25 ноября 2024 г.

Дежурный по стране

В экономике вообще-то есть только два предложения...
Азамат Джолдасбеков, президент АО «Казахстанская фондовая биржа»

Мы в соц сетях:



Тіл инспекциясын құру қажет пе?

03 ноябрь 2016, 16:12
Тіл инспекциясын құру қажет пе? Қоғамның өзге салалары сияқты мемлекеттік тіл мәселесінде де заң бұзушылықтар болмай тұрмайды. Мұны күнделікті өмірде көріп жүрміз. Бұл орайда жекелеген азаматтар ғана өз құқығының сақталуын талап етіп, сот алдына дейін барса, көпшілігі бұған бейжай қарайды. Яғни өзекті мәселе деп те елең қылмайды.

Мәселен, Павлодар қала­сын­да Руза Бейсенбайтегі деген тіл жанашыры бар. Ол біраз уа­қыттан бері мемлекеттік тілді көпе-көрінеу менсінбеген мекеме­лермен жалғыз өзі күресіп келеді. Қайбір жылы үйіне орысша тү­біртек жіберген «Павлодар лифт» ме­кемесімен, кейін куәлігіндегі аты-жөні қазақтың төл әріптерімен жазылғаны үшін қызмет көрсетуден бас тартқан «Цеснабанкпен» соттасты. Жүрген жерінде мемлекеттік тілде қызмет көрсетілуін талап ететін қазақтың қайсар қызы ол үшін ар-намысына тиетін ащы сөзді де естіп, небір қиянатты да көрді. Тіл үшін жан қиналған мұндай сәтте оған жергілікті әкімдік те, облыстық Тіл басқармасы да жақтаспады.

Бәрі «аш құлақтан тыныш құлақ» деп бастарын ала қашты. Дей тұрғанмен, ол мемлекеттік тілге қатысты заңдардағы мүмкіндіктерді пайдаланып істі сотқа дейін жеткізді. Мемлекеттік тілдің желі оңынан тұрмай тұрған қалада ақиқатқа жете алмай тауы шағылған кез­дері аз болған жоқ. Сол үшін қарсы­ластарына жаманатты болды. Сондағысы – бар болғаны мемле­ке­тінің тілін қорғағаны үшін еді. Қарап тұрсақ, мұндай оқиғалар аз емес.

Естеріңізде болса, былтыр Қостанайда Ақтолқын Жәнібекова есімді көлік жүргізушісі мен МАИ қызметкері Дәулет Досмайыловтың арасында орын алған дау да сотқа дейін жетті. Досмайыловтың Ақтолқын Жәнібековаға көрсеткен қысымы, жол ережесін бұзғаны туралы хаттаманы қазақша толтыруға рұқсат бермей, орыс тілінде жазуға мәжбүрлегені А.Жәнібекованың наразылығын тудырды. Бірақ бұл істі қараған сот Ақтолқынның арызын негізсіз деп тапты. «Хаттаманы қазақ тілінде толтырсаң 20 мың, орыс тілінде толтырсаң 10 мың теңге төлейсің» деп қоқан-лоқы көрсеткен Досмайыловтың бұл ісі, амал не, жазаланусыз қалды.

Ал «Музарт» тобының әншісі Сәкен Майғазиевке Алматы әуе­жайы қызметкерінің «Я сам решаю на каком языке мне разговаривать» деп қазақ тілінде қызмет көрсетуден бас тартуы сотқа дейін жетпесе де, әншінің «Твиттер» парақшасында жазған: «Шынымды айтсам, зығырданым қайнап отыр. Мұндай сорақы, масқара жайтқа қашанғы төзуге болады? Мемлекеттік тілді менсінбейтіндер біздің «менімен қазақша сөйлесіңіз» деген талап-арызымызды «ит үреді, керуен көшедіге» балайтын сияқты» деген жазбасы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Осылайша, азаматтарымыз туған елінде мемлекеттік тілде қызмет ала алмай, өздерінің құқықтарын талап еткендері үшін бастары дауға қалды.

Қалай ойлайсыздар, бұл әділетті ме? Шынтуайтына келгенде, бұл еліміздегі мемлекеттік тіл дәрежесінің қаншалықты төмен деңгейге дейін құлдырағанының айқын көрінісі. Тіл туралы жоғары екпінді сөздерімізді былай ысырып қойып, өмірге шынайы көзбен қарауды үйренейікші. Мәселенің байыбына барар болсақ, қоғамда мемлекеттік тілде қызмет көрсеткісі келмейтіндер әлі де көп. Кейбір сауда дүкендер желісі өз қызметкерлерінен келген клиенттерге орысша сәлемдесуді талап етеді екен. Кейбір қоғамдық жерлерде қазақша тіл қатсаң, сатушы қыздар «Говорите на русском», «Я вас не понимаю» деп шығады.

Бұл шынайы өмірден келтіріп отырған екі-үш мысалымыз ғана. Әйтпесе, ондай келеңсіз жайттар вокзал кассаларында, мейрамханаларда, сауда-саттық орындарында мыңдап кездеседі. Сөйтіп, жекелеген азаматтардың өздеріне мемлекеттік тілде қызмет көрсетілуін талап еткендері мемлекеттің заңдарын сыйлауды әлі күнге дейін үйренбегендердің ашуын тудырып, үлкен қарсылыққа тап болуда.

Ал енді еліміздің заңдарында мемлекет­тік тіл туралы не айтыл­ған? Енді соған келейік. Қазақ­стан Республикасының Конститу­ция­­сы­ның 7-ші бабында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Ал Конституция барлық заңдардан биік тұрған еліміздегі ең жоғарғы заңдық күшке ие басты құжатымыз.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексінде (81-бап) тіл туралы заңдарды бұзғаны үшін жауаптылық қарастырылған. Мәселен, аталған Заң бабында: «Лауазымды адамның тіл білмеймін деген сылтаумен құжаттарды, сауал салуды, өтініштерді немесе шағымдарды қабылдаудан бас тартуы, сондай-ақ оларды мәні бойынша қарамауы, – айлық есептік көрсеткіштің оннан жиырмаға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады» деп көрсетілген.

Сонымен қатар: «Жеке тұлғалардың тіл таңдау құқықтарын шектеу» деп аталатын 82-бапта: «Жеке тұлғалардың тіл таңдау құқықтарын шектеу тілге байланысты себептер бойынша кемсіту, – лауазымды адамдарға айлық есептік көрсеткіштің бестен жиырмаға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады» делінген. Аталған Кодекстің 93-бабы да: «Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті» екені айтылған.

«Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы негізгі заң актілерінде» де мемлекеттік тілді қорғайтын арнайы баптар келтірілген. Мәселен, аталған құжаттың

24-бабында: «Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының бұзылуына кінәлі мемлекеттік органдардың бірінші басшылары не жауапты хатшылары немесе Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын өзге де лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады»;

25-бапта: «Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының тіл туралы заңдарында белгіленген талаптардың бұзылуын жою туралы ұсынымдар жасайды, тиісті органдарға Қазақстан Республикасының тіл туралы заңдарының бұзылуына кінәлі лауазымды адамдарға тәртіптік жазалау шараларын қолдану туралы ұсыныстар енгізеді»;

25-4-бапта: «Қазақстан Республикасы тіл туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады»;

27-бапта: «Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері мен Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктерінің қызметі мемлекеттік тілде, қажет болған жағдай басқа да тілдерді пайдаланып жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасында басқа мемлекеттер өкілдерімен өткізілетін ресми қабылдаулар мен өзге де шаралар басқа тілдерге аударылып, мемлекеттік тілде жүргізіледі»;

23-бапта: «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл және барлық басқа тілдер мемлекеттің қорғауында болады. Мемлекеттік органдар бұл тілдердің қолданылуы мен дамуына қажетті жағдай жасайды»;

4-бапта: «Мемлекеттік тіл мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы. Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға; Қазақ диаспорасына ана тілін сақтауы және дамытуы үшін көмек көрсетуге міндетті» деп жазылған.

Қазақстан Республикасының Қыл­мыс­тық Кодексіндегі 145-баптың 1-ші тармағында: «Адамның (азаматтың) құқықтары мен бостандықтарын тегіне, әлеуметтік, лауазымдық немесе әлеуметтік мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне, қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына байланысты себептермен немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша тікелей немесе жанама шектеу – үш жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не жетпіс бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады» делінген.

Мемлекеттік тілдің құқықтық мәртебесі, сондай-ақ ҚР Бұқаралық ақпарат құралдары туралы, ҚР Жарнама туралы, ҚР Тұтынушы құқықтарын қорғау туралы және т.б. заңдар мен нормативтік-құқықтық актілерде, Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында нақты тұжырымдалып, айқындалған. ҚР мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде де: «Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік және басқа тілдерге құрметпен қарауға тиіс» екені жазылған.

Иә, құрметті оқырман, өзіңіз де көріп байқап отырғаныңыздай, елімізде қазақ тілінің кең өріс алып, қанат ­жаюына толық мүмкіндіктер бар. Елбасы Ұлытау төріндегі сұхбатында айтқандай: «Мемлекеттік тілдің қолданылуы, оның өркендеуі үшін барлық жағдай жасалды. Конституцияға «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай етіп жазылды. Ешкімге қазақ тілінде сөйлеме деп кедергі жасап отырған бір адам жоқ. Өзіміз қазақша сөйлеуіміз керек. Қандай мінбеден қазақша сөйлесең де, ешкім «тәйт, былай тұр» деп айтпайды. Қанша адам отырса да, соларға арналған аудармасын беріп, қазақ тілінде сөйлеуге болады. Біз тілімізді құрметтей білуіміз керек. Тілді қолданып, батыл сөйлеуіміз керек».

Рас, қазақ тілі республикалық заңдар­мен қорғалған. Бірақ мемлекеттік тілдің өзекті мәселелері бұл заңдардың қабылдануымен шешіліп кетпегені анық. Бір сөзбен айтқанда, біз қолда бар заңдарымызды толық пайдалана алмай отырған елміз. Мұның бір себебі құқықтық сауатсыздығымызда жатса, екіншісі – осы заңдардың толық орындалуын кірпік қақпай бақылап, қадағалап, тексеріп, үнемі назарында ұстайтын арнайы бір құрылымның жоқтығынан деп білу керек.

Газетіміздің өткен 43-ші санында филология ғылымының докторы Қыздархан Рысбергеннің «Тасада қалған төл атау» атты мақаласы жарық көрді. Бұл мақаласында автор елімізде өндірілетін азық-түлік тауарларына көбінесе орыс тіліндегі атаулардың берілетінін айтып қынжылады. «Ұлттық атауларымыз қайда?» деген мәселе көтереді және мұнысы өте орынды. Дербес саясаты бар Тәуелсіз ел болғанымызға 25 жыл өтсе де, ономастикалық атаулар, оның ішінде тауар атаулары, сауда-саттық орындары, дүкендер мен супермаркеттер, көше, ғимарат, құрылыс және т.б. көптеген нысандардың атаулары орысша, ағылшынша, қала берді қытайша, арабша, түрікше, французша, корейше, парысша, т.б. тілдерде жазылуы өзінің мемлекеттік тілі бар елдің басты заңдарын сыйламаушылық болып табылады.

Әркім ойына келген атауды қоя берсе, елдігіміз қайда қалады? Орын алған кемшіліктер о баста неге анықталып, дер кезінде түзетілмейді. Тіл инспекциясының керек екенін осындай фактілерден кейін дәлелдеп жатудың өзі артық.

Жол жүру билеттерінің, әртүрлі ­сауда, қызмет көрсету орындарындағы түбіртектер неліктен мемлекеттік тілде жазылмайды? Бұдан сорақысы әуе билеттерінің де тек ағылшын тілінде ғана жазылуы. Қазақ тілі қайда? Мемлекеттік мекемелердегі кейбір мемлекеттік қызметшілер, Парламент, мәслихат депутаттары, министрлер, әкімдер және т.б. басым көпшілігі әлі күнге дейін тек орыс тілінде сөйлеуге бейім болып тұрады. Әртүрлі дәрежедегі жиындар, басқосулар, конференциялар, сот істері мен сот отырыстары да ресми тілде өтіп жатады.

Бұл бейқамдық пен бейжайлық емей немене? Мұнымызбен біз қасиетті ана тіліміздің алдында қадір таппасымыз анық. Бұл тіл саясатын өгіз аяңға салып, босаңсытып жібергенімізден болып отыр.

Мұндайды реттеуге облыстық, қалалық Тіл басқармаларының пәрмені жетпейді. Себебі бұл құрылымдар жергілікті әкімдіктер құрамында болғандықтан әкімдерінің айтқанынан шыға алмайды. Аты дардай тіл басқармалары өздерінен құқығын қорғауды сұрай келген жекелеген азаматтарға жақтасып та шыға алмайды. Олай етсе, әкімдіктен тоқпақ жейді.

Оны айтасыз, кейбір өңірлерде тіл басқармалары өз мәртебелерінен ­айырылып жатыр. Бұдан былай олар мәдениет, ішкі саясат басқармаларының құрамында. Демек, қызмет аялары тіпті шектеліп қалды деген сөз. Не себепті екені белгісіз жергілікті әкім-қаралар (бәлкім, қаражатты үнемдейміз деген желеумен шығар) тіл басқармаларына шүйлігуде.

Сонда аяғын әлтек-тәлтек басып келе жатқан мемлекеттік тілімізден қаражаттың маңызды болғаны ма? Қалалық, аудандық тіл бөлімдері де осындай. Олар да өз әкімдеріне бағынышты. Ал сол өңір мен ауданды басқарып отырған әкім тілге жанашыр болмаса, ондай құрылымдық өзгерістерді оп-оңай жасай салады. Ешкіммен санаспайды. Сонда мемлекеттік тілдің тағдырымен бұлайша ойнауға оларға кім рұқсат берді? Ал мұндай бей-берекетсіз ұйымдастырылған шаруадан қандай нәтиже күтуге болады? Әлде «ақай жоқ, тоқай жоқ» тіл басқармаларын жойып жіберу әкімдердің жеке құзыретіндегі шаруа ма еді? Бұл орайда құзырлы мекемелер, билік орындары қайда қарап отыр деген заңды сауал туындайды?

Ал енді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Тіл комитетінің қызметіне келетін болсақ, бұл құрылымның да құзыретін күшейту кезек күттірмейтін мәселе. Өйткені мемлекеттік тіл саясатындағы үлкен шаруалар осы құрылымның иы­ғында. Бұл солай болуы да тиіс. Басқа жол жоқ. Демек, тіл комитетінің құзыретін заңдық тұрғыдан күшейтудің мәселелерін қарастыруымыз керек.

Сонымен бізде Тіл комитеті, Тіл бас­қармасы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бар. Ал бірақ нақты іске келгенде бұлардың біреуі де өз пәрменділігін көрсете алмай отыр. Мәселен, Қазақстан азаматтарының тіл мәселесінде құқықтары бұзылса, қазақ тілі түрлі салада шетқақпай көрсе, әртүрлі мекемелер тарапынан заң бұзушылықтарға көпе-көрінеу жол беріліп, жарнама, тіл аясының қолданысы жетім қыздың күйін кешіп жатса, ешбіреуі бұл мәселеге батыл араласып, төбе көрсетпейді. Өйткені ешкімнің тіл мәселесі үшін жаманатты болғысы жоқ. Екі ортада мемлекеттік тіліміздің мүддесі зардап шегеді. Бұл «Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар» дегенді еске түсіреді. Ақиқатын айтқанда қазір тіл мәселесіне сергек қарап, алдынан шыққан сан түрлі тосқауылдармен уақытын да, қаржы-қаражатын да аямай күресіп жүрген жекелеген азаматтар ғана болып отыр.

Миллионнан астам тұрғыны бар Алматы қаласында соңғы үш жыл ішінде «Тіл туралы» заңды бұзушылыққа қатысты бірде-бір азаматтық және қылмыстық істер қаралмаған екен. Бұл туралы Алматы қалалық сотының төрағасы А.Ештайдың редакциямызға ресми түрде жіберген жауап хатында айтылған. А.Ештай өзінің жауап хатында: «Сіздің 2016 жылғы 17 қазанда жолдаған хатыңызға Алматы қаласы соттарының тәжірибесінде соңғы үш жылда «Тіл туралы» заңды бұзушылыққа қатысты азаматтық және қылмыстық істер қаралмағаны туралы хабарлаймыз» делінген.

Әрине, «Тіл туралы» заңбұзушылыққа қатысты істердің сотқа түспегені дұрыс та шығар. Бірақ таразының екі жағы, таяқтың екі ұшы бар дегендей, еліміздің әр өңірлерінде «Тіл туралы» заң бұзылмайды деп те айту қиын. Өйткені мұны күнделікті өмір барысында көріп жүрміз. Кейде азаматтарымыздың бейжайлығы да бұған әсер етпей қоймайды. Ал енді осындай заң бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, тиісті шараларды кім қолданады? Сотқа шағым түспесе, сот мұндай іске өздігінен араласпайтыны түсінікті ғой.

Әрине, бұл тек жалғыз ­Алматы қаласына ғана қатысты мә­селе емес. Республиканың өзге аймақ­­тарында тілге қатысты заңбұзу­шы­лықтардың мысалдарын көптеп келтіре беруге болады. Бірақ одан шешімін тауып кеткен мәселені көріп отырғанымыз жоқ. «Баяғы жартас, сол жартас».

Прокуратура қызметі туралы Қазақстан Республикасы Конституциясының ­83-бабына сәйкес, прокуратура мемлекет атынан Республиканың аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті жарлықтарының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын, жедел іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады.

Шын мәнінде, аталған орган өз құзыретінің аясында «Тіл туралы» заңның орындалуын қадағалайды. Бұл орайда біз еліміздің Бас прокуратурасына тілдегі заңбұзушылықтар жай-күйін білмек ниетпен хат жолдаған едік. Редакциямызға келген жауап хатта: «Қазақстан Республика­сын­дағы «Тіл туралы» Заңның 25-бабына сәйкес осы Заңның орындалуына бақылау жасау тілдерді дамыту саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті органның құзыретіне жүктелген. Сәйкесінше, Заңның орталық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалаларың, астананың жергілікті атқарушы органдарында сақталуын бақылауды Мәдениет және спорт министрлігі жүзеге асырады.

Осыған орай, аталған Заң талаптары­ның сақталуына тексерістерге қатысты толық мәліметтерді уәкілетті органнан алуға мүмкіндіктеріңіз бар екендігін хабарлаймыз. Сонымен қатар прокуратура ағымдағы жылдың наурыз айында 2013-2015 жылдар кезеңінде азаматтардың және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау барысында тіл туралы заңнаманың сақталуына тексерістер жүргізілгенін атап өткен жөн. Тексерістермен 3 орта­лық мемлекеттік органдардың, 637 жер­гілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың 254 аумақтық бөлімшелерінің қызметі қамтылды. Бұл ретте «Заңның 11-бабының өтініштерге жауаптарды мемлекеттік тілде немесе өтініш жасалған тілде беру туралы нормаларының бұзылу фактілері анықталды. Аталған фактілер бойынша прокуратура органдарымен заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы 6 ұсыныс енгізілді» делінген.

Әрине, прокуратура тіл саясатымен түбегейлі айналысатын құрылым емес. Ол, жоғарыда айтқанымыздай, Ата Заңымыздың 83-бабына сәйкес жұмыс істейді. Демек, елімізде тілге қатысты туындаған сан-салалы түйткілдерді дер кезінде кешенді түрде күн тәртібіне қойып, үнемі бақылау жасап отыратын, мұндай мәселелерді тиісті құзыретті органдар мен ұйымдардың алдына нақты қоятын арнайы құрылым керек. Сонда ғана біз тіл саласында бірнеше қадам ілгері басамыз. Шешімін таппаған сұрақтар да мейілінше азаяды. Ең бастысы – қоғамымызда азаматтар тарапынан мемлекеттік тілге деген құрмет артады. Тиісінше қазақ тілі аясының кеңейуіне жол ашылып, жақсы мүмкіндіктер жасалады.

Ал бізде тіл саясатымен тікелей айналысатын құрылымдар өз бетінше жұмыс істеуде. Заң жүзінде бір-біріне бағынбайды. Мұның салдарынан тілге қатысты жұмыстарда береке жоқ. Өйткені мемлекетік тіл саясатын басқару тетіктері вертикальды болмай отыр. Мәселен, Тіл комитетінің құзыреті облыстық тұрмақ, аудандық тіл бөліміне де көп жағдайда жүрмейді. Парадокс! Мұндай жағдайда үйлесімді, нәтижелі жұмыс қайдан болсын!? Ол тіпті мүмкін емес. Демек, біз де Латвия, Литва елдерінің тәжірибесіне сүйеніп, мемлекеттік тілді өз тұғырына қондыратын және оның мәртебесін барлық салада көздің қарашығындай сақтап, қорғауға білек сыбана кірісетін уәкілетті орган құруымыз керектігі айқын көрінеді.

Бір таңғаларлық жайт, біздің елімізде жұмыс істеп, нәпақа тауып жүрген шетелдік кәсіпкерлер өз қызметкерлерін, яғни біздің елдің азаматтарын өздерінің тілінде сөйлетіп қояды. Жұмысқа қабылдау үшін шет тілін білу керектігін міндет етіп қояды. Олар өзара ешуақытта мемлекетіміздің тілінде сөйлеспейді. Бұл асын ішіп, аяғын сыйламау емес пе? Өзге мемлекеттерде мұндай жағдай жоқтың қасы. Өйткені әр мемлекет өзінің мемлекеттік тілін қорғайды және оның қолданыста болуына үлкен көңіл бөледі. Ол барша әлемде ешқандай наразылық та тудырмайды. Қалыпты жағдайдай қабылданады. Біз де осы жағын мықтап ойлануымыз керек. Егер елімізде тіл мәселесін үнемі назарында ұстап отыратын арнайы құрылым болса, қазақ тілі сол құрылымның заңды қорғауында болар еді.

Балтық жағалау елдері өздерінің мемлекеттік тілдерін тәуел­сіз­дік алғаннан кейін аз уақыт ішінде заңды тұғырына қондыра білгенімен ерекшеленеді. Мәселен, Литва елі Тәуелсіздігін жа­рия­лаған соң, 1992 жылы литва тілін мемлекеттік тіл деп жариялап, «Тіл туралы» Заң қабылдады. Содан кейін бұл елде өмір сүріп жатқан әрбір азамат мемлекеттік тілді білуі тиіс деген талап заң жүзінде бәріне бірдей қойылды. Ал заңның орындалуын тіл инспекциясы жүзеге асырды. Айта кетейік, Литвадағы Тіл инспекциясы тілдің сауатты жазылуына, сауатты айтылуына ерекше мән беріп, қадағалау жұмыстарын жүргізіп, көшелердегі жарнамалардың мемлекеттік тілге нұқсан келтірмей жазылуын мұқият назарда ұстайды. Тіпті театрларға барып актерлердің дұрыс сөйлеуіне, телеарналардағы тіл тазалығына ерекше мән береді.

Көтеріліп отырған тақырыбымызға орай Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Ғарифолла Әнестің пікірін білген едік. Ол ең әуелі Парламент қазақша сөйлеп, қазақ тілінде заң қабылдауы керектігін айтты. «Бүгінгі заманда барлық құжаттар орысша дайындалып, қазақша аударылады. Сондықтан Тіл инспекциясы не полициясы сынды құрылымның қажеттігі жоқ. «Мемлекеттік тіл» туралы Заң қабылдауымыз қажет. Шетелдік атауларға қатысты да ешқандай заң жоқ. Мұндай атауларға шектеу қою сынды шаралар қабылдамасақ, елімізді мұхиттың арғы жағындағы елден айыру мүмкін болмай қалуы ғажап емес» деді. Иә, келісеміз. Заң керек.

Бірақ сол Заңның да орындалуын батыл да жүйелі талап ететін Тіл инспекциясы сияқты органның керегі анық. Өйткені талап болған жерде ғана заң да толыққанды жұмыс істейтінін ұмытпайық. Әйтпесе, көңілге қонымды нәтиже шықпайды.

Филология ғылымының докторы Шерубай Құрманбайұлы ел аумағында тіл саясатын пәрменді жүргізудің біртұтас әрі күшті жүйесі құрылмағанын айтады. «Тіл басқармалары прокуратурамен бірлесіп қана негізінен орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті басқару органдарын ғана тексере алады. Тексеруден тыс қалатын салалар өте көп. Мәселен, банк жүйесі, ұлттық компаниялар, жекеменшік сектор және т.б. Ал тексеру барысында анықталған кемшіліктер ұсыныс түрінде беріледі. Сол көп ұсыныстар негізінде мемлекеттік тіл қолданысына қатысты жауапқа тартылған жағдайлар өте сирек, тіпті жоқтың қасы десе болады. Осындай жағдайдан кейін қоғамда мемлекеттік тілге деген қажеттілік қалай туындайды?» дейді ғалым. Ш.Құрманбайұлының пікірінше, «Тіл туралы» заңның 24-бабында тіл жөніндегі құқықбұзушылықтарға қатысты жауаптылықтар мен қолданылатын шаралар нақты көрсетілмеген.

«Тіл заңының» 4-бабында «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» деп жазылғанымен, республика азаматтарының бұл парызды өтеуге асығатын түрлері жоқ. Сондықтан бізге алдымен мемлекеттік тіл туралы жаңа заң қабылдап, «мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының міндеті» екенін және сол заңда тілдік құқықбұзушылықтарға қатысты жауапкершіліктерді нақты атап көрсететін уақыт жетті. Сонда ғана уәкілетті орган немесе тіл инспекциясы соған сәйкес нақты талаптар қойып, заңды да пәрменді қызмет атқара алады» деді.

Павлодар қаласындағы белгілі тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегін әңгімеге тартқанымызда «Тіл туралы» Заңның күнделікті өмірде жиі бұзылатынын, дүкендерге кіргенде қазақша жауап бермей, тұтынушылар құқығын бұзатын сатушылардың бар екенін көріп жүрміз дейді.

– Мен тауарды қазақша сұрасам, «Говорите по русски» деп тұрып алады. Конс­титуцияны көрсетсем, орыс тілі – ресми тіл деген уәжді айтып, өз қызметтеріне шаң жуытпайды. Кезінде «Тіл туралы» Заңның бұзылуына қатысты көптеген мекемелермен соттасқанымда ешқандай атқарушы билік тарапынан қолдау таппадым. Тілдерді дамыту басқармасы «бұл жеке адамның ісі» деп, тіпті мән берген жоқ. Ал биыл мен қоғамдық көліктерде «жол жүру ақысын төлеңіз» деген анықтаманы жазу үшін күресіп келемін. «Нұр Отан» партиясына да, қала әкіміне де барып бұл мәселені көтердім. Өкінішке орай, нәтиже болған жоқ» дейді тіл жанашыры. Ол өз сөзінде газетіміздің Тіл инспекциясын құру жөніндегі бастамасын толық қолдайтынын жеткізді. Айтуынша, тілбұзарлармен күресудің бұдан басқа жолы жоқ.

Рас, қазақ тілі республикалық заңдар­мен қорғалған. Бірақ мемлекеттік тілдің өзекті мәселелері бұл заңдардың қабылдануымен шешіліп кетпегені анық. Бір сөзбен айтқанда, біз қолда бар заңдарымызды толық пайдалана алмай отырған елміз. Мұның бір себебі құқықтық сауатсыздығымызда жатса, екіншісі – осы заңдардың толық орындалуын кірпік қақпай бақылап, қадағалап, тексеріп, үнемі назарында ұстайтын арнайы бір құрылымның жоқтығынан деп білу керек.

ТҮЙІН:

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, егер тілімізге қатысты заң бұзушылықтарды түп-тамырымен жоямыз десек, онда сөзсіз тіл инспекциясы тәрізді құзыреті күшті, тіл саясатымен мықтап айналысатын уәкілетті құрылым әлбетте керек. Тілге деген қажеттіліктің туындауына оң әсер етер еді. Оған еліміздің тіл саясатында қалыптасқан жағдай көзімізді жеткізіп отыр. Бұл мәселе әлдеқашан пісіп жетті. Енді қолға алмасақ, күні ертең бәрі де кеш болуы мүмкін. Мемлекеттік мекемелердегі, министрліктердегі, әкімдіктердегі мемлекеттік тілдің жағдайы соншалықты мәз емес. Олай дейтін себебіміз, мұндай құрылымдарда қазақ тілі көбіне-көп аударма тілге айналғалы қашан. Қысқа қайырғанда, тіл тұғырын биіктетуге арналған нақты шаралар қабылдау қажет.Өйткені Президентіміз айтқандай, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде».

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,
Ақбота ИСЛӘМБЕК



anatili.kazgazeta
Просмотров материала: 2 076

Поделиться материалом


10:04 230 миллиардов тенге возвращено государству в рамках дел... 123 633 Просмотров

20:03 Обращение жителей с. Маралды к Президенту РК К.-Ж. Токаеву... 0 Просмотров

12:16 Атырауда мыңнан астам асыл тұқымды еділбай қойы тірідей... 0 Просмотров

11:35 Бұдан былай Алматыда электрлі самокат тек 16 жастан бастап... 0 Просмотров

11:30 Қарағанды облысындағы жол апатынан сегіз адам көз жұмды... 0 Просмотров

11:17 Мұхамедиұлының Ұлттық музейдегі ұрлықтың жаңа эпизодына еш... 123 464 Просмотров

11:01 Биіктен құлап бара жатқан баланы қағып алған оқушыға үш... 123 105 Просмотров

10:47 Қарағандыда тұрғын үй ауласынан шала туылған бала табылды... 123 129 Просмотров

10:25 Ұлттық музей басшылығына қатысты қылмыстық істі... 123 437 Просмотров

18:37 Адвокат Бурхан Жансейтов задержан в Алматы... 8 496 Просмотров

17:38 Объемы производства сахара будут увеличены в семь раз —... 7 669 Просмотров

17:13 Тарифы на комуслуги изменятся в Казахстане... 7 738 Просмотров

16:54 Министр Аймағамбетов балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз... 10 930 Просмотров

16:52 «Қолайлы мектеп». Ұлттық жоба арқылы 582 мектеп бой көтереді... 11 074 Просмотров

16:52 «Суперагенты»: серьезный человек Сека уже ждет вас на IVI... 20 455 Просмотров

16:48 Балабақшаларды лицензиялауды күшейтеміз - министр... 8 329 Просмотров

16:43 Смайылов президенттің үкімет жұмысына қатысты сынына пікір... 6 653 Просмотров

16:42 Хищение средств через платформу АrtSport расследует антикор... 6 549 Просмотров

16:39 Еліміздің басым бөлігінде аптап ыстық болады – ауа райы... 5 358 Просмотров

16:37 Про президентскую критику... 7 462 Просмотров

16:29 Министерство не запрещало показ мультфильма «Базз Лайтер» -... 16 657 Просмотров

16:15 Экология министрлігі киіктердің мекендеу ортасын зерттеуге... 5 325 Просмотров

15:48 Денсаулық сақтау министрлігі аборт жасатуға тыйым салу... 6 671 Просмотров

15:45 Елімізде коммуналдық қызмет тарифтері өзгереді... 5 435 Просмотров

15:41 Капремонт всех роддомов пообещала министр здравоохранения... 5 431 Просмотров

15:27 Благотворительный спортивный зал для детей открыли в... 5 272 Просмотров

15:00 Қазақстан шекарасы қандай жағдайда жабылады... 5 118 Просмотров

14:18 104 мың гектарға қант қызылшасы егілсе, ішкі нарықты 80... 5 363 Просмотров

13:41 Қаңтар оқиғасы кезінде қанша қару тәркіленді – ҰҚК есеп... 5 295 Просмотров

13:15 Алагузова - Нуртасу Адамбай: Богу не нужна твоя помощь... 16 826 Просмотров

13:14 Жауынгер бір жыл ішінде әскери техниканы ғана емес, қолына... 7 174 Просмотров

13:04 Тамызда өршиді: Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус... 5 150 Просмотров

13:02 В отношении руководства ТОО «Казфосфат» начато досудебное... 5 369 Просмотров

12:59 Суицид в Казахстане: 96% случаев самоубийств совершаются... 5 697 Просмотров

12:51 Усовершенствовать военную организацию Казахстана поручил... 5 121 Просмотров

12:49 Закупать уголь заранее призывают казахстанцев... 5 136 Просмотров

12:45 Павлодарда кран жұмысшыны екінші қабаттан итеріп жіберді... 5 178 Просмотров

12:42 Президенттің сынынан кейін ұзаққа созылған жол жөндеу... 5 101 Просмотров

12:38 МӘМС шенеуніктердің жемсауытына айналған – Арман Бейсембаев... 5 334 Просмотров

12:32 Шоу-бизнес өкілдерінің ЛГБТ-ны насихаттайтын «Базз Лайтер»... 5 485 Просмотров





Опрос


«    Ноябрь 2024    »
ПнВтСрЧтПтСбВс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930