Мысалы, Канадаға барсаң ағылшын тілінен тапсыруың керек. Сосын сол елдің мемлекеттік тілін білмесең, ол елде жұмыс істей алмайсың. Латвияда мемлекеттік органдар төменгі органдарға орыс тілінде қағаз жіберсе, айыппұл төлейді. Ал бізде ше? Қызылорданың 98 пайызы қазақтар. Оған біздің министрліктер қағазды орыс тілінде жібереді. Олар мұны қабылдап алып, қазақшаға аударады. Ал жоғарыға жіберетін қағаздарын орысшаға аударып алып, сосын жібереді. Министрлікке орысша мен қазақшасы тең барады, бірақ олар қазақша қағаздарды қоқысқа тастайды, себебі, оны оқитын адам аз.
dalanews порталына берген сұхбатынан
– Дос мырза, мемлекеттік тілді халықтық тілге айналдырудың жолы барма?
– Қазақстанда қазақтілді және орыстілді екі әлем бар. Олар әрқайсысы өздерінің газетін оқиды, өз телеарналарын көреді. Әлемдегі оқиғаларға беретін бағалары да әрқилы. Керек десеңіз, адамға деген, біздегі қоғам қайраткерлеріне деген көзқарастары да екі түрлі. Әрқайсының өздерінің ұстанымдары, көзқарастары бар. Біз барлығымыз бір кемеде жүзіп келе жатырмыз дегенімізбен, кей мәселеге келгенде ойымыз, көздеген мүддеміз бөлек… Бұл қоғам үшін қауіпті. Тілдік тұрғыдан екі жікке бөліну мемлекеттік саясатқа да тікелей әсер етуде.
– Бұл мәселені қалай шешу керек?
– Мұндай түйткілді шешудің бірнеше жолы бар. Мысалы, мемлекеттік деңгейде шешу, заң жүзінде шешу деген сияқты. Бірақ, менің ойымша, казіргі күнде ең өзекті болып отырғаны үгіт-насихат – адамдарға қазақ тілінің өз болашағы үшін қажетті екенін ұғындыру. Біз мемлекеттік тіл жөнінде айтамыз, зарлаймыз, жиналыстар өткіземіз, тіл туралы талаптар қойып, хаттар жазамыз, бұл мәселені орыстілді қауым түсінбейді, не түсінгісі келмейді. Сондықтан оларға насихат жұмыстарын жүргізіп, саналарына сіңген ескі түсініктерді өзгерту керек. Біздің «Ұлт тағдыры» қоғамдық ұйымы үш-төрт жылдан бері осы мәселемен жүйелі түрде айналысып келеді.
Жақында Петропавлда «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген біздің жобамызды Тіл комитеті қаржыландырып, арнайы семинар өткізді. Солтүстікке сапар барысында біз аудандарда дөңгелек үстел өткіздік, студенттермен семинарлар ұйымдастырдық. Шара аясында көптеген мәселелерді түсіндірдік. Кейбір терминдер мен ұғымдарды орыс тілді азаматтар мүлдем басқаша түсінеді екен.
Орыстілділер осы кезге дейін ұлт аралық қатынас тілі орыс тілі деп түсінеді. Бұл 1989 жылғы «Тіл туралы» заңның екінші бабында бар болатын. 1997 жылы бұл бап алынып тасталды, себебі екі адам арасындағы қатынас тілі заңмен бекітілмейді, бұл адам құқығын бұзады деген халықаралық ереже бар. Ал орыстілділер соны әлі күнге малданады. Олар елімізде қарым қатынас тілі орыс тілі дегенді желеу етіп, шу шығаруға, қоғамдық пікір тудыруға құмар. Екі адам қай тілде сөйлесуді өзі біледі. Бұл адамның өз еркі деп айтсаң, олар өре түрегеліп, қарсы сұрақтар қояды. Сол үшін бұл мәселені оларға жіңішкелікпен түсіндіруге тура келеді.
Тағы бір мысал. 2013 жылғы санақ бойынша елімізден көшіп жатқандардың 37 пайызы тілдік дискриминациядан қашып бара жатқанын айтқан. Семинарға келген жастардан дискриминация туралы сұрасақ нақты түсініктері жоқ. Зат сатушы сатып алушының сөйлеу тіліне құрмет етпесе, мұны дискриминация деуге болады. Ұлтына, түріне, дініне қарап, бөлсе, өзінікін орынсыз таңса, әңгіме басқа.
Келешекте көптеген мамандықтарға мемлекеттік тілді білу талабы қойылады. Мысалы, Латвияда екі мыңнан артық мамандық иелеріне мемлекеттік тілді білу талабы қойылған. Осындай талап қойылса не боласыңдар десең, бұл да дискриминация деп түсінеді. «Мемлекеттік тіл туралы» заңда халыққа қызмет ететін мамандардың мемлекеттік тілді білуі міндетті екені көрсетілгенін бұлар әлі білмейді.
Сосын оларға болашақтағы Қазақстандағы жағдайларын айтып түсіндіру керек екенін ұқтық. Баяғыда Алматыда 1 ғана қазақ мектебі бар еді, қазір 56 қазақ мектебі бар. Қызылордада 15 орыс мектебі бар еді, қазір 1 ғана мектеп қалды. Бұрын қазақша оқитындар 30 пайыз еді, ал қазір 64 пайыз болды. Қысқасы, «шегірен былғары» секілді аумақтарың кішірейіп барады. Сендер ертең Қазақстанның жер-жеріне барып жұмыс істейсіңдер, сонда осы мәселе алдарыңнан шығады. Мемлекеттік тілдің бес дәрежесінен өтпесең, жұмыс берілмейді, сонда қайтесіңдер десек, ауыздарын ашып қарайды.
Осы сияқты, келешекте олардың алдыларынан шығатын мәселелерді түсіндіру аса маңызды. Орыстілді ақпарат құралдары, қоғамдық ұйымдар тіл мәселесін түсіндірмейді, оларға бұл жабық тақырып. Мемлекеттік тілді халықтық тілге айналдыру жолы – өзге емес, насихат, талап, түсіндіру жұмыстары дейтінім сондықтан. Бұған да саяси түс алып кетпейтін жақсы дайындықпен бару керек. Кейбір әсіре ұлтшылдар тілдің мәселесін саяси мәселеге айналдырғысы келеді. Мұның лингвистикалық мәселе екенін білмей жатады.
– 1989 жылдары тіл жанашырлары бейбіт шеруге шыққанда, Алматыдағы алаңға 30 мыңнан артық адам жиналатын. Қазір сондай жиналысқа 300 адамды әзер жинаймыз. Бұл нені көрсетеді?
– Бізде қазір үлкен ауру бар, әсіресе, қазақтарда. Мен ол аурудың атын әдетте «Онда тұрған не бар?» деп атаймын. Өзекті өртер дүниені айтсаң, онда тұрған не бар дейді жұрт. Ойбай, тіл құрып барады десең, онда тұрған не бар дейді. Бізде баяғыдан жалғасқан кертартпалық әлі үзілмей келеді. Қазақтардың саяси сауаты әлі ашылған жоқ. Ұлттың саяси санасы ашылмаса, оң мен солын танымаса, тек қана өз бастарын ойлап, « Онда тұрған не бар?» деп жүре береді. Менің ойымша біздегі белсенділіктің жоқтығы осында.
1991 жылдары Алматыда жиырма төрт митингі болды. Соның он екісін мен басқардым. Ол уақыттарда адамдарда өз пікірін айтуға, қоғамға ой тастауға деген құлшыныс бар еді. Қазіргі кезде , біріншіден , осы рухты күйбең тіршілік басып кеткен, екіншіден, тәуелсіздікке деген шүкіршілік бар сияқты. Қысқасы, қазақтардың ұйқыда жатуы, орыстілді баспасөзді «Кремль идеологиясының» жаулап алуы, әлі өзгермеген кеңестік психология көптеген ісіміздің шатқаяқтауына себеп болып отыр.
– Мүмкін Кеңес одағында тәрбиеленген буын кеткесін, қазақ қоғамында жаңа кезең басталатын шығар?
– Бұл жол Мұса пайғамбардың тәсіліне ұқсап кетеді. Өз басым оған сенбеймін, себебі Кеңес одағында тәрбие алған адамдар сол тәрбиені өз балаларына беріп жатыр. Бізді ұрпақ алмасуы өзгерте қоймайды.
– Бұл қандай психология?
– Бұл құлдық психология.
– Осыдан 185 жыл бұрын Абай: «Білім орыс тілінде, қайтсең де орыс тілін үйрен» депті. Хакімнің бұл сөзі біз үшін әлі де өзекті болып отыр. Неге білім мен ғылым қазақ тілінде сөйлемей отыр?
– Әрбір отарлаушы ел отарланған елге өз білімін, мәдениетін сіңіреді. Әрине орыс тілінің көмегімен біз ақпараттық кеңістікте шықтық. Себебі олардың тілі әлемдік аренада ықпалды болды. Ондай деңгейге жетудің бір жолы 1991 жылдан бастап, бүкіл жоғары оқу орындары әдеби, ғылыми оқулықтарды қазақ тіліне көшіруі керек еді. Бізде ондай жұмыс жасалмады, орыс тілі бар деп жүре бердік. Ресейдің өз өмірінен мысал келтіруге болады.
18 ғасырдың орта кезінде орыстың оқу орындарындағы кітаптар дерліктей неміс, француз тілінде еді. Ломоносов келді де, жиырма жылдың ішінде орыс тілін ғылым тіліне айналдырып жіберді. Осы мәселені кезінде алаштықтар іске асыруға батыл кіріскен. Әлихан Бөкейхановтың бастауымен «ертең мемлекет болсақ, қазақ тілі ғылым тілі болуы керек» деп арнайы жиырмадан артық ғылымның саласында кітаптар жазғызыпты. Соның бірі Қаныш Сәтпаев 22 жасында жазған «Алгебра» оқулығы.
Осы кітапті латын әрпінен біздін жазуға аударған досым мұндай кітап тек Францияда ғана бар екенін айтып таң қалып отыр. Білімді азаматтарды жеке-жеке бөліп кітаптар жазғызыпты. Медицина саласына Қаратаевты бөліпті, әдебиетке Байтұрсыновты, «Педагогиканы» Мағжанға, «Психологияны» Жүсіпбекке тапсырыпты. Сонда ғана қазақ тілі көгереді деп ойлаған. Ал біздің қолымызда бәрі бар, бірақ жүйелі дүние жасалып жатқан жоқ.
– Біздегі өсіп келе жатқан жас толқын қазақтың құнарлы тілін дұрыс түсінбейтінін, қарапайым тілді ғана білетіндерін айтады…
– Бұл тілдегі әлеуметтік лингвистикаға саятын, тіл ғылымында қарастырылған мәселе. Айталық, англиялықтар мен америкалықтардың ағылшын тілін салыстыруға келмейді. Екеуі де ағылшын тілі болғанымен, Америкадағы тіл қатынас құралы есебінде қалған, ал ағылшындардікі көркем тіл есебінде. Шындығында да қоғам өзгерісімен бірге тілдің де кейбір қасиеті өзгереді.
Сондықтан қазіргі кездегі тілдің қысқартылуы, тек қажетті сөз байлығыменен өмір сүре беру деңгейі бізге де енуде. Бүкіл халық тілді жоғары деңгейде сөйлеуі үшін, мемлекетте тілге деген қажеттілік туып, мемлекет бойынша сол тілде сөйлей бастаса, сонда тілдің сөздік қоры көбейеді, Синонимдер қосылады. Бұл үнде бізде тек қазақ тілінде сөйлесе екен деген талап қана бар. Тіл қоғам болып жаппай сөйлегенде өседі. Жоғары басқышқа қарай көтеріледі.
– Соңғы жылдары терминді аудармау туралы сөз бола бастады. Бұл тіліміздің шұбарлануына әкеліп соқпай ма?
– Тілде тілдік куризм деген термин бар. Ол сөздің бәрін қазақ тіліне аударуға болады. Кезінде соғыстан кейін Жапонияда солай болды. Мен өз басым, қазақ тілі маманы болсам да, бұған қарсымын. Кейбір баламасын табуға сұранып тұратын сөздер бар, кейбір сөздер аударылмайды, оны интернационалдық лексика дейміз. Мысалы, демократия, республика деген сияқты сөздерді аударудың қажеті жоқ. Бірақ бұл барлық сөзді қалдыру керек дегеннен дерек бермейді. Кейде сол сөзге қарағанда біздің аудармамыз керемет шығып жатады. Мысалы, морожный деген орыстың сөзін балмұздақ деп аудардық. Бұл керемет аударылған сөз.
– Заң жүзінде барлық мекемелер іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу керек. Әйткенмен мемлекеттік мекемелердің көбі орыс тілін қолданады. Көзбояушылықтың бұл түріне қалай тосқауыл қоя аламыз? Қазақ тіліндегі іс-қағазды бер десеңіз, кей мекемелер бітіп қалды деп сылтау айтады. Мұндай салғырттыққа кім жауап беруі тиіс?
– Ең алдымен, тілге сұраныс болуы керек. Қажеттілік болмаса ешкім оқымайды. Оны жасамай ешқандай мәселе шешілмейді, Солтүстік аймақтардағы тұрғындар бізде тілдік орта жоқ дейді. Дүкенге барсам да, билет алсам да, қандай мекемеге бас сұқсам да, орыс тілінде өмір сүре аламын, сондықтан қазақ тілінің қажеті қанша дейді.Тілдік қажеттілік жасаудың екі жолы бар. Бірі заңдық жол.
Мысалы, Канадаға барсаң ағылшын тілінен тапсыруың керек. Сосын сол елдің мемлекеттік тілін білмесең, ол елде жұмыс істей алмайсың. Латвияда мемлекеттік органдар төменгі органдарға орыс тілінде қағаз жіберсе, айыппұл төлейді. Ал бізде ше? Қызылорданың 98 пайызы қазақтар. Оған біздің министрліктер қағазды орыс тілінде жібереді. Олар мұны қабылдап алып, қазақшаға аударады. Ал жоғарыға жіберетін қағаздарын орысшаға аударып алып, сосын жібереді. Министрлікке орысша мен қазақшасы тең барады, бірақ олар қазақша қағаздарды қоқысқа тастайды, себебі, оны оқитын адам аз.
Екінші тәсіл: Эстонияда 1990 жылдан бастап жаппай эстон тілінде сөйледі. Дүкенге біреу келіп орыс тілінде сөйлесе, эстон тілінде жауап берді. Бұл қарсыласу емес, тілді таңдау құқығы. Мұндай жағдайда орыстілділер не кетулері керек, не эстон тілін үйренулері керек болады. Эстония орыстары бір- екі жылда эстон тілін үйреніп алды. Ал мұны жасаған мемлекет емес, халықтың өзі. Қазақстанда мұндай тәсіл жүргізу өте қиын. Біреу осыны талап етсе, біз «онда тұрған не бар?» дейміз. Өкінішті…
– Әңгімеңізге рахмет!
Просмотров материала: 2 080