Қазақстанда жыл сайын 4-5 млн тонна тұрмыстық қалдық шығады. Алайда сол қалдықтың небәрі 18,3% қайта өңделсе, қалғаны қоқыс полигондарына көміліп, қала берді, заңсыз қоқыс алаңдырына шығарылып жатыр. Ал оның қоршаған орта мен жерасты суларына тигізетін қаупі жоғары екені айтпаса да түсінікті.
Қалдықты басқару ісімен айналысып жүрген мамандар Қазақстанда шығатын тұрмыстық қалдықтың 30% қайта өңдеуге болатынын айтады. Яғни пластик, қағаз-картон, шыны, металл және аралас қаптамалар қайта өңдеуге жарамды. Өңдеуге жатпайтын гигиеналық құралдар, киім-кешек, ағаш және т.б. осы сияқты қалдықтар жалпы қалдықтың 20% құраса, қалған 50%-ға жуық қалдық үлесін органикалық (тамақ) қалдықтар құрап отыр, дейді сала мамандары. Осы орайда біз қалдық өңдеу ісінде озық елдің тәжірибесін енгізу мәселесін және өңдеуші саланы дамытуға қатысты қолға алынған жобалар жайында «ӨКМ Операторы» ЖШС басқарма төрғасы Медет Құмарғалиев мырзамен сұхбат құрдық.
- Елімізде шығатын қалдықтың 50 пайызға жуығын тамақ қалдығы құрайды екен. Әлбетте органикалық (тамақ) қалдық біздің елде кәдеге жаратылып жатқан жоқ. Осы мәселе қалай шешімін табады?
- ӨКМ Операторының негізгі миссиясы – қалдықтардың қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін барынша азайту, өңдеуге жарамды қалдықтарды кәдеге жарату, экологиялық білім мен мәдениетті арттыру, өңдеуші саланы қаржылай ынталандыру. Сонымен қатар тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқаруға қажетті инфрақұрылымды жасақтау жұмысын жүзеге асыру. Міне, осы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру қалдық көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Жүргізілген зерттеулер қорытындасы бойынша, шығатын қалдықтардың жартысына жуығы тамақ қалдығы екенін көрсетіп отыр. Әсіресе, тамақ қалдықтарының көлемі жаз маусымында артады. Бізде органикалық қалдықтар полигондарға көміліп жатқаны жасырын емес. Өйткені елімізде тамақ қалдықтарын өңдейтін технология жоқ. Дегенмен, бұл мәселені шешудің жолы қарастырылып жатыр. Соның жарқын мысалы ретінде Ақмола облысына қарасты Ақкөл ауданында органикалық (тамақ) қалдықтарды өңдейтін шағын кәсіпорын салынатынын айтуға болады. Жобаны жүзеге асыруға ҚР Үкіметі ешқандай қаражат шығармайды. 2020 жылы француз үкіметі тамақ қалдықтарын сұрыптау және қайта өңдеу бойынша француз компаниялары әзірлеген техникалық зерттеу жұмыстарына және арнайы құрылғы орнатуды қаржыландыруға 500 мың еуро көлемінде грант бөлу туралы шешім қабылдады. Соның нәтижесінде аталған жоба FASEP (жеке секторға көмек және зерттеу қоры) гранты бойынша жүзеге асырылғалы отыр. Жобаны Syctom француз компаниясы, Париж аймағындағы қалдықтарды қайта өңдеу жөніндегі мемлекеттік агенттігі мен Setec Énergie Environnement инженерлік жобалау институты бірлесіп жүзеге асырады. Қазақстан тарапынан қалдықтарды кәдеге жарату жөніндегі уәкілетті кәсіпорын ретінде «ӨКМ Операторы» ЖШС бас серіктес атанып отыр. Жоба аясында француз тарапы қалдықтарды қайта өңдеуге қажетті жабдықтар жеткізу мен техникалық зерттеуге кететін шығындарды өз мойнына алады. ӨКМ Операторы тарапынан оларға қызмет көрсету үшін контейнерлер мен арнайы техникаларды сатып алып, қалдық жеткізу жағына қолдау көрсететін болады. Пилоттық жоба аясында тамақ қалдықтарын француз үлгісінде кәдеге жаратпақпыз. Шетелдік технология оң нәтижесін беретін болса, оны еліміздің өзге аймақтарында қолдану жағын қарастырамыз.
- Қалдықты қаражат көзі, бизнестің өзі деп түсінетіндер елімізде көбейіп келеді. Осы саланы серпілтуге қатысты қандай шаралар жүргізіп жатырсыздар?
- ӨКМ Операторы жылдың басында қаптама қалдықтарын жинаушы, тасымалдаушы және қайта өңдеуші кәсіпорындардың басын біріктіретін «EcoQolday» цифрлық жүйесін іске қосты. Қазақстанда қайта өңдеу саласын қолдауға арналған жаңа модель кәсіпкерлер үшін өте ыңғайлы әрі пайдалы. Бұрын қаптама қалдықтарын жинаушылар мен өңдеуші кәсіпорындарға тендер арқылы таңдау жасалып, оннан астам құжат жинап әлек болатын. Ал қазір барлығы электронды түрде қағазбастылықтан арылтып, ешбір бюрократиясыз жүзеге асырылуда. Кез келген кәсіпкер «EcoQolday» жүйесіне тіркеліп, осы салада кәсібін дөңгелете алады. Айталық, сіз 20 тонна қаптама қалдығын жинадыңыз делік. Мүмкін ол қағаз, шыны, ПЭТ бөтелке болуы мүмкін. Содан кейін «EcoQolday» жүйесіне тіркелесіз де, жиналған қаптама қалдығын сол жерде отырған қайта өңдеушілерге ұсынасыз. Олар өз бағасын айтып, сіздің 20 тонна шикізатыңызды сатып алуға келіседі. Сонымен қатар дәл осы жүйеде шикізатты жеткізіп берушіні де таңдап алатын мүмкіндік бар. Ал енді жаңағы жинаған 20 тонна шикізаттыңыздың әр келісіне ӨКМ Операторы қайтарымсыз субсидия береді. Айталық бұған дейін шынының тоннасы үшін 22 344 теңге берілсе, қазір оның көлемі 44 688 теңгеге ұлғайды. Пластик қалдықтарын жинағандарға әр тоннасына 26 398 теңге берілсе, бүгіннен бастап оның көлемі 52 797 теңгеге өсті. Макулатураға берілетін субсиядия 16 976 теңгеден 33 953 теңге дейін ұлғайып отыр. Тарифтер айлық есептік көрсеткіше байланысты нақтыланған. Сонымен қатар шикізатты өңдеушіге тасымалдауға кететін жол шығынының 50-70 пайызын қарыжыландырамыз. Бұл дегеніңіз өңдеу саласын ынталандырудың тамаша тетігі деуге болады.
- Қазір осы жүйеге қатысушылардың саны мен төленген қаражат көлемі қанша?
- Өткен жылы ӨКМ жүйесінде 23 қаптама қалдығын жинаушы болса, биыл оның саны 89-ға жетіп отыр. Яғни, биыл олардың саны 4 есеге дейін өсті және бұл көрсеткіш ұлғая береді. Осы салада кәсібін жаңа бастаған адамдар қосылып жатыр. Әрине, қуантарлық көрсеткіш. Бүгінде «EcoQolday» жүйесінде 363 қатысушы тіркелген. Оның ішінде 89-ы қайталама шикізатты жинауды жүзеге асыратын кәсіпкерлер, 27-і қаптама қалдыған кәдеге жарататын кәсіпорындар. Содан кейін шикізат тасымалдайтын 247 көлік компаниясы тіркелген. Жоба іске қосылған күннен бастап бүгінге дейін 35 мың тоннадан астам қаптама қалдығы жиналып, өңдеушіге жеткізілді. Ал осы қызметті жүзеге асырған компанияларға 532 млн теңгеден астам қаражат берілді. «ӨКМ Операторы» жаңа тарифтік саясат бойынша 2021 жылы шамамен 110 мың тонна макулатура, шыны және пластиктен жасалған қалдықтарды жинауды жоспарлап отыр. Биылға өтемақы төлемдеріне жалпы 10 млрд теңге қарастырылған.
- Оператор тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау инфрақұрылымын дамыту жағын да қаржыландырады. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізу керек?
- Жоғарыда айтылған Оператор миссиясының бір парасы - дәл осы қалдықты бөліп тастауға қажетті инфрақұрылымды дамыту. Қазір Өскенмен, Семей, Ақтөбе, Қарағанды, Нұр-Сұлтан және еліміздің басқа да он шақты аймағында қалдықты сұрыптап тастау жүйесі қолға алынды. Алдағы уақытта Алматы, Павлодар, Маңғыстау облыстарында қалдықты бөліп тастауға қажетті материалдық-техникалық жарақтандыру жұмыстарын жүргізсек деген жоспарымыз бар. Игі бастаманы одан әрі дамытып әкету біздің ішкі мәдениетіміз пен экологиялық санамызға байланысты.
- Экосана демекші, дәл осы экологиялық мәдениетті қалыптастыруда қала мектептерінде сіздердің бастамаларыңызбен бірқатар шара өткізіліп келеді. Сол жайлы айта кетсеңіз?
- Елбасы мен Үкімет бізге экологиялық мәдениетті, білім мен ағартушылықты дамыту керектігін айтады. Біз не істедік? Біз мектеп оқушыларына қалдықтың пайда болғаннан бастап, қайда баратындығын түсіндіретін бағдарламаны іске қостық. Қаптама қалдықтарын қайырымдылық бағытында жинауды жүзеге асыратын «ЭкоАсар» жобасын қаланың барлық мектеп-балабақшасына қостық. Кейіннен «ЭкоАсар» марафонының эстафетасы Семей мен Өскемен мектептеріне берілді. Тапсырған шикізаттан түскен қаражатқа аз қамтылған отбасының балаларына ноутбук, азық-түлік, мектеп кітапханасына оқулықтар, мектеп ауласын гүлдер мен алма ағаштарын, қараусыз қалған жануарларға азық сатып әперілді. Міне, осылайша біз жас ұрпаққа экологиялық мәдениет пен қатар қайырымдылық қасиетті үйретуді мақсат еттік. Экологиялық білімді жастардың санасына сіңіру мақатында Нұр-Сұлтан қаласында ең алғашқы «экологиялық театрын» іске қостық. Эко-театр жас көрермендеріне тұрмыстық қалдықты бөліп тастау тақырыбында қойылымдар мен қоршаған ортаны қорғауға қатысты интерактивті түрде шеберлік сабақтарын көрсетеді. Сондай-ақ, инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында театр қабырғасында «Эко-шеберхана» әлеуметтік жобасы іске қосылды. Ол жерде балалар ескі тұрмыстық электр техникасын бөлшектеп, оны қайта өңдеуге жіберуді үйренеді.
- Сұхбатыңызға рақмет. Жұмыстарыңыз жемісті болсын!
Дереккөз: AzattyqRuhy.kz.
Просмотров материала: 4 109