Әкімдер мемлекеттік ақпараттық тапсырысты енді неге өз пиары үшін пайдалана алмайды, қазақстандық жастардың мемлекеттік БАҚ-қа көзқарасы қандай, отандық контент шетелдікпен бәсекелесуге қауқарлы ма – осы және өзге де сұрақтарға ақпарат министрі Аида Балаева жауап берді.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында медиа саланы қандай өзгерістер күтіп тұрғанын айтты.
- Сіз ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің басшылығына келгелі бері ведомствода қандай өзгерістер болды?
- Мен жаңа басшының келуімен қандай да бір мемлекеттік құрылым жаһандық өзгерістерге ұшырауы керек деп санамаймын. Мемлекеттік саясаттың басты қағидасы бүгінде – бұл тұрақтылық, жүйелілік және сабақтастық екенін еске саламын. Менің міндетім – ізашарларым бастаған жобалар мен жаңашылдықтарды жалғастыру, президент жария еткен реформалармен үйлесетін өз бастамаларымды ұсыну, оң дүниелерді жақсартып, кем-кетіктерді түзету.
Егер қазір барлық өзгеріс туралы сөз қозғасақ, онда тағы бір есептік кездесу болып кетеді (ақпарат және қоғамдық даму министрінің есептік кездесуі 26.05.2021 ж. өтті – автор ескертп.). Бірақ басты өзгерістер – бұл мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың реформалануы, ақпараттандыру және азаматтық қоғам саласында жаңа заңдардың қабылдануы, журналистерді оқыту жобалары және тағы басқа.
Десе де ең маңыздылардың бірі саналатын және ақпарат саласын дамытуға ғана емес, әлеуметтік құрамы бар, ұлттық қауіпсіздіктің кейбір мәселелерін шешетін бір жұмысты атап өткім келеді. Нақтырақ айтсақ, 2021 жылдың соңына дейін Қазақстанның шекара маңы өңірлерінде 107 радио таратқыш орнатылады. Бұл Qazaq radiosy мен Шалқар радиосының хабар таратуына мүмкіндік береді. Соның арқасында 630 мыңнан астам халқы бар, Түркістан, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының шекара маңы аумағындағы 400-ден аса ауыл отандық радионы тыңдайды. Ал жалпы Жол картасын жүзеге асыру аясында 2025 жылға қарай шекара маңы өңірлерінде тұратын халықтың 95%-і радиобағдарламалармен қамтылады.
Бұл өңірлерде ұзақ жылдар бойы тек қытай, ресей және өзбек радиосы хабар таратқанын ескерсек, шекаралас аумақтарды отандық радиосигналдармен қамту жобасы стратегиялық маңызға ие.
- Жақсы, енді рет-ретімен. Сіз бір сұхбатыңызда Қазақстанда "отандық медиа кадрларының біліктілігі төмен" екенін айтып қалдыңыз. Министрлік бұл проблеманы қалай шешуді көздеп отыр?
- Жасыратын несі бар, соңғы жылдары тек Қазақстанда ғана емес, көптеген әлем елдерінде кәсіби БАҚ шетте қалып қойды. Сұраныстың жоқтығы көзге ұрып тұрды, мұның себебін журналистердің өзі де жете түсіне алмады. Журналистер мамандығын тастап, басқа салаға кетуге мәжбүр болды – фриланс, пиар, блогер. Мен талай рет айттым және тағы да қайталаймын: кәсіби журналистика – таңдаулылардың, өз ісіне жанашыр, батыл және мықты адамдардың кәсібі. Және біз оған ең құрметті мамандықтардың бірі деген мәртебені қайтаруға міндеттіміз.
Сол себепті біз бірқатар шара қабылдадық, олардың арасында бейінді факультет түлектерінің деңгейін көтеру, жұмыс істейтін кадрлардың біліктілігін арттыру және салалық, өңірлік журналистиканы дамыту.
Қазір пандемияға байланысты туындаған кейбір қиындықтарға қарамастан, біз бейінді жоғары оқу орындарымен (Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина универсиеті - автор) етене ынтымақтаса жұмыс істеп жатырмыз: студенттерге елдің үздік редакцияларында практикадан өтуге мүмкіндік береміз, отандық және Түркия, Ұлыбритания, Ресей сияқты шетелдік журналистиканың корифейлерімен семинар өткіземіз.
Жыл басынан бері медицина, діни және экология журналистикасы бойынша үш оқыту курсы өткізіліп, елдің барлық өңірінен 4 мыңға жуық адам қамтылды. Бұл болашақта кеңейтіліп, жетілдіретін ұзақ мерзімді жобалар.
- Қазақстанда жыл сайын 34 жоғары оқу орнынан мыңнан аса журналист түлеп ұшады. Алайда соның тек 60%-ке жуығы ғана өз мамандығы бойынша еңбек етеді. Түлектердің жартысына жуығы өз мамандығын тастауына не себеп?
- Журналистика факультетіне көбі арман қуып түсетінін ескерсек, бұл жан ауыртатын мәселе. Түлектердің жартысына жуығының жұмысқа орналаспауы бізді өте қатты мазалайды.
Бұл мәселе жоғары оқу орындарының басшылық құрамымен және отандық БАҚ-пен кездесулерде талай рет көтеріліп, талқыланды. Тәжірибе мен пікір алмасу қорытындысы бойынша студенттерді өндірістік процеске көбірек тартып, практикалық дағдыларын дамыту қажет деген тоқтамға келдік.
Медиа саланың мамандарын оқыту жөніндегі арнайы жоспар аясында отандық БАҚ-та тәжірибе мен тағдылымдама ұйымдастыру жоспарланып отыр. Аталған жұмыс мемлекеттік БАҚ және жоғары оқу орындарымен бірлесіп жүргізіледі.
Бұған қоса, жоғары оқу орындарымен бекітілген меморандум аясында студенттер арасында оларды келешекте жұмысқа орналастыру мақсатында кәсіптік-бағдарлық жұмыс жүргізу қарастырылып отыр.
Біз тек осылай ғана түлектердің сұранысы мен ынта-ықыласын арттырамыз.
- Қазақстанда көне республикалық газеттер "Егемен Қазақстан" мен "Казахстанская правда" біріктірілді. Оларды қаржыландыру қаншалықты азаяды, штат қысқара ма? Қазақстанда тағы қандай газет немесе БАҚ біріктіріледі?
- Оңтайландыру әбден пісіп-жетілген шешім болды. Қазіргі таңда "Казахстанская правда" АҚ-ны "Егемен Қазақстан" АҚ-ға қосу жұмысы аяқталды. Аталған БАҚ-ты қаржыландыруды қысқарту жоспарда жоқ, бірақ штат саны оңтайландырылды.
Газеттерді біріктірудегі мақсат – қолда бар ресурстарды сапалы және сандық жағынан пайдалануға мүмкіндік беретін бірыңғай база құру және тақырыптық бағытты жүйеге келтіру.
Одан кейін "Қазақ газеттері" ЖШС-ны "Егемен Қазақстан" РГ" ЖШС-ны қосу арқылы қайта құру жоспарланып отыр.
Осылайша оңтайландыру шаралары мемлекеттік баспа басылымдарына, соның ішінде жаңа бірлескен жобаларды бірге жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
- Ақпараттық тапсырысты қалыптастырудың мықты және әлсіз тұстары қандай?
- "Ұнайды" және "қажет" деген ұғымдар бар. Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс – халыққа маңызды ақпарат жеткізу үшін қажет шара. Бұл кейбір БАҚ-қа қызықсыз болуы мүмкін, алайда халық мемлекеттік бағдарламалар, жеңілдіктер және тағы басқа реформалар туралы білуге тиіс. Сол себепті мемлекеттік тапсырыс, ең алдымен, халық мүддесі үшін жасалады.
Сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында ақпарат саласындағы жаңа жобаларға қолдау көрсетілетінін де түсіну керек. Бұдан бөлек, отандық продакшн-индустрияға ақша құйылады. Ал бұл бәсеке артып жатқан нарықтың дамуына оң әсер етеді.
Тағы бір оң өзгеріс – шетелдік контентке тәуелділіктің азаюы. Бұған қоса, мемлекеттік емес БАҚ-қа ақпараттық тапсырыс аясында бөлінген қаржы ішінара мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған. Ал бұл мемлекеттік тілде көрсетілетін телехикаялар мен деректі фильмдер, түрлі жобалардың санын арттырады.
Мемлекеттік тапсырыстың әлсіз тұсы – республикалық және өңірлік деңгейде бірыңғай мемлекеттік ақпараттық саясаттың жоқтығы. Бірақ біз заңнаманы жетілдіріп, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында жаңа әдістер әзірледік. Мысалы, республикалық және өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық тапсырыс қалыптастырудың бірыңғай әдісі енгізілді.
Яғни, мемлекеттік ақпараттық тапсырыс орталықтан бөлініп, оны ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қадағалайды. Бұл бірыңғай тақырыптық бағытты ұстануға, өңірлерге қаржының тең бөлуіне сеп болып, конкурстарға біліксіз компаниялардың қатысуына жол бермейді.
Мәселен, әкімдер енді өз пиары үшін конкурс жариялау мүмкіндігінен айырылады. Немесе, мысалы, сыбайлас жемқорлыққа мейлінше тосқауыл қойылады – өңірлерде еншілес компанияларды мемлекеттік ақпараттық саясатқа шығара алмайды.
Біздің міндет мемлекеттік ақпараттық тапсырысты барынша ашық әрі тиімді ету, біз әзірлеген шаралар осы мақсатқа жетуге көмектеседі.
- Сіз пікіріңізше, Қазақстан жастары мемлекеттік БАҚ-қа, мемлекеттік ақпараттық саясатқа қалай қарайды?
- Біз жыл сайын "Қазақстан жастары" ұлттық баяндамасын әзірлейміз. Онда түрлі саладағы жастардың жағдайына талдау, жастар саясаты саласындағы зерттеулер қорытындысы, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарына арналған ұсыныстар қамтылады.
"Қазақстан жастары – 2020" ұлттық баяндамасының мәліметінше, жастардың 61,5%-і жаңалықтар мен оқиғаларды әлеуметтік желілер мен блогтардан біледі. Дереккөз ретінде қазақстандық интернет сайттар (33,3%) шетелдік интернет-сайттармен (14,9%) салыстырғанда жоғары танымалдыққа ие. Сауалнамаға қатысқандардың 39,1%-і үшін қазақстандық республикалық арналар жаңалықтардың негізгі көзі саналады. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамуы мүмкіндіктерді кеңейтеді, сонымен бірге жастардың сыни ойлауын, ақпараттың шынайылығын тексеру қабілетін дамыту мәселесін өзектендіреді.
Барлық саяси жаңалықтардың арасында жастар Қазақстандағы саяси ахуал туралы ақпаратқа жиі қызығады (47,6%). Өзі тұратын өңірдегі саяси оқиғаларға 26,2%, әлемдік саяси оқиғаларға – 24,6%, Ресей және Орталық Азия саясатына - 5,1% және 2,6%-і қызығушылық танытады.
Интернеттің кеңінен таралуы ақпараттың баламалы арналарының дамуына ықпал етеді. Бір қызығы бұл жағынан әлеуметтік желілер мен блогтар қатты танымал: жастардың 60%-тен астамы Қазақстандағы жаңалықтар мен оқиғалар жайлы содан біледі екен. 33,3%-і қазақстандық интернет ресурстарды, 39,1% - қазақстандық республикалық арналарды, 11,3 % - өңірлік каналдарды қарайды. Осылайша, елдегі оқиғалардан хабардар болып отырады, ақпараттық кеңістікте интернеттің, әсіресе әлеуметтік желілер мен блогтардың маңызы зор.
- Осы фактіні ескерсек, жастар ресми дереккөздерден маңызды әрі дұрыс ақпаратты алуы үшін мемлекет оларға өз позициясын қалай жеткізуі керек? Мүмкін, бірінші басшылардың әлеуметтік желідегі белсенділігін арттыру қажет шығар?
- Бұл біз үшін өте өзекті мәселе және ол тек жастарға ғана емес, бүкіл халыққа қатысты. Өткен жылы жаздың соңында біз үш жобаны іске қостық. Олар ресми ақпаратты үш бағытта жеткізуге бағытталған: жалған ақпаратты ресми түрде жедел жоққа шығару, мемлекеттік бағдарламалар туралы мәлімет беру және мемлекеттің қоғамның әлжуаз топтарына, жастарға көрсететін қолдауы мен жеңілдіктерін, мемлекеттік саясатты түсіндіру.
Бірінші мәселе бойынша stopfake.kz сайты ашылды, ол жайлы естіген де шығарсыз (оның көмегімен қазіргі таңда ресми органдар 1300-ден астам фейкті жоққа шығарды).
Екінші бағыт бойынша gosprogram.kz Мемлекеттік бағдарламалар порталы іске қосылды. Онда барлық мемлекеттік бағдарламаның мәні қысқа әрі нұсқа, инфографика түрінде түсіндіріліп қана қоймайды, оған қатысу, кредит алу, мемлекеттік бағдарлама аясында оқу шарттары жайлы графикалық, мәтіндік, аудио және видеонұсқаулықтар да ұсынылады. Бұған қоса, одан бағдарламаларды жүзеге асырудың аралық нәтижелері, игерілген бюджет қаржысы, жүзеге асыру кестесі және әлеуметтік тиімділігі туралы ақпаратты табуға болады.
Мемлекеттік және жергілікті ақпараттық органдардың жұмысы туралы ресми ақпаратты, президент жолдауын, ресми мәлімдемелер мен баспасөз хабарламаларын түсіндіру үшін gossmi.kz мемлекеттік БАҚ порталы жұмыс істейді. Қазіргі таңда маңызды әрі өзекті ақпаратты ұсыну кезінде үйлесімді жұмыс және кумулятивті әсер үшін мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік БАҚ порталдары біріктіріліп жатыр.
Алайда бұл ресми ақпарат алуға болатын ақпараттық ресурстар ғана, бұл жерде әлеуметтік желілерде отыру факторы да өте қажет. Бүгінде көптеген ведомство мен олардың бірінші басшыларында, тіпті мемлекет басшысында әлеуметтік желілерде белсенді парақшалары бар. Соның арқасында халық ресми ақпаратты бірінші басшының өз аузынан естиді, анонимді пабликтер мен басқа да күмәнді дереккөздерге еріп кетпейді. Бұл тұрғыда бірінші басшылардың қарапайым халыққа ашық болуы өте маңызды және саяси истеблишменттің жаңа буынын тәрбиелеуге өздері үлгі көрсетуі керек.
- Қазақстандық жастар арасында Salem Social Media жобасы пікірталас туғызды. Кейбірі онымен жұмыс істеуден бас тартуда, өйткені оның мемлекеттік жоба екеніне, негізгі мақсаты қоғамда наразылық көңіл-күйді төмендету екеніне сенімді. Бұл жобаның міндеті қандай?
- Істің байыбына бармай жатып, қорытынды шығаруға болмайды деп ойлаймын. Аталған жоба белгілі бір мақсатты аудитория арасында өте танымал. Мемлекеттің қатысуына қатысты айтар болсақ, ақпарат министрлігі тарапынан бұл жобаға еш қаржы бөлінбейтінін сенімді түрде мәлімдеймін.
- Министрлік аккредитацияның жаңа ережелері журналистердің құқықтарын шектеуді көздемейтінін мәлімдеді. Алайда іс жүзінде модераторлар, мәселен, Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "ыңғайсыз" сұрақ қоятын журналистердің микрофонын сөндіріп тастайды. Мұндай жағдайлар туралы не айтар едіңіз? Өйткені шенеуніктер өз құзыреті аясында журналистердің кез келген сұрағына жауап беруге дайын болуы тиіс емес пе?
- Бұл мәселе өте маңызды және өзекті, көп дау туғызады. Алайда жүргізуші шараға қатысатындардың тақырып, уақыт регламентін және қоғамдық тәртіпті сақтауын қамтамасыз етуге тиіс. Кейде бұл баспасөздің наразылығын туғызады, бірақ мұндай жағдайлар бұған дейін де болған.
Әрине, баспасөз мәслихатының тақырыбына келмейтін сұрақтарды қоятын журналист наразылығын білдіре алады, бірақ олар бірен-саран, жүргізуші тақырып пен регламентті сақтау үшін ережелер аясында әрекет етуі керек. Яғни бұл бір журналистің құқығын шектеу емес, тақырып бойынша ақпарат алғысы келетін қалған журналистердің құқығын қорғау.
- БАҚ пен журналистер қызметін реттейтін жаңа заң жобасын әзірлеу жұмысы басталды ма?
- Қазіргі таңда министрлік заңнамалық өзгерістер бойынша бірқатар ұсыныс әзірледі. Олар мүдделі мемлекеттік органдармен талқыланып жатыр.
Аталған жұмыс аяқталысымен тиісті жоба қоғамдық талқылауға шығарылып, журналистер оны жетілдіруге қатыса алады.
- Сіз бір сұхбатыңызда мемлекеттік ақпараттық тапсырыс шетелдік контентпен күресудің жалғыз әдісі деп айтып қалдыңыз. Бүгінде қазақстандық контент шетелдікпен бәсекелесуге қауқарлы ма, атап айтқанда аудитория Netflix, HBO және тағы басқа контенттерді қашан таңдап, көре алады?
- Мемлекеттік ақпараттық тапсырысты жүзеге асырудың басты артықшылықтарының бірі – шетелдік контентті азайту. Өздеріңізге мәлім, жаңа телевизилық контенттің өндірісі дайын шетелдік контентті сатып алуға қарағанда бірнеше есе қымбат.
Осыған байланысты мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында жыл сайын жаңа жобалар жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, отандық продакшн-индустрияға қаржы инвестицияланады, бұл нарықтағы бәсекенің артуына оң әсер етеді.
Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс пен мемлекеттік тапсырма аясында дайындалған өнім өңірлік және коммерциялық арналарға жеңілдікпен берілетінін атап өткен жөн. Бұл телеарна эфиріндегі отандық контенттің үлесіне ықпал етеді.
Халықаралық нарықта сериал түсіру құны біздікімен салыстырғанда бірнеше есе жоғары. Мәселен, украиналық телеканалдар локациясы аз, әртістері танымал емес, диалогтары басым сериалдың бір бөлімін түсіруге орта есеппен 50 мыңнан 70 мың АҚШ долларына дейін жұмсайды.
Ресейлік телеарналардың бір серияға жұмсайтын шығыны 90 мыңнан 600 мың АҚШ долларына дейін құбылады.
Ал отандық нарықта бір серияны түсіру үшін 4 миллионнан 10 миллион теңгеге немесе 10 мыңнан 25 мың АҚШ долларына дейін ақша қажет.
Десе де мұндай бағаға қарамастан отандық телехикаялар шетелдік аудиторияда жоғары сұранысқа ие. Бүгінгі таңда отандық сериалдар мен деректі фильмдер Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан және басқа да елдердің телеарналарында көрсетіледі.
- Қазақстанда бірнеше жыл "Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Ол өзінің көздеген мақсатына жетті ме? "Рухани жаңғыруды" басқа бағдарламалық құжат пен идея алмастыра ма?
- Иә, соңғы жылдары жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша "Рухани жаңғыру" бағдарламасы өзі бағытталған мақсаттарға қол жеткізді деп сеніммен айта аламыз.
Былтыр облыстар, Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент әкімдіктері 30 000 іс-шараға 8 миллионнан астам адам тартты. Халықтың "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыруға қатысудағы үлесі 32,8%-ті құрады, жоспар бойынша бұл көрсеткіш 30% болатын.
Жалпы, халық қазақстандық қоғамның жаңғырумен трансформациясын қолдайды және оң бағалайды. Сарапшылардың пікірінше, "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру кезінде қоғамдық сана өзгере бастады.
Сондай-ақ "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асырудың тиімділігі" тақырыбында жүргізілген әлеуметтік зерттеудің қорытындысы бойынша бағдарламаның алты басты бағытының әрбірі бойынша қоғамда орнықты көзқарас қалыптасқанын мәлімдеуге болады.
Қоғам экологиялық жағдайды жақсартуда азаматтардың рөлі үлкен екенін түсінеді. Бұл халықтың экологиялық санасын жетілдіру үшін экологиялық қозғалыстарды, акцияларды жандандыру қажет екенінің айғағы.
"Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асырудың төрт жылы ішінде демеуші қаражаты есебінен 280 миллиард теңге тартылып, 7 мыңға жуық нысан салынып, жөнделді. Халықты қолдауға 143 мыңнан астам азамат тартылды. Елдегі қайырымдылық мәдениеті "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жаңа серпін алды.
Республика бойынша аталған жобаларды жүзеге асыруға 13 мыңнан аса меценат қатысты.
Өңірлерде мемлекеттік органдар, ҮЕҰ, бизнес пен азаматтардың қатысуымен ауқымды шаралар өткізілді. Қоғамдық сананың жаңғыруына қарай біз айтарлықтай оң өзгерістерді сезініп жатырмыз.
Қазақстан азаматтары өз Отанын дамытуға үлес қосады, әлеуметтік және азаматтық жауапкершілік артып келеді, жоғары оқу орындарының студенттері үздік әлемдік стандарттар бойынша мемлекеттік тілде оқу мүмкіндігіне ие, елдің қасиетті жерлеріне баратын адамдар саны артуда.
Биыл "Рухани жаңғыру" бағдарламасын ұлттық жаңғыру кезеңіне көшіру жол картасы бекітілді. Жоспарланған шаралар мен жобалар жас ерекшеліктеріне сай әзірленді, мақсаты – бағдарлама мазмұнын халықтың түрлі топтарына жеткізу.
- Жаңа кезең нені білдіреді? Жобалардың ауқымдылығын ба, әлде халықтың көбірек қамтылатынын ба?
Ең алдымен, бағдарлама халықты жасы бойынша сараланған түрде қамтиды, әсіресе, бұл өскелең ұрпақ пен жастарға қатысты болады. Яғни, "Рухани жаңғыру" аясындағы жобалар әр жас санатының проблемалары мен мүддесін ескере отырып әзірленеді.
Мазмұнды сұхбатыңызға рақмет.
Просмотров материала: 4 407