Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің жанынан ашылған «Жоғары Колледж» ЖШС-ның оқытушылары Білім және ғылым министріне басшылық тарапынан көріп жатқан қысымдарын айтып, шағымдарын жеткізді. Бұл туралы Facebook қолданушысы Думан Бақыткелдіұлы өз парақшасында жазды.
Автордың айтуынша, колледжге былтыр ғана келген жаңа басшы ұжымның берекесін қашырып, жас мамандардың жұмыс істеуіне мұрша бермеген.
«Жаңа басшы келгелі колледждегі жас мамандар бірінен кейін бірі қысым көрді. Ұжымдағы өзіндік еркіндігі мен шындығы бар адамдар қысымға ұшырады. Тіпті сол колледждегі мықты деген оқытушылардың өзі амалсыздан бірінен соң бірі жұмыстан шығып кетті. Келген бойда Қ.Жұбанов университетінің үздік түлегі, жас жазушы, сценарист, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы Жақсылық Әлиханға қыры түсті. Түрлі акттар арқылы қысым көрсетілді. Ал бұған себеп тек сол оқытушының басшыға «азаматтық қоғамда бәрі тең» деген сөзі. Демократиялық мемлекетімізде осындай ұстанымдағы адамдар қудалана берсе, онда бұл дегеніміз мемлекеттік саясатымызға қайшы емес пе? Жас маман сізге де өз шағымын жазған болатын. Алайда, аяқсыз қалды. Кейін сол қазақ тілі және әдебиеті пәні оқытушысы Ибрагимов Төлеген де жұмыстан кетті. Бұл оқытушы да Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-ді бітірген үздік мамандарымыздың бірі еді. Алайда, одан да өз әдісі арқылы құтылды», - деп жазды автор.
Azattyq Rýhy тілшісі автор атаған жас мамандар Әлихан Жақсылық мен Төлеген Ибаргимовке хабарласып, мәселенің мән-жайын кеңірек анықтауға тырысты. Әлихан Жақсылықтың айтуынша, Бақыт Күлбаева оған психологиялық қысым көрсетіп, тіпті жалақысын қысқартпақ болған екен.
«Бізге таңғы 9-да, 12-де, түскі 2-де және 4-те директорға барып белгілену керек деген талап қойылды. Мен бұдан бас тарттым. Себебі менің сабағым 10-да басталып, 14.00-де аяқталуы мүмкін. Ал 17.00-ге дейін мен кітапханаға барып, келесі сабаққа дайындалуым керек. Әрбір екі-үш сағат сайын оған барып белгіленуім - менің күнімнің құлдыққа айналуымен бірдей. Сондай-ақ, жұмыс бойынша мағынасыз есептер сұрай бастады. Өйткені Бақыт Сағындыққызы басшы болып келген кезде мен ол кісіге «демократиялық адамдардың барлығы тең болады, басшы-қосшы болып бөлінбейді» деген сөзім үшін ең үлкен қысымдар басталды. Осыдан кейін ол маған ешбір себепсіз түрлі акттар жаза бастады. Өтіп кеткен жартыжылдықтың есебін сұрап, «кезекшілікке кешіктіңіз» деген сылтаулармен қысымға алды. Алайда мен кезекшілік дегенге әу баста қарсы болдым. Себебі оқытушы өзінің сағатына сай сабақ беруі керек. Ал басқа уақытта ол өзінің шығармашылығымен айналысуы керек деп ойлаймын», - деді Әлихан Жақсылық.
Қазақ тілі мен әдебиетінің жас маманы жаңа басшы келгелі оқытушылардың қосымша шығармашылық жұмыстармен айналысуына да еш мүмкіндіктері болмағанын айтады.
«Күлбаева келгенге дейін бізде жұмыс жүйесі өте жақсы болды. Мен өзімнің анимациялық жобаларымды жүзеге асырып, оны университет басшылығына ұсынып, тіпті отандық «Балапан» телеарнасына дейін жетті. Сондай-ақ, менің прозалық кітабым да жарық көрді. Ал Күлбаева келгеннен кейін мұндай жұмыстарды атқаруға уақыт болмай кетті», - дейді Әлихан.
Сондай-ақ, оқу орнының басшылығына қатысты сұхбат барысында тағы бір мәселенің шеті көрінді. Әлихан Жақсылықтың айтуынша, колледжді аккредитациядан өткізетін кезде республикалық комиссия бірқатар шикіліктерге көз жұмып қараған.
«Республикалық комиссия келген кезде басшылық оларға топтардың жарамды журналдарын көрсетіп, жарамсыздарын сөрелерге тығып тастады. Ал «шындықты айтып қояды» деген жас мамандарды ол күні жұмысқа шығарған жоқ. Сонымен қатар, комиссияға «балаларды осында оқытамыз» деп колледжді емес, университет қабырғасын көрсетті», - дейді Әлихан.
Жас маман бұған дейін де Білім министрі Асхат Аймағамбетовтің атына хат жазған екен. Ведомство аталған мәселеге байланысты комиссия құруды тапсырған. Алайда тексеріс тобын университет басшылығы құрып, ондағы бірқатар мамандар мәселені жылы жапқан болып шықты.
«Олардың жылы жапқан себебі - комиссияның құрамында заңгер, проректор (Рахым Бекназаров), тәрбие-ісі жөніндегі проректор (Бибігүл Әбенова) келіп директорды ақтап алды. Оған үлкен қолдау білдіріп, керісінше қысымға қайтадан мен ұшырадым. «Сенің министрге жазған хатыңды сотқа берсек, сен жеңілесің» деген қоқан-лоққы көрсетті», - дейді Әлихан Жақсылық.
Колледжде сабақ берген жас мамандардың бірі Төлеген Ибрагимов те басшылық тарапынан біраз қысымшылық көріп, ақыры жұмыстан кетіргендігін айтады.
«Мен жұмысқа декреттік орынға кіргенмін. Декреттік маманның жұмысқа шығуына байланысты менің келісімшартым тоқтатылды. Алайда сол кезде колледжден қазақ тілінен беретін үш маман жұмыстан шықты. Бірақ басшылық мені ол орындардың біреуіне де ауыстыруды жөн көрмеді. Сондай-ақ, декреттегі адам сол күйі жұмысқа шыққан жоқ. Өйткені ол кісіге біз сияқты ойын ашық айтатын адамдар мүлдем ұнамайды», - дейді Төлеген Ибрагимов.
Өзіндік ойы мен көзқарасы бар жас мамандар жұмыстан бірінің артынан бірі кеткен көрінеді. Алайда «жылы орнын қимайтындар қысымға шыдас танытып» келеді дейді Төлеген Ибрагимов.
«Сол колледжде бұрыннан істеп жүрген апайларға ашықтан-ашық қысым көрсеткенін мен талай мәрте өз көзіммен көргенмін. Мамандар бірінен кейін-бірі жұмыстан шығып жатты. Қазір колледждегі көңіл-күй өте нашар, Ол кісімен ешкім бірге жұмыс істегісі келмейді. Ондағы жұмыс істеп жатқан оқытушылардың маған айтқандарынан, жазғандарынан әлі де қысымның жалғасып жатқанын аңғаруға болады», - дейді Төлеген Ибрагимов.
Думан Бақыткелді өз жазбасында бұдан бөлек тағы бірнеше оқытушының жұмыстан әділетсіз кеткенін айтты.
«Университеттің «Дене шынықтыру және спорт» мамандығын үздік бітірген және дуалды оқыту бойынша келісімшартпен еңбек етіп жүрген Забихолла Бекжан есімді жас маман да айқай-шумен кетті. 2 ай бойы колледждің қабылдау комиссиясында жұмыс істеген маманға түрлі психологиялық қысым көрсетілуінің кесірінен ол шыдай алмай жұмыстан шықты. Және сол 2 айлық қызметі үшін бар-жоғы 30 000 теңге ғана айлық алды. Бұл сорақылық емес, бұл -қорлау. Оқу жылы таяғанда колледждің дене шынықтыру пәні мұғалімі, футбол құрамасының бапкері Құлтай А.Д. өз еркімен жұмыстан шықты. Бұл факторға да директор Б.С.Күлбаеваның маманды мағынасыз жұмысқа салуы және «ұнамаса заявление жазсын да шыға берсін» дейтін этикаға сай емес іс – әрекеттері себеп болды», - деп жазды Думан Бақыткелді.
Редакция тілшісі колледж директоры Бақыт Күлбаеваның өзіне хабарласып, осы жағдайға қатысты пікірін білмек болды. Алайда Бақыт Сағындыққызы алғашқыда «сәлден соң хабарласамын» деп уәде беріп, кейін қоңырауға мүлдем жауап бермей қойды.
3 жылдық тарихы бар жас колледждің кадр мәселесін жергілікті білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан өз бақылауына алатындығын жазды.
«Аталған мәселе бойынша білім басқармасына осыған дейін шағым немесе арыз түскен жоқ. Оқу орны жеке меншікте болғанымен ел аумағындағы барша мекемелер секілді еңбек заңдарын сақтауға міндетті. Мәселені жеке бақылауыма алып, тиісті шаралар қабылдайтын боламын», - деп жазды басқарма басшысы.
Өз кезегінде колледж оқытушылары Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтен көмек сұрайтындарын білдірді.
«Еліміздің бас ұстазы ретінде осы жағдайға көңіл бөлуіңізді өтінеміз. Басшы Күлбаеваның және оның айналасындағы (А.Құрмантаева,Қ.Нугманова) адамдардан түрлі психологиялық қысымға (кибербуллинг) ұшыраған оқытушылар жақсы жағдаймен сабақ береді деу ертегі. Сізден осы мәселелер төңірегінде жан-жақты тексеріс жүргізіп, жұмыстан кеткен және колледждегі қызметкерлер мен студенттерден пікір алмаса отырып мәселені шешуіңізді сұраймыз», - деп жазды автор оқытушылар атынан.
Бүгін ғана Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Ақтөбеде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректорын тағайындау рәсіміне қатысып қайтты. Алайда ведомство басшысының бұл даудан хабары бар-жоғы беймәлім. Тек министрліктің баспасөз қызметі бұл мәселенің анықталып жатқанын жеткізді.
Просмотров материала: 7 226