Алматы маңындағы құрылысқа қажетті қоспалар мен сусымалы материалдарды тасымалдайтын жүргізушілер наразылық танытты. Жүк көлігімен тұтынушыларға құм-тас жеткізіп беретін жүздеген жүргізуші жиналып, баға саясатына көңіл аударуды талап етті. Карьердің алдына келіп көліктерін тізіп қойған тасымалдаушылар Алматы облысы әкімдігінен монополистерді қатаң қадағалауға алуды сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Айбек Батырханов он жылдан бері жеке көлігімен құм-тас тасымалдап, отбасын асырап жүргенін айтады. Алматы облысы Талғар ауданы Байтерек елдімекені маңындағы карьерде ондаған компания құрылысқа қажетті қоспалар мен сусымалы материалдар өндіреді. Жерді ұңғып алынған шикізаттан щебень, отсев, сникерс және жуылған құм жасап сататын кәсіпорындар соңғы жылдары бағаны сәт санап өсіретін болыпты. "Мұнда 2017 жылы бір жүк көлігі үшін 4 мың теңге төленетін құмға қазір 12 мың теңге төлейміз. Ол тұтынушыға жеткенше, тағы қымбаттайды. Біздің "бұл қалай" деген сауалымызға ешкім жауап бермейді. Алсаң ал, алмасаң қой деген жауап естиміз", дейді көлік жүргізушісі.
Фотода Айбек Батырханов
«Негізі Алматы маңындағы карьерлердің барлығы осы 30 шақырым жердегі Алматы облысы Байтерек ауылында орналасқан. Жүк көліктерінің осында келетін себебі бұл жерден сусымалы материалдар аламыз, яғни құм, тас, щебень сияқты құрылысқа қажетті шикізаттарды сатып аламыз. Көбіне клинеттерге жеткізіп береміз. Мұнда жиналып жатқанымыздың себебі - наразылық таныту. Себебі осы материалдардың бағасы күннен күнге көтеріліп жатыр. Тапшы деген сылтаумен бағаны қымбаттата береді. Егер олар бір күндері шикізатты жерден түрлі себептермен аз өндірсе, біз сияқты тұтынушыға бағаны көтере салады. Осы маңда 10 карьер болса, солар бір-бірімен келісіп, бір сәтте бағаны қымбаттатып жібереді. Сондықтан осы мәселені тиісті органдар қадағаласа деп сұраймыз.
Мысалы 16 тонналық «Хово» автокөлігіне жүк басу 2017 жылы 4 мың теңге болатын, қазір ол 12 мың теңгеге көтерілді. Соңғы рет бір ай бұрын әр тоннасы 1200 теңге тұратын материалдар қазір 1600 теңгеден сатылып жатыр. Одан кейін ірі компаниялар осы жердегі барлық материалдарды сатып алып, оны Алматыға жақын жерге жинап, екі есе бағамен сатып жатыр. Сондықтан осы жерде тапшылық пайда болады. Қарапайым жүргізушілерге материал жоқ болып, сағаттап кезекте тұрамыз»,- деп шағымданды Айбек Батырханов.
Жиналғандардың айтуынша, осындай құрылыс материалдарын сатып алатындар - қарапайым тұтынушылар. Яғни үй салып жатқан жұрт. "Ондай адамдарға біз бағаны көтерсек, ренжиді. Шынымен де обал. Онсыз да барлық тұтыну заттары күннен күнге қымбаттап, жан-жақтан қымбатшылық қысып отырғанда, осындай жердің байлығынан ат төбеліндей адамдардың дәулетке кенеліп отырғаны қынжылтады. Тиісті органдар қайда қарап отыр. Бұл халықты қанау деп ойлаймыз. Әркім өз қалауымен бағаны көтере берсе, заң қайда", дейді бастамашыл топ өкілдері.
Тағы бір көлік жүргізушісі Ғалым Оспанов халықтың жанайқайын естіп, жүк көлігін айдап жүрген жігіттер жиналуға мәжбүр болдық, дейді. Үлкен-үлкен карьерлерде қарапайым халыққа құрылыс қоспаларын бермей отыр. Ірі кәсіпкерлерге бұл бизнес қолайлы шығар. Алып сатады. Ал жеке тасымалдаушылар үшін бұл қолжетімсіз болып қалды. Сондықтан біз бұған назар аударуды сұраймыз. Осында тұрған жігіттер қарапайым халық өкілдері. Олар да үй салып жатыр. Қазір құрылыс маусымы жүріп жатыр. Былтыр 35 тонналық көлікке сиятын құм 35 мың теңге тұратын, қазір 80 мың теңгеге дейін көтеріп отыр. Оған кімнің шамасы келеді? Алмайдымғой. Ортада біз сияқты жүк тасымалдаушылар ыңғайсыз жағдайға қаламыз, дейді Ғалым Оспанов.
«Көктем басталғалы, сәуір айынан бері бағаны бірнеше есеге көтеріп тастады. Қажетті материал алу үшін 1,5-2 сағат кезек күтеміз. Бірінші үлкен компанияларға тиеп береді. Алматы облысының айналасында құрылыс көп салынып жатыр. Бұл іске мемлекет араласып, шешуі керек. Жер халықтың игілігіне жұмыс істеуі керек емес пе? Жекелеген адамдар тас-құмды гектарлап сатып алып, өз қалтасын ғана ойлап жатыр. Осы кәсіп арқылы бес-он теңге тауып, отбасын асырап жүрміз. Талабымыз - құрылыс қоспаларының бағасын реттесін. Монополистер ойларына келгенін істемеу үшін Алматы облысы әкімдігі, бергі жақтағы Талғар ауданы басшылары бұл іске араласуы керек. Біз осыны сұрап келдік»,- деді жүргізуші.
Наразы топтың талабын тыңдаған карьер басшысы да баға саясатының нарыққа тәуелді екенін түсіндіруге тырысты. Байтерек ауылындағы ең ірі «Кентас» құм - тас компаниясының өкілі Михаил Гусев жанар-жағармай мен өндіріске қажетті металл бағасының күннен күнге қымбаттап жатқанын алға тартты. Оның айтуынша, жерден құм-тас өндіру үшін марганец пайдаланылады. Оны өндірушілер Қытайдан тасымалдайды.
«Өнімнің өзіндік бағасының көтерілуімен байланысты осындай қадамға барып отырмыз. Электр энергиясы, соляркаға баға көтерілді. Сосын металл бағасы да 40 пайызға қымбаттап кетті. Біздің индустрия металмен тікелей байланысты. Қайта өңдеуге метал қолданамыз. Марганецті пайдаланамыз. Оның барлығы шетелден жеткізіледі. Қанша бағаны ұстап тұрайық деп тырысқанымызбен, қажетті шикізат пен өнімге арналған қондырғылардың құны қуып жеткізер емес»,- деп ақталды компания басшысы.
Карьерден құрылысқа қажетті қоспалар мен сусымалы материалдарды өндірумен айналысатын кәсіпорын өкілдері алдағы күндері бағаның тағы да көтерілуі мүмкін екенін айтады. Себебі тек соңғы бір айда солярка бағасы 22 теңгеге өскен. Ал былтыр ауыр жүк көліктеріне арналған бір дөңгелек 105 мың теңге тұрса, қазір 155 мың теңгеге қымбаттаған. Мұның барлығы кедендік баж салығымен байланысты. Сондықтан құм-тас үшін бағаны ұстай алмай отырмыз. Оның үстіне жұмысшыларымыз да жалақыны көтер деп жиі-жиі талап қояды. Нарық қалай жылжиды, біз де солай жылжуға мәжбүрміз, деп жауап қатты.
Оқиға орнына құзырлы орган өкілдері келген жоқ. Жүргізушілер Алматы облысы әкімі мен Талғар ауданы әкімдігіне жазбаша үндеу жолдап, құрылыс материалдарына қатысты баға сяасатын реттеуді талап етуді жалғастыратындарын айтты.
Просмотров материала: 711