Банктің атын жамылып, қазақстандықтардың зәресін алып хабарласатын алаяқтар көбейіп кетті, деп хабарлайды AzattyqRuhy.kz.
«Алло? Сәлеметсіз бе, мен банк қызметкерімін. Kaspi банктен хабарласып тұрмын. Жеке шотыңызға алаяқтық әрекеті жасалды, шұғыл тексеріңіз!» деп, адамның зәре-құтын қашырып телефон шалушылар көбейіп кетті. Бұл – соңғы күндері қазақстандықтар тарапынан ең көп тіркелген шағым. Осы ретте, Azattyq Rýhy тілшісі банк атын жамылған алаяқтардың өтірігін әшкерелеген алматылықпен сөйлесті.
БІРІНШІ КҮДІК – ТЕЛЕФОН НӨМІР «ШЕТЕЛДІК»
Осыдан бірер күн бұрын 1 млн теңгеге алданып қала жаздаған алматылық тұрғын Динараның айтуынша, бірден күдік туғызған жағдай – «банк қызметкерімін» деп хабарласқан адамның телефон нөмірі. Өйткені, ол әдеттегі қазақстандық мобильдік операторлардың телефон нөміріне мүлдем ұқсамайды.
«Маған белгісіз телефон нөмірі хабарласты. Бірден, басқа елдің операторы екені көрініп тұрды. Мен «кодтар генерациясымен» жұмыс істегенмін. Оларда «генерация жүйесі» бар деген ойға келдім. Ең бастысы «+7» деп бастай салған. Ал шын мәнінде әрі қарай өтірік нөмір екені білініп тұр. Бірден айтатыны: «Алло? Сәлеметсіз бе, мен банк қызметкерімін. Kaspi банктен хабарласып тұрмын. Жеке шотыңызға алаяқтық әрекет жасалды, шұғыл тексеріңіз!» деді. Одан кейін белгісіз біреудің менің шотымнан 1 млн теңгені несие ретінде алғанын айтты. Проценті өспес үшін және шотыңды одан әрі қолданғанын тоқтату үшін мобильді қосымшаны жүктеп, жеке мәліметтерді толтыруды талап етті», - дейді Динара.
КҮДІКТІ ЕКЕНІН ТАҒЫ ҚАНДАЙ БЕЛГІЛЕРІНЕН БІЛУГЕ БОЛАДЫ?
Динараның айтуынша, бәрін салқынқанды қабылдап, мұқият тыңдасаң, «банк қызметкерінің» өтірік айтып тұрғанын бірнеше сөзден байқауға болады.
«Біріншіден, әдетте Kaspi банктен хабарласқан қызметкер бірден аты-жөнімді айтатын. Екіншіден, банктің қай бөлімшесінен хабарласып тұрғанын сұрадым. «Наурызбай батыр, 154а» деген сөзді Қазақстандағы орыстілділердің өзі дұрыс айтады. Ал ол «Батыра» деген жерін қате айтты, оны тыңдағанда байқайсыз. «Қай қабатта, қай кабинетте» деп сұрасам, «124-бөлме, 3-қабат» деп ойдан құрай салды. Бұл да шындыққа жанаспайды. Бізде «бөлме» емес, кабинет және 3-қабат болса, кабинеттер үш деген цифрдан басталады емес пе? Үшіншіден, хабарласқан адам ұялы телефоныма мобильді қосымша жүктеуімді және оған менің паспорттағы мәліметтерімді толтыруымды өтінді. Демек, олар Қазақстанда негізінен жеке куәлік қолданатынымызды білмейді. Төртіншіден, мен ол кісінің аты-жөнін сұрадым. «Омар Байдаров» деді, артынан «Амар Байназар» деді, яғни, қазақша атқа ұқсатқысы келді. Ол жерде де ұсталды», - дейді Динара.
АДАМНЫҢ ЗӘРЕСІН АЛЫП, АСЫҚТЫРУ – ОЛАРДЫҢ «СЦЕНАРИЙІ»
Алматылық тұрғынның айтуынша, ай-күннің аманында хабарласқан «Амар» есімді банк қызметкері бірден Динараның зәре-құтын қашырмақ болған.
«Олардың схемасы немесе «сценарийі» - зәреңді алу, одан кейін – асықтыру. Қорыққан адам шотындағы ақшасын қорғау үшін, ол айтып тұрған мобильді қосымшаны жүктеп, карта номерін, аты-жөні мен жеке деректерін бірден толтыра салады. Әсіресе, біздің ата-аналарымыз, біраз жасқа келіп қалған азаматтар «банк шотыңызды біреу тонап жатыр, қорғау керек» десе, бірден сенеді. Ал мен олардың «сценариін» бұздым. Қайта-қайта қоңырауды өшіріп, «тез сөйлеңіз, маңыздысын айтыңыз» деп, өзінің зәресін алдым», - дейді сұхбат беруші.
Динара сөзі нанымсыз «банк қызметкерінің» қоңырауын төрт рет өшіріп тастаған. Соңында ол ашуланып, асықтырған Динараның айласына қалай түсіп қалғанын білмей, телеграмдағы ресейлік орыс әйелдің нөмірінен хабарласып, балағат сөз айтып кеткен.
«ОЛАР СЕНІҢ АТЫҢНАН НЕСИЕ РӘСІМДЕЙДІ»
«Алаяқпен сөйлесіп біткен соң, ютубтан бір видеоролик көрдім. Олар мобильді қосымшаны жүктетіп, ол жерде «Поддержка» деген бөлімде барлық жеке мәліметті жазғызады екен. Картаның артындағы CVV-кодты, парольді де енгіздіреді екен. Бұл – шпиондық бағдарлама. Олар қай батырманы бастың, қалай енгіздің – бәрін көріп тұрады. Содан кейін сенің жеке мәліметтеріңді алып, сенің атыңнан несие алады. Ақшаны өздері алады, ал несие сенің мойныңда қалады. Схемасы осы», - дейді Динара.
30 жастағы алматылық алаяқпен арада болған әңгімені жазып алған. Хабарласқан нөмірлерді де сақтап қойған. Динараның айтуынша, қоңырау шалған – Ресей азаматы. Алайда, ол ақша ұрланбағандықтан, полицияға хабарласуды қажет деп таппаған. Мұның бәрін айтудағы ниеті – өзге қазақстандықтардың алаяққа алданып қалмауы.
Бұған дейін, қазақстандықтар отандық банктерден хабарласып, неше түрлі тақырыпта шындыққа нанымсыз ақпарат айтылатыны туралы әлеуметтік желілерде жазған.
Сол себепті кеше қазақстандық 11 банк азаматтарға бірлескен үндеу жариялады.
Өз үндеуінде Kaspi.kz, Сбербанк, Halyk Bank, Нұрбанк, ВТБ Қазақстан, ForteBank, Jýsan Bank, AltynBank, Банк Хоум Кредит, Еуразиялық банк және Альфа-Банк Қазақстандағы тіркеліп жатқан алаяқтық схемалары туралы айтып, клиенттерден қырағы болуды сұрап, бірқатар қажет ақпаратты ұсынды.
Алаяқ қоңырау шалса не істеу керек?
Алаяқпен сөйлеспеңіз. Телефон қоңырауын өшіре салыңыз. Шоттағы ақшаны тексеріңіз. Егер сұрақтарыңыз болса, банктің байланыс орталығына қоңырау шалыңыз.
Ешкімге айтпау керек:
Мобильді қосымшадағы немесе интернет-банкингтегі жеке кабинетіңіздің құпиясөзі.
Картаның деректемелері: нөмірі, қолданылу мерзімі, CVV/CVC-коды (картаның артқы жағындағы үш таңбалы код).
Жасалатын операцияны растау үшін SMS-код: төлем, аударым және т. б.
Бұл ақпаратты адам банк қызметкері болып көрінсе де, банк нөміріне ұқсас нөмірден қоңырау шалса да айтуға болмайды. Банктің қызметкерлері бұл туралы ешқашан сұрамайды. Мұны тек алаяқтар жасайды.
Орнатпау керек:
Олар ұсынған мобильді қосымшаны орнатпаңыз.
Хабарлама белгілі банктің немесе компанияның атынан келген болса да, сілтемелерге өтпеңіз. Сілтемені басу арқылы сіз алаяқтарға банк шоттарынан ақшаңызды ұрлауға көмектесетін зиянды компьютерлік вирусты іске қосуыңыз мүмкін.
Толтырмау керек:
Жеке деректері бар сауалнамалар. Егер сіз сілтеме бойынша өткен болсаңыз, сауалнамаларды ешқашан толтырмаңыз, сауалнамаларға қатыспаңыз, өзіңіз туралы ақпаратты қалдырмаңыз. Нақты акциялар мен ұтыс ойындары туралы білу үшін ақпаратты банктердің ресми сайттарынан немесе әлеуметтік желілердегі беттерден оқыңыз.
Просмотров материала: 1 681