде ашқан Бекет атаның тікелей ұрпағы – Көбен Сармолдаев ақсақал ақ батасын беріп, «Тайқазан – елдің ырысын сақтаған, татулықты ту еткен халықтың қара қазанына айналсын» деп елге жақсы тілегін арнады.
«Қазақ үшін қазан қашанда киелі саналған. Қазанды ешкімге бермеген, еш жерде қалдырмаған. Ошақтың үш бұтында елдігімізді, ырысымызды, татулығымызды шайқалтпай ұстайтын жұрт екенімізді білдірсін деп қазан арнайы ошақ тұғырға қойылды. Идеялық тұрғыдан тайқазан адай жұрты үшін қасиетті «Мұңал ошақ» ұғымын да, үш бұты – бірлікті қастер тұтатын үш жүз баласының бірлігін де беріп тұрғандай. Бұл дүниенің авторы – Серік Жорабеков. Қарашаңырақтың ішкі көркемдеу, безендіру жұмыстарының барлығы да бүгінгі құрылыс сәулет технологиялары мен ұлттық нақыштарымызға сай өрнектеліп, безендірілді» - дейді қор басшысы Нарбай Досметов.
Лаула, Бірлік оты!
Отпан таудың биігінде дәстүрлі түрде жағылатын Бірлік отын биыл Мұңал ұрпағы, бүкіл әлемге айдай танылып, аты аңызға айналған желаяқ чемпион, Кеңес одағының жеңіл атлетикадан бірнеше мәрте чемпионы – Әмин Тұяқов атамыз жақты. «Ағайын, Отпан таудың басындағы отты жағу маған – бір Адайдың баласына бұйырған екен. Мен талай елде, талай жерде болып, еліміздің туын көтеріп, талай жеңісті күндерге куә болдым. Бүгінгі мына ұстап тұрған от - мен үшін үлкен бақыт. Себебі бұл келешек ұрпаққа, бүкіл елге үлгі болатын ерекше дүние деп ойлаймын» - деді Әмин Тұяқов. Отпан таудағы от жағу рәсімін көргендердің қатарында белгілі жазушы Әнес Сарай, академик Ғарифолла Есім, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков сияқты басқа да белді азаматтар болды.
«Батыс өңірінде Көрісу деген бір тамаша дәстүр қалыптасқан. Осы көрісуден бастап Наурыз елімізге енді. Осы сәтте қасиетті Отман тауының басына келіп, от жағып жатырмыз. Енді от жағу деген баяғыдан халқымызда бар нәрсе. «Отағасы», «отбасы, отан дейсіз. «Шырағың сөнбесін» деген сөздер бар. Сондықтан мына таудың басында жанып тұрған от – халқымыздың болашағының символы.
Осы жерге келіп, туыстасып, бір - бірімізді кешіріп, «келесі жылға дейін аман болайық» деген тілекпен, осындай шараны осы өңір азаматтарының бастауы – бұл жаңалық. Енді осы жаңалық біздің кең байтақ қазақ еліне таралуы керек. Адай ата – біздің ішіміздегі кенже ғой, мына шаңырақтың кенжесі - иесі болады ғой. Сондықтан сол кенже атаның балалары жақсы үлгі көрсеткені – бұл халықтық жақсы дәстүрге айналатын шара деп ойлаймын. Соған біз арнайы келіп, отырмыз, ойланып отырмыз. Бұл сөзді айтамыз, қорытамыз, елге, жан - жаққа жеткіземіз. Бізге ең қажеттісі – елдің бірлігі. Егер елдің бірлігіне осы шарамыз қызмет ететін болса, біздің ісіміз нәтижелі болды деп есептейміз» - деп өз пікірін академик Ғарифолла Есім білдірді.
Сабыр Адай, ақын, «Отпан тау» кешенінің идеялық авторы: «Қазақ халқы өзінің рухын жаңғырту керек»
"Қазақ халқы өзінің елдігімен басқаларға үлгі - өнеге көрсетіп келе жатырған халық. Біз ұлттық мемлекет болып қалыптасу үшін, әлде де өркендей, өсе түсу үшін, өзімізді тани түсу үшін және өзімізден кейінгі ұрпаққа бабаларымыздан қалған ұлттық салт - дәстүрімізді жалғау үшін, оны сабақтастыру үшін әрекет жасауымыз керек. Ұлттық мемлекет болып қалыптасу - тек қана өзге ұлттардың қас-қабағына қарап, сол Қазақстандағы, айналадағы ұлт өкілдерінің достығымен болмаса экономикалық жағдайдың өсуімен болмайды.
Ол да бір шарттардың бірі, ал негізгі шарты – қазақ халқы өзінің рухын жаңғырту керек. Себебі қазақ халқы - Қазақстандағы барлық игілік пен жақсылықтың, тыныштықтың, бірліктің, берекенің ұйытқысы. Қазақ халқының рухы таза болмаса, көңілі шат болмаса, қазақ халқының алдында үлкен арман - мақсаттар тұрмаса, қазақ халқы өзінің бабаларынан қалған имандылық пен рухани байлықты игермесе, ол - бақытты бола алмайды және басқалар да Қазақстанда бақытты өмір сүре алмайды. Мынау тыныштық пен берекеттің барлығы – азғана күндік бой жазу болып қалуы мүмкін.
Ал ұлттық салт-дәстүр дегеніміз не? Біздің ұлтымызды қалыптастырған, бізді осы күнге дейін жеткізген, осы қазақ даласында қазақ қылып қалдырып кеткен – әуелі Алланың қолдауы. Сосын ата - баба рухының демеуі, сол тарихи тұлғалардың ерлігі, тәжірибесі. Тарих қалыптастырған мемлекеттіктің жолы - бабаларымыздан қалған рухани мұра. Ал бабамұра бізге не айтады? Бабамұра бізге «ел болу үшін бесігіңді түзе» дейді. Бесігіңді түзе деген не? Ол - бүкіл ұлт болып, ұлттықтың негізін қала, отбасыңда, отаныңда қала, атамекен, еліңде қала деген сөз. Қайда жүрсе де, жұмыр жердің бетіндегі қазақтың әр баласы өзінің төл отаны – атамекенінің гүлденуін ойлау керек.
Біз - аспаннан жаңалық алып, әлдебір үлкен университеттердің, идеологиялық орталықтардың негізінде бұл қағидаларды жасап жатқанымыз жоқ. Бұл - ата-бабаларымыздан қалған қарапайым қағида. Мысалы, қазақ шежіресін қараңыз, қазақ шежіресінде әркім өзінің ата-бабасын білген сайын бір атаның баласы болып шығады. Бұл не деген сөз? Бойымызда - бір қан, ортақ намыс, ортақ ар бар деген сөз! Қуансақ та - біргеміз, қайғырсақ та - біргеміз, бар болсақ та - біргеміз, жоқ болсақ та - біргеміз деген сөз. Сондықтан да біз бар болу үшін, сонау ата - бабадан қалған тәжірибені игеруіміз керек.
Мысалы, Амал мерекесін алайық. Біреулер Амал мерекесінің атын я болмаса оның шығу тарихын айтып жатады. Ол да дұрыс. Бірақ біз сол Амал мерекесі қазаққа не береді? Осы қазақи салт - дәстүр бүгінгі күннің талабына сай не береді? Осы жағынан қарауымыз керек. Көрісу салтын алайық. Қазақта «Қарашаңырақ» деген ұғым бар. Бір үйдің үш ұлы болса, соның ең кенжесі - Қарашаңырақ иесі болады. Қазақ қандай әділ шешкен!
Бір шаңырақта ата - ананың жас кезінде, күшті қуатты кезінде, ата-ананың өзінің бала-шағасын асырауға бар мүмкіндікті жасайтын бойында барлық рухани және тәндік тұрғыдан барша мүмкіндігі бар кезінде үлкен ұлдарын жетілдіреді, өсіреді, үй қылады. Ал кенже ұлына келгенде, ол ата- ананың күш қуаты да, мүмкіндігі де сарқылуы мүмкін. Сол үшін не істеген? Ата - баба әлгі кенже ұлға оның жолының үлкендігін, оған шаңырағын, жолын беру арқылы әлгі бөлек ұшқан балаларының сол ұшқан ұясына келіп тұруына жағдай жасап, олардың туған үйін ұмытпай, ата текті, өзін өсірген ата - ананы сыйлап, қайда жүрсе де бір жылы, бір күнде жыл басында сол шаңыраққа жиналу үшін, өзінің тегін, болмысын ұмытпауы үшін Қарашаңырақ деген ұғымға аса мән берген.
Ал біз осындай қағиданы ұлттығымызға пайдалануымыз керек. Кешегі қызыл өкіметтен кейін, жалпы соңғы үш жүз жылдағы халқымыздың көрген қайғы – қасіреті, азғантай қазақты бөліп - бөліп кетті. Олар жүрген жерінде әркімдердің қас - қабағына қарап, әркімдердің тіліне, дініне ерді, амал жоқ. Осы күнге жету керек болды, оның кінәсі емес. Осындай салт - дәстүрлер Маңғыстауда сақталып қалды деп жатырмыз. Маңғыстауда қалған себебі – іргелес көрші халықтардың діні, тілі, арғы тарихы да бір, туыстас түркі тілдес болуы бізге қолайлы жағдай туғызды. Сол үшін де сақтап қалған болармыз. Оның үстіне мынау даланың болмысы, табиғаты, ата - бабамыздан қалған өрлік пен ерлік те бізді ұстаған болу керек. Енді біз сол кезде бүкіл қазаққа ортақ болған Қарашаңырақ ұғымын, қарақазан ұғымын, көрісу ұғымын, бүкіл қазақтың басын біріктіруге пайдалануымыз керек.
Міне, биылғы Амалда осы Отпан тауда әлгі үш бала сияқты, қазақтың кіші жүзінің ең кішісі - Адай ата ұрпақтарының және осы Адай ата бауырында, Отпан тауда, бүкіл қазақтың зиялы қауым өкілдері, ақсақалдары, азаматтары жиналып, осы жерде көрісіп, араласып жатыр. «Араласпаса, ағайын – жат» дейді. Араласқаннан кейін адамдарда бір - біріне туыстық қалыптасады. Қандастық қалыптасады. Ортақ ар мен намыс қалыптасады. Бұл -Қазақтың басын біріктіру үшін керек. Ұлттық рух беру үшін керек!
Екіншіден, мынау «Ұран оты» деп жатырмыз. Ұран оты бір кездері елімізде жаугершілік заманда жау шапқанда жаққан ұран оты деп жатыр. Ол тек жау шапқанда жаққан Ұран оты емес, ұлтымызды ерлікке, бірлікке бастаған - Ұран оты. Жау қазір де бар. Іште де бар, сыртта да бар. Жауын ұмытқан ел, сол жаудың қолында бодан болады. «Соғыс болмасын десең, соғысқа дайындала біл» - деген сөз бар. Ата - бабаның дәстүрін, осы күнге дейін бізді жеткізген, біз үшін қанын төккен, жанын берген ата - бабаның ерлігін ұрпаққа дәріптеп, жалғастыру үшін жылына біз Ұран отын жағу арқылы бабалар рухына бас иеміз. Ерлігінің отын ұрпағының көкірегіне саламыз.
Сол арқылы біз қазақ халқы - сыйласа білгенмен, сыйласатын, достаса білгенмен, достасатын, бірақ өз жерінде бейбітшілігін қорғай білетін халық екенін көрсетеміз. Бейбітшілік қашан болады? Бейбітшілік - қорғай білсең болады. Бейбітшілікті қорғай білмесең, ол бейбітшіліктің бақыт құсы басыңнан, әйтеуір, бір күні ұшады. Сондықтан мынау әскери шерулер бар, ерлікті баяндайтын кітаптар бар, садақ ату, көкпар тарту бар, осылардың барлығы ар жағында - ер азаматтарымызды әскери қызметке баулу, отаншылдыққа, атамекенді қорғауға баулудан шыққан нәрселер.
Егер Ұран отын жаманшылыққа балайтын болсақ, онда ерлікті дәріптеп жүрген барлық құндылықтарымызды жаманшылыққа балауымызға тура келеді. Онда бүкіл рухани кұндылықты жоқ қылуға тура келеді ғой. Сондықтан біз жерге қарап, әр нәрседен, көлеңкемізден қорқып, себеп іздемеуіміз керек. Жақсылықтың, бірліктің себебін, ұлт болып қалыптасудың себебін дәріптеуміз керек. Біз өз жерімізде, өз елімізде табанымызбен басып тұрып, төбемізді аспанымызға тіреп тұрып, өткенімізді құрметтей тұрып, бүгінгі күнімізді қадірлей тұрып, болашағымызды қамқорлай тұрып, ел болуымыз керек. Сондықтан айналамыздан қорқып емес, қоғамдасып өмір сүруіміз керек. Әркімнің қас - қабағына қарап емес, бізді де сыйлай білетіндей қылып өмір сүруіміз керек. Өзін сыйлаған ұлтты ғана жұрт сыйлайды. Өзін сыйламаған - міндетті түрде жұрттың табанының астында қалады.
Сондықтан Отпан тау - Адай атада бүгін үш жүздің басы жиналып жатыр. Мұның бәрі - қазақтың бірлігінің, қазақ деген халықтың ұлттық мақтанышының, рухани туыстығының, қандастығының, ортақ тарихының, ортақ ар мен намысының белгісі. Сондықтан арлану мен намыстанудан қашпайық, намыссыздықтан қашайық, елімізді, жерімізді әркімге таптатып қоюдан қашайық, қашсақ, міне осылардан қашайық. Біз ел болудан қашпайық. Елдіктің белгісі – ерліктің белгісін қастерлейік, қадірлейік.
Бұл Отпан тау – жеке адамның я болмаса осы Маңғыстау халқының иелігі, рухани құндылығы емес, бүкіл үш жүздің, қазақтың тілегін тілейтін түркі халықтарының, тыныштықты тілейтін мұсылманның, адамзатқа жақсылық тілейтін адамзат баласының рухани кемелденген алтын бесігінің бірі болады. Себебі Құдай қолдап тұр. Аталар демеп жатыр. Құдай қолдамаса, мынадай нәрсе болмайды. Сондықтан арқасын Құдайға сүйеп, әулиелерден күш алып, халқының бірлігіне сүйенген жерден тек қана жақсылық күту керек, жаманшылық болмайды. Білім алу керек, ғылымға үйір болу керек.
Жастар рухын көтеру керек. Бізге қазақ халқына өз рухын көтеретін уақыт жетті. Біз шыдамдымыз, кеңбіз, бірақ біз – өз жерімізге, өз елімізге ие халықпыз. Мәселе аздықта емес, біз аз емеспіз. Біз өз жерімізге өзіміз ие болатын, көкірегі ұлттық мақтанышқа толған, ер халықпыз, батыр халықпыз. Соның бірі - міне, Адай Ата. Ел қорғаған ер. Исламның алтын қазығы - Бекеттей ұлды туған халық бұл. Кім айтты қазаққа тұлға болар сондай ұлдарын тумайды деп? Сондықтан біз биікке өрлеуіміз керек.
Отпан тау- соның алтын бесігі. Ұлттықтың бесігі. Қашанда үйдің тыныштығын сақтайтын - үйдің иесі, үйдің иесі тынышсыз болса, сырттан келген адам еш уақытта бірлікті сақтай алмайды. Біз қазақ халқы осындай ұлы мәдениетпен Қазақстан тыныштығын сақтап отырған халықпыз. Қарашаңырақ аман болсын!» - деп өз тілегін Сабыр Адай жеткізді.
Сұлтан Хан Аққұлы : Қазақтың басын біріктірген Алаш идеясы болса, сол алаш идеясы осы Маңғыстау жерінен кең етек жаятын түрі бар».
«Осы шараға келгенде менің ойыма еріксіз 1917 жылғы шілде айындағы тұңғыш жалпықазақ съезді келді. Өйткені сол жылы қазақ ұлты өзінің мемлекеттілігінің негізін қайта қалаған кез болатын. Сол 1917 жыл - қазақтың тұңғыш рет нағыз бірегей ұлт болып қалыптасқан жылы болса, міне қазір тәуелсіздік алғанымызға 24 жыл болған мезетте, осы адай жерінде, Маңғыстау елінде болып жатқан бұл шара - қазақтың ұлттық бірлігін нығайтатын керемет шара болып отыр.
Қазақ ұлты өзінің бірлігін, ұлттығын нығайтып, етек - жеңін жинап, еңсесін тіктеп, нағыз осы елдің қожайыны екенін сезіне бастаған құбылыс сияқты мен үшін. Мұндай құбылыс бүкіл Қазақстанға үлгі - өнеге болуы тиіс. Солай болады деп сенемін. Бұл - ұлттық идеологияның керемет көрінісі.
Ұлтты сүттей ұйытатын құбылыс. Қазір елімізде бірыңғай ұлтты ұйытатын идеология жоқ. Осыған дейін талай нәрсені ұлттық идея болсын деп айтып келдік, бірақ ол идеяның біреуі де жүзеге асқан жоқ. Қазақтың басын біріктірген - Алаш идеясы болса, сол Алаш идеясы осы Маңғыстау жерінен кең етек жаятын түрі бар» - деді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлы.
Амангелді Кеңшілікұлы, сыншы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты: «Рухымыз тіріліп қайтқандай болды».
«Мұндай мерекелер - Алаштың басын біріктіруге, ынтымаққа, бір - бірімізге дос-бауыр болуға шақырады. Отпан тауда мұндай шараны жасап өткізу – жақсы бастама деп ойлаймын. Бірақ бұл бастама тек Маңғыстау өңірінде ғана емес, басқа облыстарда да жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді. Қазақтың басын біріктіретін, тарихты, дәстүрді, мәдениетті құрметтеуге шақыратын мұндай мерекелер ешуақытта өз маңызын жоймайды.
Үлкен атаның ұрпақтары өз мойнына алып, ешқандай мемлекеттен қаржы алмай, өз күшімен, бүкіл қазақтың баласын Отпан тауға шақырып, елдік, ұлттық туралы ұлы сөздерді айту, сол арқылы өзінің елінің, жерінің, ата-бабаларының тарихымен бүкіл қазақты, одан қалды шетелден келген қонақты таныстыру – бұл өте жақсы үрдіс. Бұл үрдістің басқа елдерде жалғасын табуын тілеймін.
Менің ұғымымда «Адай» деген сөз – өршілдіктің, рухтың, қазақылықтың көрінісі сияқты болып көрінеді. Әр аймақтың өз ерекшелігі бар ғой, мұнда соғыс көп болған, елді қорғау үшін үлкен жортуылдар болған. Бала күнімізде осы жерде туған жыраулардың поэзиясын оқығанда өте қатты рухтанатынбыз. Өршіл рух – адай сөзінің баламасы ретінде көрінетін. Кішкентай кезімізден бұл елдегі адай батырларының, адай халқының өр, батыр мінезді болатынын естіп өскенбіз. Сондықтан менің бойымда батылдық болса, мысалы әдеби сын саласында, арғы тегімде сол бір тамшы қан сақталып қалған шығар деп ойлаймын. Бұл тек адайдың ғана емес, Алаштың тойы деп ойлаймын. Осындай шаралар арқылы өзіміздің елдігімізді танытатын, ұлттығымызды танытатын кезек келді деп ойлаймын.
Барлық қазақ менің ұғымымда бір қазақ. Ана жақта Торғайда жатқан қазақ болсын, Атырауда жатқан қазақ болсын, Оңтүстікте жатқан қазақ болсын, солар үшін біздің барлығымыздың жанымыз ауырып, бәріміз бір атаның баласы екенімізді сезініп жүруіміз керек. Ұлттық рух үшін күресетін, намысымызды қолдан жібермей, осындай дәстүрлер арқылы өз елдігімізді басқа елдерге танытатын осындай мейрамдар жасай берсін. Елдің халқына шын жүректен алғысымды айтқым келеді. Осы жерге келіп, рухымыз тіріліп қайтқандай болды.
Мысалы, басқа үлкен қалада жүргенде сезбейсің ғой! Тек осындай жерге шыққан кезде, елдің тарихын көрген кезде, батырлар туралы аңыздарды естіген кезде, «Ойбай - ау, осы менің бабаларым ғой, осы менің аталарым ғой, осылар менің рухымды жебеуші даналарым ғой» - деп, солардың дана сөздерін естіген кезде, өзіңнің рухың тірілгендей болады. Халықтың рухын тірілтетін осындай мейрамдар - оның жасампаздығын көрсететін ұлы мейрамдар деп ойлаймын» - деді Амангелді Кеңшілікұлы.
P.S. Отпан таудағы Амал мерекесі өз сән – салтанатымен өтті. Бүтін қазаққа ой салған, бүкіл ел ынтымағының әдемі үлгісін көрсете білген той болды. Аламан бәйге, ақындар мүшәйрасы, ақсақалдардың батасы – мерекенің сәнін келтіре түсті. Бәйгеде аты озып келгендерге көліктердің кілті табысталды. Осы тойға атсалысқан барлық азаматтарға алғыс айтылды. Ең бастысы, тойға келген әр қазақтың рухы көтеріліп қайтты. Келер жылғы Амалды тойлау кезегі – Қосай Ата ұрпақтарының еншісіне тиді. Олай болса, қазақтың басын қосатын қасиетті Қарашаңырақтың төрінде көрісуді жазсын, ағайын!
Алтынгүл Меңдіхан
Сурет: түсірген Рашид Исмагилов
Маңғыстау облысы
Просмотров материала: 3 163