Әмина Мирсакиева қазір Германиядағы Carl Zeiss ірі индустриялық компаниясында жұмыс істейді. Ол – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, теориялық физик, ғылымды насихаттаушы.
Кейіпкеріміз Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университетінде білім алды. Университеттегі осы оқуында ол зерттеуге құмар болды, 2-курстан бастап зертханадағы ғылыми ізденістерде белсенділік танытты. Аталған жоғары оқу орнында химия инженериясы бойынша бакалавриат пен магистратураны бітірді. Cодан соң Швециядағы KTH – Корольдік технология институтының (Royal Institute of Technology) докторантурасына Material physics саласы бойынша оқуға түсті.
«Бұл менің қолданбалы химия ғылымынан теориялық физикаға ауысқанымды білдіреді. Докторантурадан кейін тоқтап қалмай, әлемдегі ең ежелгі университеттің бірі швециялық Uppsala-ға постдокторантураға түсіп, әртүрлі ғылыми оқулар мен зерттеу жұмыстарынан өттім. Постдокторантурадағы теория мен практиканы қарқынды ұштастырған кезеңде ғылым әлеміндегі зерттеушілердің тұрақсыздығына байланысты академиялық ортада қала алмайтынымды түсіндім. Бірақ мен ғылыммен әрі қарай да айналысқым келді. Сөйтіп осы таңдауыма сәйкес келетін жұмыс іздедім. Біраз ізденістің нәтижесінде Carl Zeiss компаниясына зерттеуші ретінде қызметке кірістім. Аталған неміс компаниясында 30 мыңнан аса қызметкер жұмыс істейді. Carl Zeiss – EUV-литографияға арналған құрылғылардың бөлшектерін жасайтын әлемдегі жалғыз компания. Литографияның бұл түрі телефон секілді түрлі техникаға чиптер өндіру үшін қолданылады», дейді Ә.Мирсакиева.
Ол мұндай компанияда жұмыс істеу үшін бірнеше маңызды кезеңнен өтті. Қазақ-Британ техникалық университетінде оқығанда полимерлі пленка шығарумен айналысты. Осы жұмысын бакалавриаттың 2-курсынан бастап магистратурада да жалғастырды. Бұл ғылыми жұмысына қажетті химиялық заттар оған аллергия беріп, тоқтатуына тура келді. Алайда жас зерттеуші полимермен жұмыс істеуді ерекше жақсы көретін. Сол себепті полимерді басқа қырынан зерттеуге көшті. Осылайша, кейіпкеріміз пленкадан термоэлектрикаға ойысты. Термоэлектрикалық материал – термоэлектрлік қасиеттері бар және қазіргі өнеркәсіпте бір дәрежеде қолданылатын металл қорытпалары немесе химиялық қосылыстар. Мұндай материалдар жылуды электр энергиясына айналдыруда (термоэлектрлік генератор), термоэлектрлік салқындату және температураны өлшеу (абсолютті нөлден мың градусқа дейін) бағытында қолданылады.
«Қарапайым тілмен айтқанда, бір жағынан сіз материалды қыздырасыз, жылы жағындағы ішкі бөлігінде электрондар жылдамырақ қозғала бастайды. Бір мезгілде электрондар салқын бетке жинақтала бастайды. Сол кезде электр қуаты пайда болады. Телефон шынысының астындағы полимерлер осылай жұмыс істейді. Яғни сіз (қан жүгіріп тұрған) жылы саусағыңызбен шынының бетін түрткенде, сол бөлікте электр қуаты пайда болып, смартфон қай папканы немесе қосымшаны ашқыңыз келгенін түсінеді. Полимерлердің осы түрін күннен қуат алатын батареялардың баламасы ретінде де қолдануға болады. Сондай-ақ ғарыш саласында пайдаланылады. Қолдану аясы кең болғанымен, материалдың физикалық тұрғыда шектеулері бар. Ал онымен айналысатын ғалымның негізгі міндеті – сол шектеулерді айналып өтудің жолдарын табу. Докторантурада осындай зерттеумен шұғылдандым. Ал постдокторантурада теориялық физика тұрғысынан органикалық батареялармен жұмыс істедім. Онда тағы да материалмен, оны модельдеумен, яғни ондағы электрондардың, атомдардың қайда қозғалатынын анықтаумен айналыстым. Химик осы материалды жасап шығарады, ал физик өз кезегінде материалдың ішкі жағында не болып, не өзгеріп жатқанын зерттейді», деп түсіндіреді кейіпкеріміз.
Оның ойынша, ғылымды қандай да бір қатып қалған өлшемге салудың қажеті жоқ. Кей адамдар тіпті бакалавр дәрежесімен-ақ ғылыммен айналыса береді. PhD – карьералық саты.
Ол зерттеулерінің нәтижесі ұзақ жылдардан кейін емес, жақын арада, қазір пайдасын тигізгенін қалайды. Сол себепті ғылымды адамдарға неғұрлым жақындатуға болатын жаңа мүмкіндіктің бәрін қуана қабылдайды. Арасында Қазақстанда шығарылатын OYLA ғылыми-танымдық журналына мақала жазып тұрады. Сонымен қатар «Белка және стрелка» атты «подкаст» жүргізеді. Тұрақты түрде ғалымның әлеуметтік желідегі парақшасында шығатын «подкастта» күрделі тақырыптарды, яғни ғылымды жеңіл және қарапайым тілде түсіндіруге тырысады. Кейіпкеріміз өзінің #белкастрелкаподкаст хештегімен жүргізетін Youtube жобасында «Бағдарламалау кімге керек?», «Қыздар неге күйзеліске көп түседі?», «Күннен қорғау» жөніндегі ғылым», «Геолог қыз метроны қалай соғады?», «АҚТҚ: бізге вакцина керек пе?», «Баламалы отын», «Депрессия генетикасы», «Қар және көшкін», «Қандай су ішеміз және Камчаткада не болды?», «Қандай тамақ қауіпті?», «Толықтыру. Бүйрек ауыстыру», «Жалған ғылым», «Сыни ойлау неге керек?», «Ғылыми метрия: Әлемде ең ақылды кім?», «Косметиканы қалай жасайды?», Электронды және жай темекінің қайсысы қауіптірек?», «Ұлы ғылыми жаңалықты қалай кездейсоқ ашуға болады?», «Ғылымидан түсініктіге неге аудару керек?» сынды тақырыптық сұрақтарға түрлі мамандармен бірге жауап іздейді. Өкінішке қарай, осының бәрі орыс тілінде. Қазақ тілді жас ұрпақтан зияткерлердің қалыптасуына қолұшын созатын бір жанашыр Қазақстанда орысша, ағылшынша, докторантураны Швецияда оқыған, өзі қазір Германияда жұмыс істейтін ғалымның осы өнімдерін қазақшаға аударса, жоқтың орнын толтырса, мән-мағынасы жоқ желі «жұлдыздарының» сүйкімсіз әрекетінен гөрі пайдалы дүниемен контентті толықтырса дейсіз...
Иә, саяхаттағанды жақсы көретін Әмина әлемнің әр жерінде жүрсе де елмен бірге. Ғылым мен технологияның дамыған заманында елге қызмет етудің шекарасы болмайтынын дәлелдегендей. Өйткені бүгінде телефонға телмірген балалар, жастар мен жасөспірімдер арасында ғылымды насихаттайтын ғалымдар кемде-кем. Әртүрлі қызықты тақырыптарды арнайы жоба жасап жүргізу, қарапайым халыққа ұғынықты жеткізу, танымын кеңейту былай тұрсын, өзінің мемлекет қаржысына жасалып жатқан ғылыми-зерттеуінің барысы, нәтижесі жөнінде жеткізіп жазып, айтатындар жоқтың қасы. Әрине мұның бюрократизм, бітпейтін қағазбастылық, таусылмайтын есеп берумен байланыстыратын себептері бар. Десек те бұл біздің отандық ғалымдарды ойландыруы қажет-ақ. Ал ғылым секілді адамзатқа ең қажетті, бірақ насихаты кемшін саланы арнайы бір себепті немесе журналистердің шақыруын күтпей ғылымнан хабары жоқ жұртқа заманауи форматпен күрделі тақырыптарды жеңіл түсіндіруі – өзге ғалымдарға үлгі болатын-ақ іс.
Дереккөз: egemen.kz
Просмотров материала: 591