Түркістанда «Бекзат» тұрғын алабының тұрғындары тағы бір отбасының баспаналы болуына себепкер болды. 1984 жылы туған азаматтар мұқтаж жанұяның қуанышын еселей түсті. Бұған дейін 1982 және 1983 жылы туған азаматтар 20 жылдық түлектер кездесу кешінде 2 мұқтаж жанұяға баспана кілтін сыйлаған. Түркістандықтар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» бағыты бойынша елге тағзым жасауда жастарға осылайша үлгі көрсетіп келеді.
«Бекзат Саттархановтың есімі берілген мөлтек аудан тұрғындары көпке үлгі. Жастардың да ұлтжандылығы көңілімізге медеу болып жүр. Осымен Ер Бекзаттың інілері аз қамтылған отбасыларға қажетті тұрмыстық-техникалармен жабдықталған 7-баспананы табыстады. Ұйымшылдық танытып, қайырымдылық іске үлес қосқан замандастарыма алғыс білдіремін.
Эстафета 1985 жылы туған інілерімізге, келесі 20 жылдық түлектеріне жолданады»,- деді Бексұлтан Тілеубеков.
Игі іске қолдау білдірген 1988, 89, 90, 91 жылғы азаматтар да бұған дейін 4 мұқтаж отбасыға өз қолдарымен баспана тұрғызып берген. Әз-Наурыз қарсаңындағы дәстүрлі шараны келер жылы 1992 жылы туған азаматтар жалғастырмақ.
Әр жылдары мектеп бітірген түлектердің білім ордаларындағы соңғы қоңырау қарсаңында қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға көмектесуі, өз ауылының көркейіп-көріктенуіне үлес қосуы дәстүрге айналды. Былтыр да түлектер Түркістан облысының барлық ауданында дерлік қайырымдылық жасап, ауылдастарының алғысын алуда.
Мысалы, Созақ ауданына қарасты Аққолтық елді мекеніндегі Шоқан Уәлиханов атындағы жалпы орта мек¬тепті бітіргеніне 20 жыл болған түлектер тозығы жеткен мешітте жөндеу жұмыстарын жүргізді. Мешіттің күмбезін ауыстырып, ажарын келтірді. Алдына 15 метрлік бастырма, көпшілік жиналатын орын жасады, асхана салды. От жағатын қазандығын жаңартып, жылы еденді төседі. Мешіттің ішінара әрлеу-сырлау жұмыстарын жүргізіп, жаңартты. Құрылыс жұмыстарына 10 млн теңге қара¬жат жұмсалған.
«Ауылда қалыптасқан дәстүр бар. Мектеп бітіруші түлектер жылда ауылды көркейтуге атсалысып, жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын созады. Білім ошақтарын ұмытпайды. Алдыңғы жылдары мешітке «ГАЗель» автокөлігін де сыйлаған болатын», дейді ауыл округінің әкімі Болат Есенқабылұлы.
Ал Созақ ауданы, Тасты ауылының Абай жалпы орта мектебін 2001 жылы бітірген түлектері ауылдың орталық Наурыз және Абай көшесіне жарықтан-дыру жұмыстарын жүргізді. Осы ауылдың 2011 жылы мектеп бітірген түлек-тері латын тілінде жазылған «жүрекше TASTY» мағынасында монументін тарту етті. Сондай-ақ Созақ ауылының «Созақ» мектеп-гимн¬а¬зиясының түлектері жалғызбасты анаға тұрғын үй салып берді. Төрт бөлмелі үйде ауыз су, жа¬рық және жылу жүйесі орнатылған. Соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталған. Ауласы да әрленген. Жаңа баспанаға ие болған жалғызбасты ана Саламат Ералиева қуанышын бөлісіп, жерлестеріне алғысын білдірді. Жалпы созақтық мектеп бітіруші түлектердің 20 жылдық мерекелеріне орай демеушілік жасап, туған жердің түлеуіне үлес қосуы дәстүрге айналған. Мәселен, былтыр бір үй көпбалалы жалғызбасты анаға берілсе, биыл Созақ ауылында үш үй бой көтеруде. Сонымен қатар, бұған дейін ауылдың кіреберісіне киіз үй мен ауыл орталығына бәйтеректің мүсіні орнатылған болатын.
Түлкібас ауданының орталы¬ғын¬дағы Абай атындағы мектеп-лицейінің 20 жыл бұрынғы түлектері тұрғын үйге қол жеткізе алмай жүрген көпбалалы отбасыға 4 бөлмелі баспана сыйлады. Отағасының мүгедектігі бар отбасы 13 жыл жалдамалы пәтерде тұрып келген. Бұдан өзге, аудандағы Қарағашты ауылында Дауан жалпы орта мектебінің түлектері төрт бірдей мүмкіндігі шектеулі жаны бар Тәжібаевтар отбасының құлап қалған үйін қайта тұрғызып, баспанасын жаңартып, орталық мешіттің жылу жүйесін жүргізіп берген. Ал Түркістан қаласының жастары жалғызбасты, көпбалалы анаға үй сыйлады. «Бекзат» шағын ауданының 1990 жылы туған жігіттері 6 баланың анасына жаңа үй соғып, тарту етті. Айта кетерлігі, үйдің құрылыс жұмыстарын демеушілер мен жігіттер асарлатып, өздері жүргізген.
Бұған дейін «Бекзат» шағын ауданының 1988 және 1989 жылы туған жігіттері Наурыз мерекесі қарсаңында екі отбасының баспаналы болуына себепші болған еді. Сондай-ақ Кентау қаласына қарасты Ащысай ауылы №7 Ж.Жабаев мектебінің 2001 жылғы түлектері саябаққа балалар ойын алаңшасын орнатып, балдырғандарды қуантты. Дәл осындай тар¬туды 1984 жылы туған түлектер 9 мамыр – Жеңіс күніне орай, ауыл паркінде орналасқан «Мәңгілік алау» монументін қайта жаңартып, Ұлы Жеңістің 76 жылдығына керемет сый жасаған болатын. Төле би ауданы Қайнар елді мекенінің «Қайнар» жалпы орта мектебінің 20 жыл бұрын түлеп ұшқан шәкірттері «Туған жерге туыңды тік» марафоны аясында ауылдың атауы жазылған кіреберіс қақпа орнатып, арнайы ашылу салтанатын өткізді. Қазығұрт ауданында білім ұясынан осыдан 20 жыл бұрын түлеп ұшқан Қаныш Сәтбаев мектебінің шәкірттері өздері білім алған мектепке заманауи, құны 4 млн теңгелік жазғы спорт алаңшасын салып берді.
Қайырымдылық шаралары жергілікті мәслихат депутаттары тара¬пынан да жасалуда. Мысалы, Жетісай аудандық мәслихатының хатшысы, Nur Otan партиясынан сайланған аудандық мәслихат депутаты Әлихан Утанов отбасының атынан «Асықата» жалпы орта мектебіне заманауи спорт алаң-шасын салып берді. Шағын футбол, волейбол және баскетбол ойнауға болатын нысанның ашылу салтанатында депутат бүгінгі жеткен жетістіктердің барлығы да мектептен алған білім мен тәрбиенің арқасы екенін атап өтті. «Біз бұл мектепті бітіріп кеткенімізбен қазір біздің перзенттеріміз, немерелеріміз осында білім алып жатыр. Келешекте түрлі жыл¬дарда мектеп бітірген түлектер жи¬налып, өздері оқыған мектептеріне осындай алаңшалар салып, көмек беріп отырса екен деген ниеттеміз», дейді заң ғылымдарының докторы, профессор, Жоғарғы Сот жанындағы ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі Мұқтархан Утанов.
Бәйдібек ауданы, Кеңестөбе ауылында облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер Ғабиден Қапалбаевтың демеушілігімен салынған заманауи шағын футбол алаңшасы пайдалануға берілді. Футболды жақсы көретін ауыл жастары үшін бұл – тамаша сыйлық. Яғни шынығамын, шыңдаламын деген ауыл жастары үшін бұл алаңшаның есігі әрдайым ашық болмақ. Бұл өңірдегі қайырымдылық және ауылдың гүлденуіне үлес қосу мақсатындағы іс-шаралардың бірқатары ғана және осы бағыттағы игі істер жалғасын табатыны сөзсіз.
Просмотров материала: 1 098