Қызылорда облысы, Арал ауданы облыс орталығынан 448 шақырым жерде қоныс тепкен. Иә, шалғайда орналасқан. Бірақ, тоғыз жолдың торабында жатыр. Аумағын 240 шақырым темір жол және Самара-Шымкент автокөлік жолы басып өтеді. Ал «Свобода Слова» газетіне сұхбат берген Арал ауданының әкімі Абзал МҰХИМОВ: «2012-2014 жылдар біз үшін өсу, өркендеу, даму кезеңі болып тарихта қалды.
erkindik.kz
Биылғы жылғы дамудың бағыты Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауына сай айқындалды » деп бастады өз әңгімесін. Біз өз кезегімізде оған ауданның тыныс-тіршілігіне қатысты ең өзекті сауалдарды қойдық.
Соңғы екі жыл табысты болды деп отырсыз. Яғни, осы аралықта ауданның дамуына дем берген жаңа жобалар жүзеге асырылды деген сөз ғой?
– Иә, жөн айтасыз. Аралда іске асырылған және асырылып жатқан ірі жобалар «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізінің құрылысы, «Жезғазған-Сексеуіл» шойын жол құрылысы, «Бозой – Шымкент» газ құбырын тарту жұмыстары ауданымызда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастырды. Былтыр негізгі қорға тартылған инвестиция көлемі 24,2 млрд теңгені құрады.
Арал ауданын айтқанда алдымен теңіздің тағдыры ойға оралады. Бүгінге дейін Арал теңізін сақтау бойынша қандай іс-шаралар атқарылды?
– Бұл мәселені аудан әкімдігі тұтастай қарастыра алмайды. Ол өзіңізге де белгілі болар. Қазіргі күні «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы бойынша құрылыстың І-ші кезеңі сәтті аяқталып, Кіші Арал суға толып жатыр! Кіші Аралдың суының тұздылығы азайды. Бұл өз кезегінде кәсіптік маңызы бар балықтардың теңізде өсіп-өнуіне қолайлы жағдай туғызып отыр. Айта кетейін, 90 жылдары балықтың екі-ақ түрі болды, ол камбала глосса және балтық майшабағы еді. Ал қазіргі кезде балықтың 22 түрі ауланады. Алдағы уақытта, жобаның ІІ кезеңін бастамақпыз.
Білуімізше, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі ауданның оңтүстігі мен солтүстігін түгел басып өтеді екен…
– Иә, күре жолдың аудан көлеміндегі ұзындығы 213 шақырымды құрайды. Биыл көлік дәлізінің құрылысы қайта жалғасын тапты. Бұдан сырт «Жезғазған-Сексеуіл» шойын жол құрылысы Қарақұм өңіріне жеткізілді. Өткен жылы осы құрылыстың ашылуы болып, қазір ұзындығы 116 шақырымды құрайтын жолдың бойынан станса, темір жол бекеті бой көтеріп, көптеген инфрақұрылым салынып жатыр. Бұл жол бойында өндіріс пен бизнес құрылымының дамуына қолайлы жағдай туғызады. Ауданға тартылған инвестицияның басым бөлігін құрайтын «Бозой – Шымкент» газ құбырын тарту жұмысы аяқталып, биыл Арал қаласын газдандыру жұмыстары басталып, жыл аяғына дейін аяқталады деп күтіп отырмыз.
Жалпы тұтас елдің экономикасын дамытуда шағын кәсіпкерліктің қосар үлесі зор ғой. Бұл тарапта аудандағы шағын кәсіпкерліктің дамуы қарқыны қандай осы?
– Жаман емес. Шағын бизнесте өсу бар, даму бар. Дәлелдей кетейін, аудандағы шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3252-ге жетті. Олар 4921 адам жұмыспен қамтып отыр. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 358 адамға көп. Ал бұдан түскен салық сомасы 544,2 млн. теңгені құрады.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 3 жоба субсидияланып, іске асырылуда. Бұл: «Нан және ұн өнімі өндірісі», «Жихаз өндірісі» және «Наубайхана салу» жобасы.
Естуімізше, осы бағдарлама аясында индустриялық аймақ құрылмақ екен…
– Иә, индустриялық аймақ құру үшін қаланың солтүстік-шығыс бетінен 10 га жер бөлдік. Арал қаласының солтүстік-шығыс беткейінде кәсіпкерлік мақсаттағы өндірістік аймақтың инженерлік инфрақұрылымының құрылысына 210,4 млн теңге бөлінді.
Аудан экономикасын қалыптастырудағы мал шаруашылығының рөлі қаншалықты?
– Қуаныштысы мал басы өсіп келеді. Былтыр ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 3,7 млрд теңгені құрап, аудан Қызылорда қаласы мен басқа аудандар арасынан 1-ші орынға шықты! Былтыр ірі қара саны 42641 басты, жылқы 22236 басты, түйе 20437 басты, қой мен ешкі 95836 басты құрады.
Қазақстан 30 дамыған елдің қатарына кіру үшін ең алдымен медицина саласының сапасын жақсартуы қажет. Бұл тарапта денсаулық сақтау ісінде Арал ауданында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Иә, қоғамның басты байлығы – адам денсаулығы. 2013 жылы басталған Қамыстыбас, Аралқұм ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялардың құрылыс жұмысы толық аяқталды. Сонымен қатар, Сексеуіл кентінде ауысымына 100 келушіге арналған ауылдық емханаға 100,0 млн теңге қаржы қаралып, құрылысы басталды. Аудандық перзентхана ғимаратын күрделі жөндеуге 103,5 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыстар аяқталды. Сонымен қатар, Сексеуіл кентіндегі 40 орындық ауылдық аурухана құрылысының мемлекеттік сараптамадан өткізілген жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге 10,0 млн теңге, Бекбауыл, Қаратерең, Аманөткел елді мекендерінен дәрігерлік амбулатория құрылысы жобасының мемлекеттік сараптамадан өткізілген жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге 7,0 млн теңге қаржы қаралып отыр.
Ал… «Дипломмен ауылға» бағдарламасының жүзеге асу деңгейі қандай?
– «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2014 жылға 30 маманға бір жолғы көтерме жәрдемақыға 3,9 млн теңге, 12 маманға тұрғын үй сатып алуға 31,2 млн теңге қаржы қаралып, жыл ішінде 21 маманға бір жолғы көтерме жәрдемақысы, 12 маманға тұрғын үй сатып алуға несие берілді.
Жалпы былтыр Аралда 166 тұрғын үй пайдалануға беріліп, ауданның тұрғын үй қоры 18594 шаршы метрге ұлғайды. «Қол жетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында 113,7 млн теңгеге 12 үй салынып, пәтер кезегін жылдар бойы күткен жанұяларға табыс етілді. Ал соңғы 5 жылда бюджет қаражатына 62 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді.
Жұмыспен қамту бағыты бойынша қандай іс-шараларды қолға алдыңыздар?
– Бұл бағытта «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бар ғой. Соның аясында былтырғы жылы 224 адамды жұмысқа тұрғыздық. Ал 2013 жыл бұл көрсеткіш – 103 адамды құраған болатын.
Сөзімнің соңында айтарым, алыстағы Аралдың тыныс-тіршілігін білуге тырысқан «Свобода Слова» газетіне мың алғыс. Басылымның қазақ оқырманына қарай бетбұруын оң бастама деп санаймын. Оқырмандарыңыз көп болсын!
Сұхбаттасқан Думан БЫҚАЙ
Просмотров материала: 2 001