Саясаткер Серікжан Мәмбеталин Украинаның астанасы Киев қаласында қазақ оппозициясының жиынын өткізу туралы бастама көтерді. Айтуынша, бұл жиын шашыраңқы күй кешіп жатқан саяси ұйымдардың басын біріктіріп, олардың бұдан былайғы әрекетін үйлестіруі тиіс. Жиын барысында Қазақстанның мемлекеттік жаңа саяси құрылымының жобасы талқыланып, барлық тараптардың мүддесін қамтитын құжат қабылданады.
serke.org
Серікжан Мәмбеталиннің ойынша, оппозициялық ұйымдар өкілдерінің жиынын Киев қаласында өткізудің себебі мынада: егер мұндай жиынды Қазақстанда өткізсе, шетелде қашып жүрген оппозициялық ұйымдардың кейбір өкілдері оған қатыса алмайды, оларды Қазақстан полициясы ұстап алып қамап тастауы мүмкін. Сондықтан қазақ оппозициясының біріккен жиыны Украинада өткені жөн. Әзірге Мәмбеталиннің бастамасын бірлі-екілі адам ғана қолдады, қалғандары бұл мәселе бойынша пікірлерін білдірген жоқ. Бұл бастаманың жүзеге аспайтын, жиын бола қалған жағдайдың өзінде оның мәні маңызсыз болып шығатын бірнеше себебі бар.
Оппозициялық ұйымдардың өкілдерін алыстағы Украина астанасына жинап, олардың басын қосудың мынадай қиыншылықтары бар. Біріншіден, егер оппозицияны түгел жинау керек болса, онда мың сан ұйымдарды түгел қамту қажет. Онсыз жиынның мәні болмайды. Ал бірнеше жүз адамды Киевке апарып, олардың жолкіресін, жататын қонақүй ақысын, ішіп-жемін, жиын өткізетін залдың ақысын төлеуге көп қаржы керек. Мұндай қаржы қазір оппозициялық ұйымдарда жоқ.
Егер Серікжан Мәмбеталин Ақорданың шетелдегі оппоненттерін Қазақстандағы оппозиция өкілдерімен тоқайластыруды ғана көздеп отырса, бұған да айтылатын уәж бар. Мысалы, Мұхтар Әбілязов пен Рахат Әлиев Киевке келе алмайды. Біріншісі француз түрмесінде жатыр, жақын арада оны Ресейге депортациялайды. Ал Рахат Әлиев – Австрия түрмесінде, оны «Нұрбанктің» екі банкирін өлтіргені үшін Вена соты соттағалы жатыр. Бұл екеуі енді қапастан шыға қоймасы анық.
Сондай-ақ, Әбілязовтың сыбайласы Мұратбек Кетебаевты өткен жылдың соңында испан полициясы қамауға алды. Оның да бір-екі ай өтпей тағдыры шешіле қоймайды. Енді қалғаны – АҚШ-та тұрып жатқан Ғалымжан Жақиянов, Еуропада жүрген Әкежан Қажыгелдин, «Қазақстан оппозициясының шетел бюросының» жетекшісі Серік Медетбеков, Швейцариядағы журналист Лира Байсейітова мен ерлі-зайыпты Храпуновтар, Польшада тұратын оппозицияшыл белсенді Balli Marzec (Балжан Наурызбаева). Бірден айта кету керек, Ғалымжан Жақиянов Болат Әбілев сияқты саясаттан түбегейлі кеткен адам.
Ол бұдан былай оппозицияның шаруасына араласпайды. Ерлі-зайыпты Храпуновтарды демократияшыл оппозицияның өкілі деп айту біртүрлі ыңғайсыздық тудырады. Сондықтан олармен бір үстелдің басында отыруды өзін демократ санайтын адамдар ар санайды. Ал қалғандарын – Қажыгелдин, Медетбеков, Байсейітова және Marzecті Қазақстанға келсе шап беріп ұстап алайын деп отырған ешкім жоқ. Тіпті кезінде сырттай 10 жылға сотталған Әкежан Қажыгелдин жаза мерзімінің ескіруі жөніндегі заңға сүйеніп соңғы жылдары ешкімге айтпай Қазақстанға емін-еркін келіп-кетіп жүр екен. Осы себептердің өзінен-ақ шетелдегі оппозиция өкілдерінің қамын сылтауратып жиынды Украинада өткізудің себебі негізсіз екені көрініп тұр. Сондықтан, жұртты әбігерге салмай-ақ, аса қажет болып тұрса, мұндай жиынды Қазақстанда өткізе берсе болады.
Оппозиция өкілдерінің бәрінің басын түгелімен қосудың тағы бір қиындығы бар. Оппозиция ішіндегі алауыздықтың себептерін атап, оның тарихына тереңдемей-ақ, қалыптасқан бүгінгі жағдайды қысқаша баяндап өтейік. Алдымен шетелдегі оппозиция өкілдерінің арақатынасына тоқталайық. Мысалы Balli Marzec пен әбілязовшылардың арасы ит пен мысықтай. Дәл осындай жағдай журналист Лира Байсейітова мен ерлі-зайыпты Храпуновтардың арасында бар. Олардың бір біріне деген өшпенділігі тіпті өршіп тұр. Ал Әкежан Қажыгелдин мен Серік Медетбеков Рахат Әлиев пен оның жақтастарының қыр соңына түсіп, соттан сотқа қуынып жүр. Әлиевтің түрмеге қамалуына бір кісідей үлес қосқандар да осылар. Сондай-ақ, қазақ оппозициясының шетелдегі осы тобы Мұхтар Әбілязов пен оның Қазақстандағы жақтастарына қырын қарайды. Сондықтан бұдан былай олардың басы бір үстелде тоқайласа қоюы неғайбыл.
Қазақстандағы оппозициялық ұйымдардың арасындағы ахуал да оңып тұрған жоқ. Ұлтшыл патриоттық ұйымдар мен былайғы оппозиция кейбір меселеде мәміле тапқанымен, әлі күнге дейін ортақ мүдделі позицияға тоқтаған емес. Бұл екі құрылымның әрбірінің өз ішінде де талас-тартыс, қайшылық жеткілікті. Мысалы, оппозициялық ұйымдардың өзара мәмілеге келе алмайтын бірнеше қанаты бар. Олар: Жармахан Тұяқбай басқаратын ЖСДП партиясы, оған басқа да оппозициялық ұйымдар ықпалдасқан; әбділдиншіл коммунистер; Болат Әбілевтің бұрынғы жақтасары және әбілязовшілер. Алғашқы екі топ соңғы кездері өзара бірлесіп әрекет етіп келеді. Бұларға әбілязовшіл ұйымдардың кейбір белсенділері де ыңғай білдіріп жүр. Ал әбілевшілер әбілязовшілерге де, ЖСДП тобына да қарсы қимыл жасап жанталасуда. Тіпті олардың қазіргі идеологы Төлеген Жүкеев Қазақстанда коммунистік партияның қызметіне тиым салу жөнінде бірнеше рет бастама көтерді.
Ұлтшыл патриоттардың ішіндегі алауыздық тіпті жаман. Олар Хасен Қожа-Ахметті лидер санайтын желтоқсаншылар, Мұхтар Шахановтың маңына топтасқан ұлтшылдар, Тайжан-Жұмалы-Сарым үштігін қолдайтын жаңа заманғы патриоттар және басқа да бірнеше топқа бөлінген. Бұлар бір бірімен аяусыз қырқысып келеді. Тіпті, Мұхтар Шаханов тобына кіретін ұлтшылдардың да өзара ымырасы жоқ. Режиссер Еркін Рақышев пен Серікжан Мәмбеталиннің тобы Мақсат Нұрыпбаев пен Ғабиден Жәкейдің тобымен жаға жыртысып талас-тартысқа түскені баспасөзде талай рет жазылды. Тіпті бұл интригаға адуынды ақын Мұхтар Шахановтың өзі талай рет араласты, бірақ таласушы тараптарды мәмілеге келтіре алған емес. Ал оның Хасен Қожа-Ахметпен бас араздығы бір бірін түтіп жеуге бейіл жаулыққа ұласып барады.
Жалпы алғанда ұлтшыл патриоттық ұйымдар болсын, оппозиция болсын, олардың басын қосу әзірге мүмкін емес. Мұның себебінде лидерлердің жеке бас араздығынан бастап идеологиялық көзқарас алшақтығына дейінгі түрлі қайшылықтар жатыр. Әр тарапты компромисске келтіріп, ортақ мақсатқа жетуге бағыттайтын мәмілені табу қиынның қиыны.
Сондықтан, осыдан үш жылдай бұрын Қазақстанның саяси сахнасына оның ұлтшыл патриоттық қапталынан аяқасты келіп кіріккен Серікжан Мәмбеталиннің оппозициялық ұйымдардың басын біріктіру жөніндегі идеясы да жаңалық емес. Оппозицияның басын біріктіру идеясы бұған дейін талай рет айтылды. 2000-шы жылдардың басында шетелде қашып жүрген экс-премьер Әкежан Қажыгелдин Қазақстандағы оппозицияшыл ұйымдардың барлығын «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», «Ақ жол» партиясының төңірегіне топтасу арқылы саяси науқандарға қатысуға шақырған.
Бірақ, оның бұл үндеуі шашыраңқы күй кешкен оппозициялық ұйымдар тарапынан қолдау таппады, экс-премьердің сөзі жерде қалды. Тіпті көп уақыт өтпей-ақ оппозицияның ұйытқысы болады деген партия «Ақ жол» және «Нағыз Ақ жол» деген атаумен екіге бөлініп, бір-бірімен өзара қырқысып кетті. Оппозицияны біріктірудің екінші бастамасын 2000-шы жылдардың соңына таман әбілязовшіл «Алға!» партиясы көтерді. «Оппозициялық күштердің форумы» деп аталған жиын идеясы бойынша сол кездегі төрт оппозициялық партия – «Алға!», әбділдиншіл коммунистер (ҚКП), «Азат» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) ортақ позицияға келу керек болатын.
Бірақ бұл бастама да нәтижесіз аяқталды. «Алға!» мен ҚПК ортақ позиция тапқандай болды, ал «Азат» пен ЖСДП оларға қосылған жоқ, бөлек кетті. Бұдан кейінгі бірігу идеясын «Азат» партиясының төрағасы Болат Әбілев көтерген болатын. Оның ойынша, оппозициялық барлық партиялар таратылып, ондағы белсенділер «Азат» ЖСДП» бірлескен партиясына кіруі тиіс еді. Бірақ, бұл идеяға әбділдиншіл коммунистер де, әбілязовшіл «Алға!» партиясының белсенділері де үзілді-кесілді қарсы шықты. «Азат» пен ЖСДП-ның бірлескен одағы да ұзаққа бармады – ЖСДП өз алдына кетті, «Азат» партиясы өзінің саяси жұмысын тоқтатты.
Оппозицияның бірігу процесінің соңғы жылдардағы екі мысалын атап өтуге болады. 2013 жылдың соңында «ұлтшылдар» деген сөзден қорқасоқтаған Мұхтар Шаханов бастаған топ «Халық өкілдерінің құрылтайы» деген атаумен жиын өткізді. Бірақ жиын жалпы оппозияның басын біріктіруді емес, қазақ ұлтшыл патриоттарын ұйыстыруды ғана алдына мақсат етіп қойды. Бірақ, құрылтай өзінің мақсатына жете алған жоқ. Жиынды ұйымдастыру кезеңіндегі ішкі интриганың салдарынан алауыздық туындап, ұлтшылдардың бірнеше тобы құрылтайға қатыспай қалды, құрылтайдың қорытынды құжатымен келіспейтіндерін мәлімдеді.
Оппозициялық ұйымдардың басын қосып, ортақ мақсатты бағдарлама қабылдаған ең үлкен жиын 2014 жылдың 31 мамырында Алматы қаласында өтті. «Ел билігін халыққа қайтару» Жалпыұлттық азаматтық жиналысы» деп аталған жиынға оппозициялық партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен тұратын республиканың барлық аймақтарынан 700-ге жуық адам қатысты. Жиын барысында қоғам дамуының барлық саласын қамтитын сараптамалық баяндамалар жасалып, талқыланды.
Талқылау қорытындысы бойынша бағдарламалық қарар қабылданып, оны жүзеге асыратын атқарушы органдар - «Азаматтық кеңес» пен оның басшылық жасайтын «Төралқа» құрамы жасақталды. Оның құрамына Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Жармахан Тұяқбай, ҚПК жетекшісі Ғазиз Алдамжаров, «Аман-саулық» ұйымының басшысы Бақыт Түменова, құқық қорғаушы Евгений Жовтис, «Әділ сөз» журналистер ұйымының жетекшісі Тамара Калеева және басқалар кірді.
Түрлі себептерге байланысты жұмысын тоқтатқан «Алға!» және «Азат» партияларының белсенділері мен ұлтшыл патриоттардың кейбір өкілдері де осы жиыннан табылды. ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбайдың бастамасымен ұйымдастырылған бұл саяси шара оппозицияшыл барлық ұйымдардың өкілдерінің түгелге жуығын қамтыды. Бұл оппозицияның бірігу тарихындағы ең жемісті қадам болды. Жалпыұлттық азаматтық жиналыста құрылған «Азаматтық кеңес» пен «Төралқа» Қазақстандағы оппозициялық ұйымдардың ортақ мүддесін жүзеге асыратын атқарушы органға айналды. Әзірге осыны ғана оппозицияны біріктіруші күш ретінде мойындап, оның келешегіне үмітпен қарауға болады.
Просмотров материала: 2 235